Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына ₸100 млрд бөлінді

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ. Нәтижесінде 14 500 шағын несие беріліп, 15 мыңнан аса жұмыс орны ашылған. Ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеуге бағытталған жоба алдағы уақытта түрленуі мүмкін. Атқамінерлер бағдарламаның тиімділігін одан әрі арттырып, елді мекен халқына қолғабыс қылмақшы.

Фото: pixabay.com

«Ауыл аманаты». Алыстағы ағайынға іс бастап, кәсібін дөңгелетуге таптырмас құрал. Бір ғана Маңғыстау облысында биыл 165 жоба қаржыландырылды. Әсіресе, өңірдің ең қиырындағы Бейнеу тұрғындары белсенді. Жеңілдетілген несие арқылы мұнда тігін шеберханалары, наубайханалар мен мал бордақылау орындары ашылған.

Мұратбай Ығылманов, шаруа:

– Өткен жылғы желтоқсан айынан бастап пайдаланып жатырмыз. Малымызды алған кезде біз Орал облысы, Ақжайық ауданына барып алып келдік. Әкелген кезде барлық бас саны 65 бас болды. Соны қысымен жемдеп, күйін жақсы көтеріп, халыққа ұсына бастадық. Қазір Аллаға шүкір, әйтеуір өтіп жатыр малымыз.

Ал Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асқалы 8 мыңнан аса адам кәсіп ашты. Бұған республикалық бюджеттен 42,2 млрд теңге бөлінді. Мамандардың айтуынша, ілкімді істің игілігін қалың қараша сезе бастады. Себебі, кәсіппен бірге жұмыс орындары да көбейген.

Қайрат Көшенов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Құрылған 57 коперативтерге жергілікті бюджет есебінен 3,5 млрд теңгеге 533 дана ауылшаруашылық техникалары лизинг жүйесімен берілді. Ауылды елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 730 млн теңгеге 91 жоба қаржыландырылды. Құрылған жеке кәсіпкерлерді есептей отырып 8090 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Бағдарма аясында микрокредиттің басым бөлігі мал шаруашылығына бөлінеді. Биыл бұл бағытқа 11,9 мың несие берілген. Ал өсімдік шаруашылығын дамытуға 500-ден аса, техника мен жабдықтар сатып алуға 411, қызметтің басқа салаларына 1,6 мың кредит берілді. Алдағы уақытта «Ауыл аманаты» арқылы коперативтердің санын ұлғайту жоспарланып отыр.

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– «Ауыл аманатын» жүзеге асыру бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 321 кооператив 621 млрд теңгеге қаржыландырылды. Коператив құруға ынталандыру үшін оларға кредит беру ең максималды сомамен 29 млн 500 мың теңге қамтиды.

Жобаның тиімділігін Президент те айтып, алдағы уақытта тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беруді ұсынды. Қазір бұл мәселені құзырлы органдар жан-жақты қарастырып жатыр. Демек, «Ауыл аманатының» ауқымы кеңейе береді.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы