Қазақстанда азық-түлік тауарлары мен шикізатты өндіру қоры жеткілікті
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі азаматтарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен (ӘМАТ) қамтамасыз ету жұмысы туралы және оның тұрақты түрде жүргізілетіні туралы хабардар етеді. Бұл туралы «АгроИнфо» АА ҚР АШМ баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Республика отандық өндіріс есебінен нан, ұн, макарон өнімдері, өсімдік майлары, картоп және көкөніс өнімдері, ет, қарақұмық жармасы, күріш, сүт және сүт өнімдері және т. б. азық-түлік тауарларының қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілген.
Азық-түліктің экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін өңірлердің тұрақтандыру қорларында азық-түлік тауарларының қажетті қорлары қалыптастырылды.
Республиканың азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының үздіксіз жұмысы мәселелері тұрақты бақылауда.
Атап айтқанда, жедел деректер бойынша республика бойынша ағымдағы жылдың 4 наурызына 1,5 млн тонна ӘМАТ және 6,7 млн тонна азық-түлік бидайының қоры бар.
Азық-түлік өнімдерін өндіру тоқтатылмайды, қорлар жүйелі негізде толықтырылып отырады. Жарма, ұн, консервілер және басқа да тауарлар өндірісі үшін жеткілікті шикізат, сондай-ақ ет және сүт өнімдерін өндіру үшін жеткілікті мал басы бар. Жоғарыда баяндалғанның негізінде, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері тапшылығының туындау тәуекелі жоқ екенін жеткізеді.