Қазақстанда зәйтүн мен банан өсіру жобалары кеңейтілуі мүмкін

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстан аумағында зәйтүн мен банан өсіру жобаларына қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Ирина Галушко / Kazinform

Оның сөзінше, Түркістан облысында мың тоннаға жуық банан өндіруге бағытталған инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл Қазақстан Республикасына импортталатын жалпы бананның шамамен бір пайызын құрайды.

«Қазіргі кезде баға конъектурасын, өнімді жеткізу шығындарын ескере отырып, бұл банан құны ішкі нарықтағы бағамен бәсекеге қабілетті болуы мүмкін. Тіпті, елімізде өсірілген осы өнім жылдам сатылып кетеді деген жарнама айтылып жатыр, яғни ірі сауда орындары ірі көлемде алуға мүдделі екен. Мәселен, Ресей Федерациясы біздің климаттық жағдайда жеке компанияның банан сияқты бәсекеге қабілетті өнім өсіруі тәжірибесіне назар аударып отыр», — деді А. Сұлтанов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Түркістан облысында зәйтүн өсіру бойынша жоспар бар.

«Мұнымен қоса, батыста да зәйтүн ағашын өсіруге арналған инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Біз эксперимент жүргіздік, жақсы көрсеткіштер бар», — деді вице-министр.

Еске салсақ, жақында бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейдің Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның банан өсірудегі тәжірибесіне назар аударып отырғаны жайында мәлімет тарады.

Биыл көктемде Түркістан облысында өсірілген банандар мамыр айында сатылымға шығатынын жазған едік.

Осыған дейін Түркістандық шаруалар экзотикалық жемістерді өсіруді қолға ала бастағаны хабарланды. 

Былтыр күзде Маңғыстау облысында тәжірибе түрінде 2 мың түп зәйтүн ағашы егілгені жарияланды. 

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы