«Биохим» зауытының бағы ашыла ма?
«Қырдағы ғажайып» атанған «Биохим» зауытының екінші тынысы ашылмақ. Солтүстік Қазақстан облысындағы бірегей кешен 5 жылдан бері тоқтап тұр.
Әзірге қамбадағы сары алтынның 30 пайызын қамтамасыз ететін астықты өлкеде 400 мың тонна ұн тартылады. Ал майлы дақылдардың бар-жоғы 10 пайызы ғана өңделеді. Әлеуетін саралаған теріскейліктер биыл қайта өңдеу саласының тынысын кеңейтіп, шикізатты ұқсатуға мықтап кіріспек. Жұмыс орындарын көбейтіп, облыстардағы тұрғындардың орташа жалақысы бойынша көштің соңынан ілескен ахуалды жақсарту көзделген. Бұл бағыт майды өңдейтін қос зауыттың қазығы қаланады. Бірі Тайынша ауданында, екіншісі Қызылжар қаласында бой көтермек. Инновациялық кәсіпорындарды ашуға ғана бой ұрмай, олардың тұрақты жұмыс істеуін де тасада қалдырмаған дұрыс. Қыруар қаржыға салынып, лентасы салтанатты түрде қиылғанымен, кейін тоқырауға ұшыраған «серпінді жобалар» бар екені мәшһүр.
Тың технологияның тілін игеретін тың өндірістердің іргетасын қалаумен қатар, тұралаған кәсіпорындарға да қан жүгірткен ләзім. Теріскейліктер қолдағы өндірістің қадірін қайта сезінуге бекінген. Қағаздағы деректердің іс жүзіндегі ахуалмен сәйкестігі сарапталып, қайта өңдеу саласының тынысы таразыланды. Нәтижесіне сүйенсек, тиісті құрылғылармен Һәм қажетті қуаттылықтарымен жабдықталған 22 кәсіпорын әр түрлі жылдары тоқырауға ұшыраған. Олардың 7-і қайта өмірге жолдама алып отыр. 5 жылдан бері қаңыраған «Биохим» зауытына да биыл жан бітпек. «Қырдағы ғажайып» 2006 жылдың қыркүйегінде Тайынша ауданында дүркіреп ашылған-ды. Оған дәнді дақылдарды терең және жоғары технологиялық тұрғыда қайта өңдеу жүгі артылды. Зауыт мамандары астықтан қоршаған ортаға зияндылығы төмен биоотын алуға кірісті. Ал одан артылған қалдықтан көмір қышқыл газды, балуызды, ақуызды, мал азығын дайындау межеленген. Жоғары технологиялық өнім ішкі нарықты қамтып әрі сыртты да бағындыру тиіс еді. А лайда «ТМД теңдесі жоқ» кешеннің бірегей жоспарлары қағаздан ары аспады. Аты жер жарғанымен, бірақ затының даңқы сол күйі шықпаған. Оған өнімді өткізудегі келеңсіздіктер де аяққа тұсау салған көрінеді. Қарызға белшесінен батып, тиесілі еңбекақысын төлемей, жұмысшылардың қытығына біраз тиген- ді. Салық бойынша да борыш көбейген болатын. Басы даудан арылмаған бірегей зауыттың өміршеңдігі ұзаққа бармады. Кесірінен 300-ден астам адам нәпақаларынан айрылып, 12 млрд.теңге көлеміндегі қаржы желге ұшты. Бұл «Биохимнің» қазығын қалауға бұйырған қыруар қаржы. Оны ескерген атқарушы билік кешенді аяққа тұрғызуды ұйғарған. Оның құнына бағалау жүргізіліп, тиімділігін сын тезіне салмақ.
– Үкіметтің келісімімен, «Биохимнің» болашақ инвесторы «Қазмұнайгаз» ұлт тық компаниясы атанатыны мақұлданды. «Қазмұнайгаз» қысқа уақыт ішінде барлық жұмыстарды реттеп, техникалық аудит жүргізу бойынша франциялық компаниямен келісімге қол қойды. Тексерістің есебі қаңтар айында әзірленіп, қолымызға жетпек. Оған сәйкес зауыт келешегінің мәні көрсетілсе, оны 2015 жылдың бірінші жарты жылдығында қайта іске қосамыз. Өнімнің атауы өзгертілмейді. Себебі бүгінде биоэтанолдың шығарылуы аса маңызды. Оны еліміздегі мұнай өңдейтін зауыттарда жанар-жағармай материалдарын, әсіресе бензинді дайындау кезінде қолдану қарастырылған. Биоэтанол экологиялық мәселелерді шешуде септігін тигізбек, – деп, мәселенің мәнін Солтүстік Қазақстан облысының тізгінін ұстаған Ерік Сұлтанов жіпке тізді.
Қаңтардың 12-сі облыстық әкімдіктің баспасөз қыз- метін е хабарлас қ аны – мызда, әлі де франциялық мамандардың есебі қолға түспегені айтылды. Құжатқа сәйкес зауыттың келешектегі тиімділігі бойынша есеп-қисап жасалып, мәселеге нүкте қойылмақ.
Венера Мұстафина