Бірігуге басымдық берілмек
Ірілену – өркендеудің кепілі. Атқамінерлер көпшіліктің ауылшаруашылық кооперацияларға деген күдігін сейілтуге мықтап кіріспек. Алдағы 5 жылда олардың кеңінен қанат жаюына жаңа серпін беру межеленген.
Әуелі ұсақ тауар өндірушілерді бірігуге ынталандыру көзделген. Оның арқасында әбігерге салатын өнімді тасымалдаудың түйіні тарқатылмақ. Тауар өндіруші өнімін кооперативке тапсырса, кооперация өз кезегінде тасымалдау жүгін мойнына алады. Бұл бағытта қаржылай қолдаудың жаңа тетіктерін ендіру нысанаға алынады. Биыл Қарағанды облысының Нұра ауданында қанатқақты жоба өмірге жолдама алмақ. 12 ауылшаруашылық кооперация негізінде қаржыландырудың жаңа тетіктері сынға салынбақ.
– Біздің орталық ауылшаруашылық тауар өндірушілерге технологияларды сатып алудың түрлі мүмкіндіктерін ұсынады. Бүгінде жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, олар сапалы технологиямен қатар қажетті сервиспен қамтамасыз етеді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ кооперацияларға жылдық мөлшерлемесі 6 пайызға тең несие және лизинг ұсынады. Олардың инвестициялық және өнім өндіру шығындарына демеуқаржы ұсынылады. 2020 жылға қарай мал шаруашылығы саласында 90 жуық кооперативке қолдау көрсетіліп, бұл шағын және қосалқы шаруашылықтарға 400 млрд теңге көлемінде қосымша кіріске кенелуге мүмкіндік береді.Осылайша ауылшаруашылық кооперациялардың дамуы қарқын алатынына үміттенеміз, – деп мәселенің мән- жайын «Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығы» ЖШС бас директоры Дамир Егізбаев тергіштеді.
Төрт түліктің дені қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Десек те олардың және қайта өңдеу кәсіпорындарының арасында әлі де байланыс көпірі орнамаған. Оның кесірінен ет және сүт өнімдерін өңдейтін ошақтарға шикізат жетіспейді. Олар үшін толық қуаттылыққа көшу әзірге сағымға айналып отыр. Мәселенің түйінін тарқату жүгі кооперацияларға арқаланбақ. Жеке қосалқы шаруашылықтарды, ұсақ шаруа қожалықтарды біріктіру арқылы өнімді өндіріске жеткізудің жүйелі жолын қалыптастыру көзделген. 2021 жылға белгіленген меже – 1500 ауылшаруашылық кооперацияларды құру. Ірілендіру қарқын алса, 500 мыңға жуық ұсақ тауар өндіруші кооперативтерге бірігеді. Бұл құзырлы министрліктің есеп-қисабы. Оған сәйкес шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың үлесі 1,3 есеге артады.
– Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, оларды қаржыландыру үшін несиелеу бағдарламаларын ендіруге баса назар аударылған. Бүгінде елімізде 150- ге жуық жаңа ауылшаруашылық кооператив құрылған, олардың 98-і мал шаруашылығына тиесілі. Оның аясында шағын мал бордақылау алаңдарының және сүт қабылдау бекеттерінің жұмысын оң жолға қоюға баса назар аударылған. Сонымен қатар мал шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік қолдау тетіктері қайта қаралады. Бүгінде қолдау 2 бағытта жүргізіледі: асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және өндірілген өнімнің өзіндік құнын арзандату. Енді бұл тетіктер қайта қаралмақ. Демеуқаржыландыруға қатысатын тауар өндірушілерді барынша қамту үшін басты көрсеткіштер мен талаптар деңгейі жұмсартылады. Оның есебінен мемлекеттік қолдауды арттырып, ауылшаруашылық өндірушілерге демеудің игілігін сезінуге мүмкіндік берілмек, – деп мәселенің мәнісінеҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов жан-жақты тоқталды.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бірігуге ниет білдірген тауар өндірушілерге қол ұшын созады. Өткен жылдың шілде айынан бері «Ынтымақ» бағдарламасы қолға алынған. Оның игілігін ет, сүт, бау-бақша өнімдерін өндіруге бел буған кооперативтер сезінеді.
– Ауылшаруашылық кооперативтерін дамытуға бағытталған «Ынтымақ» бағдарламасы аясында сервистік дайындау орталықтарына қажетті техника және құрал-жабдықтар сатып алуға, айналымдағы қаржыны толықтыруға несие беріледі. 2016 жылы Қормен 1379 тауар өндірушіні біріктірген 64 кооперативке қолдау көрсетілді. Оларды несиелеуге 2,3 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. 2017 жылы бұл бағытта 4,4 миллиард теңге қарастырылып отыр, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз хатшысы Әлия Енсенбаева.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына артылған үміт көп. Құжатта 16 басымдық айқындалған. Оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, мал шаруашылығының, өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттыру, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру, несиелеудің жаңа тетіктерін қарастыру, экспортты ұлғайту. Белгіленген мақсат-міндеттер өмірге жолдама алу үшін ғылыми сүйемелдеуге, жаңа технологияларды ендіруге баса назар аударылады.
– Қазақстанның кемінде 2 аумақтық брендін құру пысықталады. Біріншісі қазақстандық ет бойынша және екіншісі «kz organic food» органикалық өнімге бағытталған. Егер мал шаруашылығы қанатын кеңге жайса, экспорттық әлеуетті қамшылап, жаңа өткізу нарықтарын оң жолға қою қажет. Бұл бағытта биыл Ресей, Қытай және Иран нарықтарына өнімді өткізудің қадамдарын тізетін Жол картасы түзілмек. АӨК экспорттық орталығы құрылмақ. Оған сыртқы нарықтарды сараптау, Жол карталарын түзу, экспорттық өткізу нарықтарын қалыптастыру, экспорттық келісім-шарттарды кепілдендіру мен сақтандыруды ұсыну, өнімді сыртқа тасымалдау бойынша кеңес беру жүгі артылады, – дейді «Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығы» ЖШС бас директоры Дамир Егізбаев.
Жаңа құжат ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, «Қазақстанда өндірілген» белгісі бар өнімдердің қатарын көбейтетініне сенім бар
Венера Мұстафина
23.01.2017 ж. мақала