Фермерлік жылыжайлардың электр және газ шығындарын өтеу қарастырылады
Жылыжай шаруашылықтарының маусымаралық кезеңде электр энергиясы мен газ шығындары субсидияланатын болады. Тиісті шешімді АШМ бизнес тарапынан түскен ұсыныстарды ескере отырып қарастырып жатыр. Бұл туралы «АгроИнфо» АА ҚР АШМ баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Бюджет қаражатын тиімді жұмсау, сондай-ақ барлық агротехнологияларды сақтайтын жылыжайларды қолдау мақсатында субсидия алудың негізгі талабы ретінде өндіріс технологияларына сәйкестік сертификатының болуы қарастырылады.Ұлттық стандарт 2023 жылдың 1 мамырында бекітіліп, күшіне енді.
Қазіргі уақытта АШМ әкімдіктердің қаулысымен бекітілген субсидиялар нормалары бойынша 1 га. шығыстарды өтеуді көздейтін субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер әзірледі. АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҚазҒЗИ-да жабық топырақта көкөніс өндіру шығындарының ғылыми есептеулері жүргізілді, олар бойынша орташа көрсеткіштер есептелетін болады.
Осылайша, өндірістік жылыжайлар ғана емес, өндіріс стандарттарына сәйкес келетін фермерлік кешендер де осы бағыт бойынша субсидиялауға құқылы болады.
Бұйрықтың жобасы келісімге жіберілді, жақын арада оны бекіту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, аталған қолдау шараларынан бөлек, қазақстандық жылыжайшылар тыңайтқыштарды (органикалық заттарды қоспағанда), пестицидтерді, биоагенттерді (энтомофагтарды) және биоагентті, сондай-ақ суармалы суды, қияр мен қызанақ тұқымын сатып алуға субсидия алуға үміткер бола алады.
Сонымен қатар, жылыжай кешендерін салу және кеңейту кезінде шығындардың 25% өтеу қарастырылған. Нәтижелерді ұлғайту үшін қазіргі уақытта нормативті 30% дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикада 1 225 га алаңда жабық топырақ құрылыстары жұмыс істеді, оның 219 га өнеркәсіптік жылыжай және 1006 га фермерлік жер.