Батыс Қазақстанда астық қаншалықты жиналды
Батыс Қазақстан облысында барлық егіс алқабы 607 мың гектар болса, соның 309,6 мыңы – дәнді дақылдар, 98,1 мыңы – майлы дақылдар, 195,5 мыңы – мал азықтық дақылдар, 3,9 мыңы – көкөніс-бақша дақылдары, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Ситқазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 63 мың гектардан (20 пайыз) дәнді дақылдар орылып, орташа есеппен гектарына 11,5 центнер өнімділікпен 72 мың тонна астық жиналды.
Берік Маратұлының сөзіне қарағанда, егін орағы одан әрі жалғасуда.
«Күзгі дала жұмыстарына және мал азығын дайындауға барлығы 11 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Соның 8,5 мың тоннасы күзгі дала жұмыстарына бағытталған. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарынан қалған 2,7 мың тонна дизель отыны бар. Жеткізуші оператор болып «Нэфтек» ЖШС белгіленді. Күні бүгінге дейін ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 1993 тоннаға келісім-шарт жасалып, 869 тонна (33 пайыз) дизель отыны сатып алынды», дейді Б.Ситқазиев.
Оның айтуынша, өсімдік шаруашылығындағы субсидиялау бағдарламаларына 1,4 млрд теңге қарастырылды. Жыл басынан бері осы бағдарламалар бойынша шаруаларға 671 млн теңге субсидия төленді.
«Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға шаруаларға 5 пайызбен 2,4 млрд теңге беріліп, толық игерілді. Одан кейін «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы егіс және егін ору жұмыстарын 5 пайызбен қаржыландыру үшін 7,0 млрд теңге бөлінді. Бүгінде 2,04 млрд теңге шаруалардың қолына тиді, 0,13 млрд теңгеге өтінімдер қаралуда. Одан бөлек агроөнеркәсіп кешенінің егіс және егін ору жұмыстарын қаржыландыру үшін 5 млрд теңге «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына берілді», деді Б.Ситқазиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су тасқынынан егістікке келген залал 261 млн теңгеден асқанын жазған едік.