Кісінің жеке бас дерегі: АШМ латифундистердің аты-жөні неліктен жарияланбайтынын түсіндірді
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов латифундистердің аты-жөнін қандай жағдайда жариялай алатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Қазақстандағы ең ірі латифундистің иелігінде неше гектар жер бар? Космомониторинг неге халық үмітін ақтамай жатыр?» – деп сұрады журналист Astana Hub ғимаратында өткен брифингіде.
Министрдің орынбасары бұл сұраққа жанама жауап беріп, нақты мәлімет беруден жалтарды.
«Латифундист деп көп көлемде жер алып, оны игеріп немесе жалға беріп отырған тұлғаларды айтуға болатын шығар. Бұл жерде біреудің атын атап, кінәламай-ақ қояйық. Бұған дейін бір тұлғаға 100 мың гектардан астам көлемде жер берілетін болған. Қазіргі таңда ондай ірі көлемде жер алу процестері тоқтатылған. Заңды тұлға 52 мың гектардан, жеке тұлғалар 35 мың гектардан артық жер ала алмайды. Сондай норма бекітілген. Кезінде үлкен көлемде ауыл шаруашылық мақсаттағы жерді басып қалып, елге бермей жатыр деген мәселе көтерілді ғой. Сол проблемалар қайталанбас үшін осы норманы енгізгенбіз. 5,4 млн гектар жер Үкімет меншігіне қайтарылғанын білесіз. Соның ішінде латифундистерге жатқызылған адамдардың да жері болды», — деді вице-министр БАҚ өкілінің сауалына берген жауабында.
Оның айтуынша, латифундистерден қолданылмай жатқан немесе дұрыс қолданылмаған жер телімдері ғана қайтарылады.
Ал заңның қазіргі талабы бұрын беріліп кеткен жер телімдеріне жүрмейді.
«Кімнің атында неше гектар жер бар екені туралы арнайы ашық карта бар. Сол ресурстан жердің кадастры мен иесінің бизнес сәйкестендіру нөмірі арқылы көруге болады. Мемлекет меншігіндегі жер телімдерін jerkarta.gharysh.kz сайтындағы ашық деректе жарияладық. Сол арқылы қай жердің кімнен қайтарылғанын көруге болады. Негізі ол жерде кісінің аты-жөні – жеке бас дерегі саналады ғой. Бірақ мемлекеттің меншігіне қайтару керек деген соттың шешімі жарияланған жер телімдерінің бұрынғы иелерінің бизнес сәйкестендіру нөмірі мен жеке сәйкестендіру нөмірлерін көрсеттік. Ал әкімдікпен мәмілеге келіп, өз еркімен жерін қайтарғандардың жеке деректерін көрсете алмаймыз. Өйткені жерді қайтарған кезде қойған талаптарының бірі сондай болды. Бұған дейін беріліп кеткен жерлердің жалға алу мерзімі бар. Заңның қазіргі талабын оларға қолданайық десек те, бізде Конституция бар, заң бар, нормалар бар. Оларға қайшы келе алмаймыз. Сондықтан үлкен мөлшерде беріліп кеткен телімдерді игеріп жатса, заң бойынша әрі қарай жұмыс істеуі керек. Егер игерілмей жатса, қайтару мәселесі көтеріледі», — деді Бағлан Бекбауов.