Батыс Қазақстан облысының қамбалары астыққа толды
Өңір диқандары биыл жоспарды жылдағыдан артық орындап, қамбаға мол өнім құйды.
Батыс Қазақстан облысы бойынша 202 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар егілген болса, бүгінде соның 97 пайызы немесе 196 мың гектары орылды. Қазір әр гектарынан 16,1 центнерден өнім алынып, алғашқы кіріс салмақта 314,2 мың тонна астық жиналған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,7 есеге артық, деп хабарлайды Informburo.kz.
Айта кетейік, былтыр 176,2 мың тонна астық жиналған болатын.
“Егін егу жұмыстарының алдында және вегетациялық кезеңде қалыптасқан ауа райы жағдайы егіннің бітік шығып, өнімнің мол жиналуына септігін тигізді деп есептейміз. Бұл өңір диқандарын қуантып отыр. Облыста лицензиясы бар 7 астық қабылдау кәсіпорны бар. Барлық астық сақтау қоймаларының сыйымдылығы – 504 мың тонна”, – деді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашев.
Бұдан өзге майлы дақылдар бойынша егін орағы жалғасуда. Биыл облыста 186 мың гектарға майлы дақылдар егілсе, бүгінде 49 мың гектар жерден мақсары орылған. Осылайша, 9,3 ц/га орташа өнімділікпен 45,2 мың тонна өнім алынған. Сондай-ақ, картоп, көкөніс-бақша дақылдарының жиын-терім жұмыстары да жалғасуда.
Егін орағына және күзгі-далалық жұмыстарға 14 165 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Жеткізуші оператор болып жанармай саудасы қызметімен айналысатын компанияларының бірі анықталған болатын. Дизель отынының бағасы литріне 195 теңгені құрайды. Егін жинау және мал азығын дайындау жұмыстарына 4 955 трактор мен 940 комбайн және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары пайдаланылған.