Қостанай облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына үміт артушылар көп
Қостанай облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға 1200-ден астам адам өтініш берген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Сәуірде жүзеге асырыла бастайтын жобаның мақсаты ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, кәсіпкерлікке тарту. Бұл үшін 1 миллиард 600 миллион тенге бөлінді. Жетпей жатса қосымша бюджеттік тапсырыс беріледі. Мейлінше жеке ісін ашқысы келетін ауыл адамдарын көбірек қамту көзделіп отыр. Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі, шағын несиенің жылдық проценттік мөлшерлемесі небары 2,5 процент. Шарттары да тиімді, қолжетімді. Ресми мәлімет бойынша, облыста табысы, төменгі күнкөріс денгейіне жетпейтін 6 мыңға жуық адам бар екен. Бұл бағдарлама негізінен соларға арналған. Ал бүгінгі күнге дейін өтініш бергендердің дені мал өсіруге ниетті.
Орал Нұрғазин, Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
– “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша шағын несие алуға 1207 адамнан өтініш келіп түсті. Оның 922-сі ата кәсіппен айналысуға мүдделі. 15-сі кооператив жасақтауды мақсат етіп отыр. 37 адам егін егіп, бау-бақша өсірем десе, 233 адам ауылда жеке ісін ашпақ. Әзірге олардың үштен бірі ғана несиелеуге толық құжаттарын тапсырды.