Қазақстандық аграрийлер отандық ауыл шаруашылығы техникасын таңдайды
Қазақстан дүние жүзіндегі дәнді дақылдарды өндірушілердің бірі болып табылады, оның жалпы егістік көлемі 24 млн гектардан астам, ал дәнді-бұршақты дақылдар 15 млн гектардан асады. Осындай көлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қамтамасыз ету үшін ауыл-шаруашылық машиналары мен жабдықтарынсыз жұмыс істеу мүмкін емес, «АгроИнфо» АА Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша тракторлардан 149,8 мың дана, комбайндардан 38,6 мың дана, егіс кешендерінен 5,1 мың дана, сепкіштерден 76,3 мың дана, түрлі топырақ өңдеу техникаларынан 219,1 мың дана бар.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасының бүкіл паркінің орташа тозуы жоғары болып қалуда, 76% құрайды. Технологиялық жаңару қарқыны 6-8% болса, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудың нақты көрсеткіші 2023 жылы 4,5% құрады.
Дегенмен, жаңару көрсеткіші 2%-дан аспайтын өткен жылдармен салыстырғанда жағдай жақсарды. Жаңарудың екі есе артуы агроөнеркәсіптік кешен мен фермерлерді мемлекеттік қолдау шараларының арқасында орын алды.
Жаңа ауыл-шаруашылық техникасын алудың жаңару қарқынын арттыру кезеңі отандық агротехниканың дамуымен сәйкес келеді, бұл осы көрсеткіштер арасындағы байланысты көрсетеді.
Бүгінде отандық тракторлар мен комбайндар шығаратын зауыттар бұл техникаға ішкі қажеттілікті толығымен қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, соңғы жылдары сатып алынған тракторлар мен комбайндардың 80%-дан астамы Қазақстанда жасалған.
Республикада қуаттылығы 11 а/к-нен 575 а/к-не дейінгі әр түрлі тракторлардың оннан астам маркасы мен жүз жиырма моделі мен модификациясы шығарылатын сегіз зауыт бар.
Сондай-ақ, әртүрлі қуаттылықтағы астық және жем-шөп жинайтын комбайндардың алты маркасы мен он сегіз моделі мен модификациясы шығарылады.
Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы машина жасау саласы өзінің негізгі көрсеткіштерінің серпінді дамуын көрсетті. Мәселен, 2020 жылы астық жинайтын комбайндар мен тракторлардың өндіріс көлемі 3 549 дананы құраса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда астық жинайтын комбайндар мен тракторлардың 6 400-ден астам данасы өндірілген, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1,8 есе жоғары.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жұмыстарының әртүрлі түрлеріне арналған аспалы және тіркемелі аспаптар мен жабдықтардың қолданыстағы өндірісін атап өткен жөн. 10-нан астам кәсіпорын бүгінде топырақ өңдеуге арналған техника, егіс техникасы, бүріккіштер, астық және тұқым тазалайтын құрал-жабдықтар, жем-шөп жинайтын техникалар, тіркемелер, егін жинайтын техникалар, мал шаруашылығына арналған құрал-жабдықтар шығарады.
Мұндай өндірістердің болуы экономикаға әсер етіп, мультипликативті нәтиже беретінін атап өткен жөн, мұнда 5 мыңнан астам адам осы және онымен байланысты салаларда жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы техникасын дамыту, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту және жаңаларын ашудың арқасында отандық өнім қазақстандық диқандардың сұранысына ие болды. Агроөнеркәсіп кешенінің алдағы жылдардағы өзекті мәселесі ескірген ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту. Сондықтан, отандық ауыл шаруашылығы машиналарын, машиналары мен жабдықтарын өндіру көлемі жыл сайын өсіп, елдің ішкі сұранысын өтейтін болады.