Е. Қарашөкеев Республикалық жедел штаб мүшелеріне «АӨК» тобының ұсыныстарын таныстырды
2022 жылы 24 наурызда Премьер-Министр Ә. Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтіп, онда қатысушылар ҚР агроөнеркәсіптік кешені саласының бірқатар шұғыл әрі жүйелі мәселелерін талқылады. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Бұл туралы «АгроИнфо» АА ҚР АШМ баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Ведомство басшысы хабарлағандай, жедел штаб аясында «Агроөнеркәсіптік кешен» тобы құрылып, оның құрамына «Атамекен» және агробизнес өкілдері енген. Бүгінгі күнге дейін 3 отырыс өткізіліп, онда көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін қосымша қаражат бөлу, логистика, бағалар, тыңайтқыштармен қамтамасыз ету және басқа да маңызды мәселелер қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі «АӨК» жұмыс тобы қызметінің аралық қорытындысы бойынша және өндіріс құралдарына бағаның өсуін ескере отырып, 1 га 54 мың теңгеге дейінгі шығындардың нормативін есептей отырып, қосымша 70 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит бөлуді ұсынады. Бұл шығын нормативін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ ғылыми институты есептеп шығарған.
Сондай-ақ, қаражатты ауыстыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады, бұл «Бәйтерек» холдингінің Аграрлық несие корпорациясына тартылған қаражат есебінен аграршыларға кредит беруге кірісуге, ал барлық бюджеттік рәсімдер аяқталғаннан кейін қаражатты ауыстыруды жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұған қоса, фермерлердің кепіл мәселелерін шешу үшін қажетті өтімді кепілдіктері бар астық және май нарығының трейдерлері арқылы аграршыларға кредит беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Бұл қаражатты шағын және орта фермерлерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге жеткізуге мүмкіндік береді.
Министр отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқым материалдарымен толық қамтамасыз етілгенін хабарлады.
Алайда, жедел штаб мүшелері Ресей Федерациясының аумағында өндірілетін және Қазақстанға өткізілетін тұқымдарды, агрохимияны, қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды жеткізудің жолға қойылған арналарының үзілгенін атап өтті. Сондықтан қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Көлік және логистика» тобымен бірлесіп жеткізудің баламалы арналары пысықталуда, сондай-ақ Ресей тарапымен бұрын 12 мың тонна көлемінде төленген тұқымдарды жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Министрлік сондай-ақ пестицидтерді сертификаттаудың жеңілдетілген тәртібін енгізу немесе сертификаттауды уақытша алып тастау, ІҚМ және ҰМ терісін экспорттау кезінде баж салығын алып тастау, күнбағыс және өсімдік майы тұқымдарын экспорттауға квоталарды алып тастау мәселелерін қарастырып жатыр.
«Агробизнес күнбағыс тұқымдарын әкетуге қолданыстағы сандық шектеу нарықтық бағаның бұрмалануына алып келетінін, қайта өңдеушілер күтіп отырғанын, шикізат сатып алмайтынын, ал фермерлер жаңа маусымда түсім алып, себе алмайтынын айтады», – деді Ербол Қарашөкеев.
Ведомство фермерлердің күнбағыс егуге қызығушылығының белгілі бір дәрежеде төмендегенін көріп отыр, себебі оған үнемі тыйым салынады және квотамен жүреді, өңдеуші кәсіпорындарға толық циклде белгіленген сатып алу бағасын белгілеу мүмкіндігін қарастырады.
Министрлік Астық одағының фермерлерге тауарлық-материалдық құндылықтарды беру кезінде «Даму» арқылы қарсы кепілдіктерді енгізу туралы ұсынысын қолдайды.
«Қазір әртүрлі айналым құралдары мен материалдарды жеткізушілер фермерлерге қарызға немесе тауарлық қарыз ретінде тұқым, ЖЖМ, пестицидтер, қосалқы бөлшектер және т.б. береді, бұл ретте фермерлер тарапынан қайтарымның уақтылы және толық болатынына кепілдік жоқ. Бұл тәуекелдер осындай тауар қарыздарының көлеміне әсер етеді, бірақ бұл проблеманы өндіріс құралдарын жеткізушілер мен аграршылар арасында «ДАМУ» кепілдігін енгізу арқылы шешуге болады», – деп қосты министр.
Министрлік биылғы жылдың соңына дейін елдегі қант өндірісінің қажеттілігі мен көлеміне талдау жүргізді. Қантқа қосымша қажеттілік шамамен 45 мың тоннаны құрайды, қажетті көлемдерді сатып алу мәселесі пысықталып жатыр.
«Бұл ретте, әрбір қант зауытына логистикаға байланысты жекелеген өңірлерді бекіту ұсынылады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ӘКК-нің тұрақтандыру қорларына белгіленген бағамен қанттың қажетті көлемін кепілді сатып алу үшін зауыттармен форвардтық келісімшарттарды бекіту мәселесі қарастырылып жатыр», – деді ведомство басшысы.
Қазіргі уақытта министрлік 126 мың тонна қант пен құрақ қант шикізатын бажсыз әкелуге квота берді. Квотаның қалған бөлігіне (124 мың тонна) өтінімдер қабылдауды жүзеге асырып жатыр, қант экспортына тыйым салуды енгізуге бастама жасалды, бажсыз қантты әкелуді квоталау жөніндегі НҚА-ға өзгерістер енгізілуде (халыққа тікелей сату мүмкіндігі).
Бұл ретте қантты әкелуге рұқсат беру тәртібін енгізу, баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша ақ қант пен шикі қантты импорттауға және өткізуге қосылған құн салығын нөлге келтіру, сондай-ақ зауыттарды толық жүктеу үшін егіс алаңдары мен қант қызылшасының жалпы жинағын ұлғайту ұсынылады. Қорытындылай келе, министр ведомствоның кәсіпкерлермен бірлесіп, көктемгі егісті сәтті өткізу үшін туындайтын барлық тәуекелдерді ескергенін және фермерлерді қолдау үшін барлық қажетті қадамдарды жасайтынын айтты.