Биыл СҚО-да 4,3 млн гектарға дәнді дақыл себілмек
Солтүстік Қазақстан облысында 13 мамырда көктемгі егіс науқаны басталып, 4,3 млн гектарға дәнді дақыл себілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, егіс алқабының аумағы былтырғыдай, тек әлеуметтік маңызы бар қарақұмықтың алаңы 1,3 мың га артып, 10 мың га құрады, жасымық алқабының аумағы 33,1 мың га-дан 50,1 мың га дейін, күнбағыстыкі 61,6 мың га-дан 103,3 мың га дейін ұлғайтылды. Картоптан басқа сәбіз, қызылша, пияз, қырыққабат, қияр мен қызанақ егілмек.
«Биыл 2,7 млн га алқап 170 мың тонна тыңайтқышпен өңделеді. Оның 125,6 мың тоннасы бойынша келісім жасалып, ақшасы төленді. Биыл минералды тыңатқышты сатып алуға жергілікті бюджеттен 6,5 млрд теңге, республикадан 4,7 млрд теңге бөлінген. Қосымша тағы 5 млрд теңге қажет.
Тұқым жеткілікті, 453,7 мың тонна күзде қоймағы құйылған еді. Биыл 9,2 %-ы немесе 41 746 мың тоннасы жаңартылады. Элиталық тұқымның басым бөлігі көрші Ресейден әкелінді. Тұқым шаруашылығын дамытуға биыл 1,6 млрд теңге бөлінген», – дейді басқарманың баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Маманның айтуынша, 13 мамыр өңірде егіс науқаны басталып, алдымен майлы дақылдар себілмек. 17 мамырдан бастап диқандар дәнді дақылдарды егуге көшеді.
«Ауа райына байланысты көктемгі егіс науқанының мерзімі жылда өзгеріп отырады. Биыл құрғақшылыққа байланысты осы даталар белгіленіп отыр. Диқандар дайын, тұқым, жанар-жағармай, техника бар. Егіс алқабына 13 мыңға жуық трактор, 15 мыңнан астам тұқым сепкіш, 1,4 мың заманауи егіс кешендері қолданылмақ. Тек биыл 17,2 млрд теңгеге 773 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Ал көктемгі дала жұмыстарына 71 мың арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның литрі 210 теңгеден аспайтын болады», – дейді Эльмира Сәдуақасова.