Қарағанды облысында егіс науқаны аяқталды
Қарағанды облысында биыл астық егу, картоп пен көкөніс егу көлемі артты. Көктемгі дала жұмыстары аяқталды.
Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Егіс науқанының қорытындысы туралы аппараттық жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров баяндады.
Облыста көктемгі дала жұмыстары оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқталды. Биылғы жылы көктемгі егіс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 30,2 мың гектарға артып, 1 миллион 84 мың 900 гектар. Картоп 11,4 мың гектарға, көкөніс 52 гектарға егілді. Бұл да былтырғыдан көп. Мал азығы дақылдары 4,2 мың гектарға артып, 75,9 мың гектар, – деді басқарма басшысы.
Ол шаруалардың сорт жаңартуға мән беріп, өнімділігі жоғары және элиталық тұқымдарды көбірек пайдаланатынын атап өтті. Сондай-ақ, егістік алқаптарының 40 пайызға жуығын минералды тыңайтқыштармен өңдеу жоспарланған. Агротехнологияларды қолдану егіннің молаюына ықпал етеді.
Басқарма басшысының мәліметінше, қазірдің өзінде өсімдік өсірушілерге тұқым шаруашылығын дамытуға және минералды тыңайтқыштар сатып алуға 1,2 млрд теңге көлемінде субсидия төленген.
Аграрлық несие корпорациясы арқылы облыстың 132 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егіс жұмыстарына қаржылай қолдау көрсетілген. Азық-түлік корпорациясы астықты форвардттық сатып алу бойынша бес өтінімді қаржыландырды.
Егіс алқаптарын шегірткеден қорғауға бюджеттен қаржы бөлінді, жұмыс маусым айына жоспарланған.
Өңірдегі қажеттілік 2,3 млн тоннаны құрайтын мал шаруашылығына жем-шөп дайындау қажет.
Дереккөзі: BAQ.KZ