Қазақстан мен Қытай суды үнемдейтін технологияларды сынап көруге және отандық ауыл шаруашылығы өнімдері үшін «жасыл дәліз» құруға келісті
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасы Эркин Тунияз ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық және ондағы өнімділікті 30%-дан 70%-ға дейін арттыратын су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды primeminister.kz.
Қазақстанда суармалы жерлердің 50%-ына дейін су үнемдеу технологияларымен қамту жоспарлануда. Әзірге бұл көрсеткіш 16%-ды құрап отыр. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін бірқатар кешенді шара қабылданып жатыр.
«Бізде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте су үнемдеуді енгізуді қолдау және ынталандыру үшін барлық бағдарламалық құжат бар. Біз бизнес-құрылымдармен жұмыс істеуге дайынбыз. Алматы, Түркістан және Қарағанды облыстарында жобаларды іске асыру басталды», — деді ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.
Қытайлық тарап суды үнемдеу саласында кешенді қызметтер көрсетуші «Тянье» компаниясының технологияларын қарастыруды ұсынды. Корпорация ҚХР-дағы 500 ірі компанияның қатарына кіреді. Оның өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын, соның арқасында фермерлер 1 му-дан (1 га=15 му) 500 кг мақта мен бір тонна жүгері жинайды.
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бірлескен ғылыми сынақтар жүргізу үшін Серік Жұманғарин өз жерлері бар Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен ынтымақтастықты ұсынды. Сондай-ақ компанияның біздің елімізде тек өндіріс орындарын ғана емес, оған қоса арнайы техника арқылы тамшылатып суару бойынша оқу орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынысы қолдау тапты.
Анықтама: Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық – қазақ-қытай қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі. 2023 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы АӨК өнімінің тауар айналымы 1,7 есе өсіп, $1,3 млрд-тан асты (экспорт – $1,01 млрд (+184%), импорт – $290,2 млн (+125%).