Импорт өсті: ет пен сүт өнімдерінен жылда 800 млн доллар жоғалтамыз
Ауыл шаруашылығында дайын өнімнің импорты өсіп келеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу тақырыбына арналған Үкімет сағатында депутат Серік Егізбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру серпіні тұрақты дамуды көрсетіп жатыр және өсу үрдісіне ие. Сонымен қатар, терең өңдеудің үлесі әлі де төмен. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің үлесі еліміздің барлық өнеркәсібі өнімдерін өндірудің жалпы көлемінің небәрі 6 пайызын құрады.
Атап айтқанда, 2023 жылы сүт өңдеу үлесі 33 пайызды, ет өңдеу – 41%, жүн өңдеу – 19%, ірі қара мал терісін өңдеу үлесі 6 пайызды ғана құрады», – деді С. Егізбаев.
Оның айтуынша, дайын өнімнің импорты өсіп келеді. 2023 жылы сүт өнімдері бойынша өсім 400 млн АҚШ долларын құрайтын 20 пайыздан асты, ал ет пен ет өнімдерінің импорты 408 млн АҚШ долларын құрады.
«Осылайша, тек ет пен сүт өнімдері бойынша қайта өңдеудің нашар жүргізілуінің салдарынан біз жыл сайын 800 млн АҚШ долларын жоғалтып, олар шетелдік фермерлерді қаржыландыруға кетіп жатыр. Біздің ойымызша, қалыптасқан жағдайдың негізгі себептері бұрмаланған статистика салдарынан болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, көрсеткіштерді асырып көрсету тек қана сүт бойынша 2 млн тоннаны, ірі қара малдың саны бойынша 1 млн басты құрайды. Бұл осы уақытқа дейін мал басын есепке алудың нақты және ашық жүйесінің дұрыс жолға қойылмауының салдарынан деп есептейміз. Осы саланы ретке келтіріп, заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, мал басы мен өндірілетін мал шаруашылығы өнімдері бойынша статистикалық көрсеткіштерді қалыптастырудың бірыңғай жүйесін енгізетін кез келді» – деді депутат.