8 701 394-21-28

agro_info@bk.ru

Биылғы астық өткен жылғыдан кем болмайды

Әзірге бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы. Оның негізсіз емес екендігін синоптиктер де растап отыр. 2015 жылғы өнім үшін ауа райы қолайлы болмақ.

Құрал-жабдықтар сақадай-сай

Әр тараптандыру саясаты биыл да егіншілікті шарпыды. Оның лебі сары алтынның әрі күріштің алқаптарында сезілмек. 2014 жылмен салыстырғанда астықтың көлемі 235 мың га, Ыбырай атамыз өсірген дақыл 8,5 мың га қысқарады. Бидайға үлестірілетін демеуқаржының нормативтері тарылып, басымдыққа ие дақылға арналған қолдау аясы кеңейтілді. Қолда бар алтынның қадірін сақтау үшін жерді тиімді пайдаланудың тетігі ендірілмек. Оған сәйкес дақылдарды алқаптарға сіңіру айналымы мықтап назарға алынады. Ал биыл көктемгі егістің алқабы 18,5 млн. га құрайды деп межеленген. Дәнді дақылдар 15,2 млн.га алқапқа сіңірілмек, оның 12,2 млн.нда сары алтын жайқалады. Бұршақты және жарма дақылдарының көлемі 4% еселенбек. Майлы дақылдар 2,2 млн.га, жемазық дақылдары 347 гектарға ұлғайтылып, жалпы 3,7 млн. га қамтылмақ.

Қапы қалмай дәнді дер кезінде жерге сіңіру үшін құралжабдықтар да сақадайсай болуы тиіс. Жыл басындағы сараптама бойынша елімізде 154 мың трактор, 90 мың дәнсепкіш, топырақ өңдейтін 334 мың құрылғы, 5 мың бүріккіш, заманауи жоғары өнімді 3,4 мың кешен еншімізде. Бүгінде техниканы қамдау жоспарға сәйкес. Наурыз айының ортасындағы ахуал бойынша тракторлар 86 пайызға, дәнсепкіштер 87% әзір. Шенділер науқанға жұмылдырылатын 3,5 мың заманауи егіс кешендеріне де үміт артып отыр.

Диқандар қолдаудан қағылмайды

Атқамінерлер жанар-жағармаймен де шикілік шықпайтынына сенімді. Оны жөнелту жыл басында мақұлданған кестеге сай атқарылуда. Әзірге өңірлер дизель отынының 58 пайызын жеңілдетілген бағамен алып үлгірді.

– Көктемгі дала жұмыстарына шамамен 366 мың тонна дизель отыны қажет екені анықталды. Операторлардың шығындары ескеріліп, аймақтардағы ауылшаруашылық тауар өндірушілер үшін соңғы баға белгіленді. Олар дизель отынының бір литрін 81 теңгеге алады. Ал нарықтағы баға бүгінде 99 теңгені құрайды. Қаңтар-ақпан айларында 147 мың тонна дизель отынын жөнелту жоспарланған. Өңірлердегі операторлар 75 мың тоннаның төлемін өтесе, жеткізушілер оның 44% тиеп жөнелткен,- деп мәселенің мән-жайын ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров тергіштеді.

Науқанға ел қазынасынан жұмсалатын қаржы көлемі де айқындалды. 60 миллиард теңге несие түрінде үлестірілмек. Қолдау шарапаты өткен жылдың көрсеткішінен үш есе асып жығылды. Оның желге ұшпай, мақсатты жұмсалуы – шенділердің қатаң қадағалауында. Бүгінде қаражат екінші деңгейлі банктерге, «Қазагро» ҰБХ» АҚ еншілес мекемелеріне аударылған. «20 наурыздағы мәліметке сәйкес еліміздегі ауылшаруашылық тауар өндірушілер 15,7 млрд. теңге көлеміндегі қаржыны несие түрінде рәсімдеген. Ал астықты және арпаны форвардты сатып алу бойынша «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ қаржыландырған өтінімдердің құны 8,0 млрд. теңгеден асып кеткен. Продкорпорация көктемгі дала жұмыстарын ӘКК кепілімен несиелендіреді», – деп Сапархан Кесікбайұлы Елбасының тапсырмасымен бөлінген қаржының игерілуін еш бүкпесіз ортаға салды.

Ауа райы әбігерге салмайды

Топырақтағы ылғалдың қоры көңіл көншітерлік. Бұл алқаптарды сүзгіден өткізген мамандардың тоқтамы. Оған сүйенсек, өткен жылдың күзінде жауын-шашынның мөлшері мол болып, қытымыр қыста қалың қарды аямады. Еліміздің солтүстігінде оның қалыңдығы 54 см, батыс пен шығыста 34 см, орталықта 48 см құрады, ал таулы аудандарда 63,82 см жеткен. «Сәуір айындағы жауыншашынның мөлшері Солтүстік Қазақстан облысында әрі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай өңірлерінің жеке аудандарында, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының таулы аймақтарында қалыпты деңгейде, ал еліміздің басқа аймақтарында белгіленген нормадан төмен», – деп вице- министр шаруалардың көңілін серпілтті. Синоптиктердің пайымынша, табиғат өткен жылғыдай тосын мінез танытпай, ауылшаруашылық өнім үшін ауа райы қолайлы болмақ. Сондықтан биылғы жылы егін бітік шығады деген болжам бар. Тек ылғалды тиімді кәдеге жаратып, көктемгі дала жұмыстарына қапы қалмай кіріскен ләзім.

Көрші елдің тұқымына сұраныс артты

Егіншілікке бет бұрған шаруашылықтардың тұқыммен қамдануы өткен жылдың желтоқ- санында бағамдалған. Одан қағажу көретіндердің аты түстелді. Тұқымсыз қалған ша- руаларға мемлекет қол ұшын созды. Продкорпорация арқылы астықты форвардттық сатып алу бағдарламасы жүзеге асырылды. Оған Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысының аграрийлері қатысып, нәтижесінде 75 өтінім қаржыландырылды.

Министрліктің дәйегіне сенсек, бүгінде еліміздегі шаруалар тұқымнан кенде емес, қағажу көргендер толық қамтылды. Ел бойынша 2,2 млн.тонна тұқым әзірленген. Бұл қажеттіліктің 94 пайызын құрайды. Соның ішінде 1,9 млн.тоннасы дәнді дақылдарға тиесілі, 50,4 мыңы майлы, 29,4 мыңы жем-шөп дақылдарына қарастырылған. Картоптың тұқымы 239 мың тоннадан асып кеткен.

– Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары тұқымның тапшылығына ұрынған. Нәтижесінде облысаралық, аймақтың өз ішінде алмасудың арқасында әрі астықты форвардттық сатып алу негізінде түйіткілдің түйіні тарқалды, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының есебіне сүйенген вице-министр.

Көршіміздің ұлттық валютасы құнсызданып, тұқым үшін ат арылтатындар көбейді. Оған негізінен теріскейліктер үйір. Тұқым қорын сақтай алмаған шаруалар ресейлік дәннің тоннасын 60 мың теңгеден сатып алуда. Ресми мәліметтер сөзімізге дәлел. Көрші мем- лекеттен тасымалданған астықтың көлемі 58 мың тоннаны құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 мың тоннаға артық.

Өзімізге жетеді, шетелге де асады

Өткен жыл диқандар қауымын әлекке салғанымен, ел қамбасына 17,2 млн.тонна дән құйылды. Атқарушы билік биылғы түсім одан кем болмайтынына сенімді. Өз дастарха- нымызды нанмен қамтумен қатар өзге мемлекеттерге де жөнелтуге жеткілікті болуы тиіс.

Сыртқы нарықты бағындырудың жобасы әзірге қағаз жүзінде. Оған сәйкес қазақстандық дәннің құлашы кеңге сермейді. Экспорттық әлеует өткен жылдың шамасында межеленген. 7 миллионн тонна астық сыртқа жөнелтіледі. Орта Азия, Таяу Шығыс, Еуропа мемлекеттері әрі Қытай мен Ресей нысанаға алынбақ. Экспорттық жоспар бойынша сары алтынға иран- дықтар да қанық болмақ. Биыл Тегеранға тиелетін астық вагондарының қарасы едәуір қалыңдайды.

– Астықты Таяу Шығыс елдеріне тасымалдаудың келешегіне тоқталсақ, Иран біздің негізгі әріптесімізге айналып отыр. Биыл аталған мемлекетке дейін шойын жол төселуде. Оның арқасында экспорттық әлеует екі есе артатынына сенім артылған, – деп ауқымды жоспарларды вице-министр жіпке тізді.

Іс жүзінде бүгінде 4,7 млн тонна дән сыртқа жөнелтілген. Негізінен дәстүрлі бағыттарда Орта Азияға, Әзербайжанға, Ауғанстанға, Иранға 2,1 млн тонна, Ресейге – 119 мың тонна, Қытайға – 55 мың тонна, ЕО елдеріне – 61 мың тонна, Таяу Шығысқа – 17,9 мың тонна астық жеткізілді. Қазақстандық ұнның 1,1 млн тоннасы өзге мемлекеттердің дастарханына жол тартты.

Алқаптар жаңа әдіспен тексерілмек

Болжам бойынша қауіпті зиянкестер 7 млн 228 мың алқапқа таралады. Олардың 3,8 млн – үйірлі шегірткелер, 870 мыңы зиянкес көбелектер, тасбақа қандаласы 82, түрлі аурулар 2 млн деңгейінде. Олармен дер кезінде күресу мақсатында ел қазынасынан 3,7 миллиард теңге үлестірілді. Оның 721 миллионы дәрідәрмекті сатып алуға жұмсалса, 3 миллиард теңге химиялық өңдеу жұмыстарында кәдеге жаратылмақ.

– Ел қазынасынан бөлінген қаржыға дәрі-дәрмектер сатып алынып, өңдеу, сақтау және тасымалдау бойынша қызметтерді жеткізушілер анықталған. Пестицидттерді жеткізу жұмыстары аяқталуға тәмам. Министрлік шегірткемен күре суге дайын десек артық айтпай- мыз. Сонымен қатар жылда көбіне шегіртке ресейден келе- тіні байқалады. Көрші мемле- кетте олармен күресудің тәртіптері мен тәсілдері біршама басқа. Сондықтан жыл сайын Ресейдегі өсімдіктерді қорғау қызметінің, мамандарымен мәселені талқылаймыз. Биыл да күш-жігерді біріктіріп, бір- бірімізге қол ұшын созуға уағдаластық,- деп мәселенің мән жайын ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов түсіндірді.

Мамандар шегірткелерден төнетін қауіптің азаятынын алға тартып отыр. Дегенмен жағдайды уыстан шығармау үшін зиянкестерге қарсы жұмыстар күшейтілмек. Оның нәтижелігін арттырудың тың тәсіліне иек артылады. GPS- трекер арқылы алқаптар сүзгіден өткізілмек. Оның біреуі шамамен 25-30 мың теңгеге сатып алынған. Сақташ Хасеновтың айтуынша, оның арқасында әрбір маманның тексерілетін аймақта атқарған жұмысын, орналасқан жерін бақылауға жол ашылады. Күнделікті нақты ақпаратпен жедел түрде қолға алуға мүмкіндік бар. Егер зияндылық деңгейі шектен асса, онда нақты шаралар қолға алынып, химиялық өңдеуге кірісу жайы шешіледі. Биыл шегірткенің таралуы қауіпі бар 39,2 млн га алқап тексеріледі. Танап басындағы бұл жұмыстарға 1234 адам тартылмақ.

Әдетте жоспарланған жұмыстар Оңтүстік Қазақстан облысынан бастау алады. Аймаққа дәрі-дәрмектің алғашқы легі жеткізілген. Сәуірдің 20-нан марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары қолға алынған.

Түйін: Өткен жыл кейбір диқандарды сан соқтырып, кірістен гөрі шығынға батырды. Сары алтынның бір бөлігіне комбайнның тісі тимей, танап басында «қыстаған». Теріскейліктер де толастамаған жаңбырдың кесірінен ысырапшылдықтың дәмін татқанды. Астық бітік шыққанымен, 93 мың гектар алқап орылмады. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың есебіне сай шамамен гектарынан 15 центнерден санасақ, өткен жылы өңірде 144 мың тонна астық жиналмаған. 5 сыныпты деп бағаласақ, онда 500 миллион теңгені қар басқан.

Биылғы жылдың болжамы көңілге медеу, межеленген жоспарлар да ауқымды. Тек ауа райы тосын мінез танытпасын деп тілейік.

Венера Мұстафина

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каких специалистов не хватает на вашем сельхозпредприятии?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы