Биыл жем-шөп даярлау жоспары орындалды ма
Мамандар биылғы қуаңшылық ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселелерді анықтады деп санайды. Осы орайда егістіктер мен жайылым жерлердің құнарлығының төмендеуі, жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту сияқты тақырыптар жиі көтерілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы саладағы жағдайға байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Топырақ құнарлығының нашарлауы
Топырақ құнарлылығы жай-күйінің мониторингі ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуын бақылау аясында жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші ауыл шаруашылығы өнімін өндіру процесінде топырақ құнарлылығының төмендеуіне жол бермеуді қамтитын жер ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге тиіс. Жер пайдаланушылардың жер құнарлылығын сақтауды және арттыруды қоса алғанда, жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 17 қаңтардағы № 7 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидаларымен реттеледі.
Бюджет қаражаты есебінен республикадағы топырақ құнарлылығының жай-күйіне мониторингті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» РММ (Агрохимиялық қызмет) жүзеге асырады. Агрохимиялық қызмет топырақ құнарлылығының деңгейін айқындау мақсатында қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес белгілі бір кезеңділікпен 3,5 млн га алаңда топырақты жыл сайын агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізеді.
2020 жылдан бастап Қағидаларға топырақ құнарлылығын айтарлықтай төмендетуге жол берілмейтін нақты көрсеткіштер енгізілді. Қарашірікпен және қоректену элементтерімен қамтамасыз етілу көрсеткіштері өте төмен және төмен аудандар 10 пайыздан астам ұлғайған жағдайда, жер пайдаланушыларға әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылатын болады.
2021 жылы агрохимиялық зерттеп-қараудың бірінші кезеңі аяқталады, оның қорытындысы бойынша топырақ құнарлығының нашарлауына жол берген жер пайдаланушылар анықталатын болады. Бұл туралы мәліметтер жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларға берілетін болады. Минералды және органикалық тыңайтқыштарды енгізу топырақтың тиімді әрі ықтимал құнарлығын сақтауға, сондай-ақ дақылдардың өнімділігін арттыруға ықпал етеді.
Атап айтқанда, елімізде минералдық тыңайтқыштарды қолданудың төмен көлемін (ғылыми қажеттіліктен 18-21%) ескере отырып, тыңайтқыштар енгізуді ынталандыру мақсатында мемлекет сатып алынған тыңайтқыштардың құнын субсидиялау арқылы шаруаларға мемлекеттік қолдауды жүзеге асырады. Жалпы, бес жыл ішінде осы мемлекеттік қолдау шарасы есебінен минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемінің 2016 жылғы 260,9 мың тоннадан 2020 жылы 533 мың тоннаға дейін 2 есе өсуі байқалды. 2021 жылға минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 27,8 млрд теңге қарастырылған.
Органикалық тыңайтқыштарды енгізуде оң динамика көрініп отыр. Мәселен, статистикалық деректер бойынша 2020 жылы 1,2 млн тонна органикалық тыңайтқыш енгізілді, бұл 2019 жылдан 2 есе артық және 2018 жылдан 2,9 есе артық. АӨК дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы жобасының аясында органикалық тыңайтқыштарды қолдану көлемін ұлғайту мақсатында өнеркәсіптік органикалық тыңайтқыш түрлерін сатып алуды субсидиялау мәселесі қарастырылуда. Органикалық егіншіліктің дамуын танымал ету аясында бұл шара шаруаларға органикалық тыңайтқыштарды қолдануға ынталандыру болады.
Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемі
Айта кететін жәйт, мал азығы дақылдары егіс көлемінің ең төменгі көрсеткіші 2006 жылы тіркелген, ол 2,2 млн гектарды құраған. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының 4-АШ статистикалық мәліметіне сәйкес, 2021 жылы мал азығы дақылдарының егіс көлемі 3,2 млн гектарды құрады, ол 2006 жылғы деңгейден 955,5 мың гектарға артық.
«Өсімдік шаруашылығы саласындағы егіс алқаптарының құрылымына жүргізілген әртараптандыру шараларының нәтижесінде, 2021 жылы бидай дақылының егіс көлемі 2009 жылғы ең жоғарғы көрсеткіштен (14,7 млн гектар) 1,8 млн гектарға кеміп 12,9 млн гектарды құрады. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығы саласын жоғары сапалы азықпен қамтамасыз етуде маңызы зор жемдік астық дақылдарының (арпа, сұлы, дәндік жүгері) егіс алқаптарының өсуіне септігін тигізді. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының 4-АШ статистикалық мәліметіне сәйкес, 2021 жылы жоғарыда аталған дақылдардың егіс көлемі 2,6 млн гектарды құрады (арпа 2,2 млн гектар, сұлы – 207,8 мың гектар және дәндік жүгері – 191 мың гектар), ол 2006 жылғы деңгейден 588,8 мың гектарға артық (арпа 443,6 мың гектарға артық, сұлы 45,1 мың гектарға артық және дәндік жүгері 100,1 мың гектарға артық)», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінде.
Министрлік мал азығын егумен айналысатын ауыл шаруашылығы субъектілерін меншік нысанына қарамастан ынталандыру, мал шаруашылығы саласын егістік алқаптарында өндірілетін жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында біршама мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруда. Мал азықтық дақылды өсірушілер базалық субсидиялар (минералдық тыңайтқыштарға, пестицидке, тұқымға), су жеткізу қызметі құнын арзандатуға субсидия алу, инвестициялық субсидиялар, кредит алу сияқты мемлекеттік қолдаудың осындай шараларын пайдалануға құқылы.
Мал азығымен қамтамасыз ету
2021 жылдың 22 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 23,2 млн тонна шөп жиналды. Бұл жоспардың (23,8 млн тонна) 98%-ға орындалғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, 1,5 млн тонна (94%) пішендеме, 1 млн тоннадан астам (53%) сүрлем, 2,9 млн тонна (61%) сабан дайындалды.
Биылғы ауа райының қолайсыздығы мал азығы қорын жинауға едәуір қиындық туғызды. Атап айтқанда, құрғақшылықтың кесірінен жайылымдардың басым бөлігі қурап қалды, табиғи шабындық жерлерде де шөп қалың болмады.
«Жағдайды тұрақтандыру үшін Министрлік нақты шаралар қабылдауда.
Жем-шөп дайындау мәселелері бойынша жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарға қаржылай көмек көрсетілді. Мәселен, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы жем-шөп сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 1,2 млрд теңге игеріліп, 632 шаруа қожалығы мен 6021 жеке қосалқы шаруашылықтың шығыны төленді. Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлініп, оның 1 млрд теңгесі 692 шаруа қожалығының шығынын өтеуге жұмсалды», – деп аталып өткен Ауыл шаруашылығы министрілігі мәліметінде.
Маңғыстау облысының әкімдігі жергілікті бюджеттен шөп пен жем сатып алуға қосымша 5,3 млрд теңге (1,9 млрд теңге – 26 мың тонна шөп сатып алуға және 3,4 млрд теңге – 34 мың тонна жем сатып алуға) бөлді. Мал азығы құнының қымбаттауына байланысты бірқатар облыс әкімдіктері (Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, СҚО, Атырау, Шымкент қ.) жем-шөп сатып алу құнын арзандату үшін жергілікті бюджеттен 13,6 млрд теңге қаржы бөлді. Ақтөбе облысы биыл 6,7 млрд теңге бөліп, облыстың барлық агроқұрылымдарын субсидиямен қамтыды.
Биыл тамыз айының 23-нен бастап малға беретін шөп түрлерін республика аумағынан шығаруға уақытша тыйым салынды. Сондай-ақ малға жем ретінде беретін дақылдар экспортын квоталау жөніндегі бұйрықтың жобасы әзірленді.
Жайылым тапшылығы
Биыл қаңтарда Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындылары бойынша 2021 жылғы 26 қаңтардағы №21-01-7.1 хаттамасымен облыс әкімдіктеріне бос және ұтымсыз пайдаланылатын жайылымдарды алып қою және оларды ауыл халқына пайдалануға беру жөнінде жұмыс жүргізу тапсырылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биылдың басынан бері прокуратура органдары жер заңнамасын бұза отырып берілген 3,7 мың жайылымдық учаскені анықтады (2,5 млн га), оның ішінде 690 учаске немесе 301 мың га (кадастрлық құны 3,8 млрд теңге) алып қойылды. ҚР Премьер-Министрінің 2021 жылғы 23 сәуірдегі өкімімен ауыл халқының мал жаюы үшін жайылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша Жұмыс тобы құрылды және жұмыс істейді», – делінген ведомство мәліметінде.