Бұқар Жырау ауданында сүт-тауар фермасы және балық өңдеу цехы ашылмақ
Биылғы жылы Бұқар Жырау ауданында картоп пен көкөніс дақылдарының түсімін арттыру, автоматтандырылған сүт-тауар фермасын, балық өңдеу цехын ашу және малға арналған брикеттелген жем-шөп өндіру жоспарланып отыр. Аудан әкімі Шағурашид Мамалинов ауданның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған міндеттерді атап өтті. Баяндама өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен онлайн-кеңес аясында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұқар Жырау ауданында жаңа инвестициялық жобаларға ерекше көңіл бөлінеді. «Апрель» фермерлік кәсіпорны жобалық қуаттылыққа шықты. Биыл Новоузенка ауылында 25 мың басқа арналған мал шаруашылығы кешенінің екінші кезеңін іске қосу жоспарлануда.
«Бұл өндіріс толығымен автоматтандырылған ең инновациялық кешен болады. Сондай-ақ, «Береке-2014» компаниясына 1 200 бас ІҚМ өсіру бойынша репродуктор құруға инвестициялар тартылды», – деді Шағурашид Мамалинов.
Қызылқайың ауылында «Jasyl Jer» ӘКК инновациялық технологиялар бойынша түйіршіктелген жемшөп өндірісін, ал Ақбел округінде цифрлық сүт-тауар фермасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Suthana компаниясы 600 бас ІҚМ сатып алады. Қарағанды балық тәлімбағы ауданда балық өңдеу цехын іске қосуға дайындалуда.
Тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалмайды. Доскей ауылында екі үй қалпына келтіріледі. Халықтың әлеуметтік осал топтары, көп балалы отбасылар мен жетім балалар үшін тұрғын үй сатып алу жалғастырылады. Биылғы жылы 298 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.
2020 жылы Доскей, Новоузенка, Үштөбе және Көкпекті ауылдарында 386 жер учаскесі берілді. Осының негізінде ауданда болашақта төрт абаттандырылған кент дамытылатын болады. Барлық үйлерді инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Қазір бірыңғай сәулет формасы мен түс гаммасы сақталуы үшін жұмыстар жүргізілуде.
Өткен жылы ауданның он екі елді мекені сумен қамтамасыз етілді. 2021 жылы тағы тоғыз ауылда орталық сумен жабдықтау жүйесін орнату жоспарлануда.
Маңызды міндет – ауданды жылумен қамту. Бес блокты-модульді қазандық салынды. Айта кету керек, қазандықтар қос жабдықты болып табылады. Олар газға да қосылуға дайын. Сондай-ақ, қолданыстағы қазандықтарды жөндеу және жаңғырту, жылу желілерін жүргізу жалғасады.
«Өткен жылы аудан бюджеті екі есеге артты. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында кентішілік жолдар, мектептер жөнделді, ДСК құрылысы басталды. Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 30 жоба қаржыландырылды. Бұл негізінен инженерлік-техникалық желілер, қасбеттерді, шатырларды жаңарту. Үш 16 пәтерлі және алты 12 пәтерлі жалға берілетін үй пайдалануға берілді. Біз тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлеміз. Биылғы жылы бұл мәселені барынша пысықтау керек», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.