Биылғы қуаңшылық маңғыстаулық шаруаларды қауырт қимылдауға мәжбүрлеп отыр
Соңғы жылдары Маңғыстау облысында қуаңшылық белең алып, әсіресе биылғы жыл шаруаларға тым ауыр соғып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жауын-шашынның болмауы, тасымалданатын жем-шөптің жетіспеуі, ыстықтың ерте түсуі, мұның барлығы төрт түліктің күтіміне кері әсерін тигізгелі тұр.
Өңірдегі шаруалардың жеке малына қажетті азық қамдау үшін өткен аптада облыс әкімінің тапсырмасымен шұғыл жұмыстар қолға алынған еді.
Еліміздің өзге өңірлерінен жем-шөп сатып алып, шаруаларға үлестіру үшін «Каспий» ӘКК арқылы тиісті қаражат бөлінді.
Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан мал азығын жеткізу, жайылым мен шабындық жерлерді пайдалану бойынша Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарымен келіссөздер жүргізілуде.
Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ғ.Ниязов бастаған жұмыс тобы Ақтөбе облысының Алға, Байғанин, Мәртөк, Мұғалжар, Қобда, Темір аудандарына арнайы барып, нақты келісімшарт жасайды.
Ал өңірдің шалғайында орналасқан Бейнеу ауданының әкімі шаруаларға көмектесу мақсатында Ақтөбе облысына барып, көрші аудан басшыларымен келісімге келді.
Кездесудің басты мақсаты биылғы қуаңшылық салдарын жою үшін мал азығын дайындауға шабындық, шекаралас аймақтарда маусымдық жайылымдарды пайдалану мәселелерін талқылау болды.
Қарауылкелдідегі кездесу барысында Бейнеу делегациясы көрші ауданның тыныс тіршілігімен танысты, бірқатар әлеуметтік нысандарын аралады, ауыл шаруашылығы ардагері Рахым Сембіғалиев Маңғыстау облысымен шектесетін Ақтөбе облысына қарасты аймақта Кеңес үкіметі кезеңінде 1950-1993 жылдары Жетіқақ, Көлтабан, Мүлкі аман, Сарой т.б. жер-суларын тарихи Бейнеу ауданына қарасты Сам, Сыңғырлау совхоздарының малшылары екі жақты келісіммен жайлау ретінде пайдаланылғаны туралы деректер жеткізілді.
Әріптестік нәтижесінде:
1. Жетіқақ жерін пайдаланып отырған Бейнеу ауданына қарасты шаруашылық иелеріне түсіністікпен қарап, жер мәселесін заңдастыру;
2. Байғанин ауданына қарасты жерлерден шабындыққа жарамды жерлер болса, Бейнеу ауданының шөп шабушы бригадаларына жер бөлу;
3. Байғанин ауданына қарасты шаруалардан тиімді бағада жем-шөп сатып алу;
4. Шекаралас аймақта дала өрттерін болдырмау, алдын алу және оның салдарын бірігіп жою секілді бағыттарда келесім жүргізіліп, Меморандумға қол қойылды.