БҚО-да пайдаланылмай отырған 310 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталды
Батыс Қазақстан облысында пайдаланылмай отырған 310,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, аталған жер тексеру жүргізу үшін облыстық жер ресурстарын пайдалану департаментіне жолданды.
Нұржан Ерболатұлының сөзіне қарағанда, қазір соның 112,7 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған 198,2 мың гектар жер телімдері бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу аса маңызды. Биыл осы кезге дейін жергілікті атқарушы органдар жалпы көлемі 165,7 мың гектар 296 жер телімі бойынша 35 конкурс өткізді. Соның нәтижесінде 146,1 мың гектар болатын 251 жер телімі табысталды. Алдағы уақытта 29 жер телімі (10,3 мың га) бойынша 4 конкурс өткізілмек», – деді Н. Мақсотов.
Басқарма мәліметіне қарағанда, өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 7897,9 мың га болса, соның 620,5 мыңы – егістік, 1,9 мыңы – көпжылдық екпелер, 528,1 мыңы – тыңайған жер, 510,1 мыңы – шабындық, 6180,6 мыңы – жайылым, 56,7 мыңы – өзге жерлер.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы сәуір айындағы есеп бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басы саны негізінде 227 мың га көлемінде жайылым жердің жетіспеушілігі байқалып отыр.
Осы мәселені шешу мақсатында 430 970 га жайылымдық және шабындық жер резервке қойылды. 1048 га жер мәжбүрлеп иеліктен шығарылды. Сондай-ақ ауылдық округ әкімінің аппараттарына 4356 га тұрақты жер пайдалануға берілді. Оған қоса 141 785 га жайылым жер учаскелері жер-шаруашылық жобасы негізінде елді мекен жерлері санатына ауыстырылды.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендер 578 159 га (571 915 га – жайылым, 3771 га – шабындық, 2473 га – басқа жерлер) қосымша жайылымдық және шабындық алқаптармен қамтамасыз етілді.