Балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан еді. Үкімет басшысының қатысуымен Түркістан облысының Шардара қаласында саладағы кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы органдар басшылары бас қосып, саланың болашағын талқылаған болатын. 2019-жылы еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құраған. Ал, сараптамалар Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр.
Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар Заңдарға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастыруға кірісіп кетті. Шындап кіріссе, төрт-түлік қана емес, балық өсіру де пайдаға кенелтетін кәсіп екенін біртіндеп түсініп келеміз. Алматы облысындағы кәсіби ихтиолог, бірнеше жылдан бері балық өсіруді кәсіп еткен Марлен Тұрсынәлі саланы дамытуға маман жетіспейтінін, ғылыми зерттеулерге көбірек күш салыну керектігін біраздан айтып жүргені содан болса керек. Есік балық шаруашылығындағы Марлен Тұрсынәлімен әңгімелесіп, балықшылық-биологиялықтың мән-жайын сұрадық.
– Марлен, балық өсіру саласына қалай келдіңіз?
– Мен 2010-жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау мамандығын бітірдім. Одан кейін магистратураға түсіп, Испанияда біліктілікті арттыру курсынан өттім. Сол жақта жүргенде шаруашылыққа қатысты біраз тың жаңалықтармен таныстым. Ал, университетті бітірген соң Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында зертханашы болып жұмыс істедім. Одан кейін бір шаруашылыққа балық өсіруші болып кіріп, бекіре өсіруді үйрендім. Уақыт өтіп, тәжірибем молайғаннан кейін 2015-жылы жеке шаруашылық ашуға бел буып, үй салам деп отырған қаржымды осыған құйдым да, балық өсіруге бел шеше кірісіп кеттім. Бірге оқыған группаластарымды жаныма алып, бірге істеп жатырмыз.
– Қазір Есік қаласында неше шаруашылықтың басын қосып отырсыз?
– Ең үлкені – өндірістік қуаты 250 тонна болатын шаруашылық. Одан бөлек шабақ өсіретін шаруашылық бөлек жұмыс істеп тұр. Былтыр «Tengri Fish» кәсіпорнын сатып алдық. Тескенсу ауылдық округіндегі Кеңес одағы кезінен бері қараусыз қалған шаруашылықты да толық іске қоспақпыз. Соған арнап қазір 2 млн дернәсіл дайындап жатырмыз. Бүгінде Есікте балықтың алты түрі – форель, сазан, амур, дөңмаңдай, бекіре, клариус сомы өсіріледі.
– Негізгі тұтынушыларыңыз қай қалалар, экспортқа шығару жоспарда бар ма?
– Балық көбіне Алматыға сатылады. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз қалаларына да апарамыз. Экспортқа жақында шығарып қалатын шығармыз. Себебі, Алматы маңында бізбен келісім-шарт арқылы жұмыс істейтін шаруашылықтар көбеюде. Бүгінде 4-5 шаруаға дернәсілдер мен балықтың азығын беріп жатырмыз. Сосын олар өндірілген өнімді бізге өткізеді. Егер өндірістік қуаттары толық іске қосылса, келер жылы балықты қайта өңдеу зауытын ашпақпыз. Яғни, балықты қатырып, мұз күйінде экспортқа жібере бастаймыз. Жем зауытын ашсақ деген де жоспар бар. Әзірге ішкі нарыққа жұмыс істеп жатырмыз.
– Ішкі нарықта балық өнімдеріне деген сұраныстың артқаны байқала ма?
– Соңғы уақыттары халықтың санасы өзгеріп жатқаны байқалады. Денсаулық үшін, ұзақ өмір сүру үшін балықтың да пайдасы зор екенін түсініп келеді. Бірақ халық балықты көп жейді екен деп өзен-көлдердегі бар балықты аулап, сұранысты қанағаттандыра беруге болмайды. Оны аулаған соң орнын толтырып, өсірілген балық жіберу керек. Мысалы, Қапшағайда балық аулайтын 20 учаске бар десек, әрқайсысынан 30 тоннадан ауланады. Бірақ орнына жіберілетін балық аз. Осы мәселелер де жолға қойылуы тиіс деп есептеймін.
– Қазір балық шаруашылығын дамытуда қандай негізгі проблемаларды айтар едіңіз?
– Балық шаруашылығындағы нөмірі бірінші проблема – мамандардың тапшылығы. Университетте оқып бітірген балалардың тәжірибесі болмағандықтан ешкім жұмысқа ала қоймайды. Оқу орындары мен шаруашылықтар арасында байланыс жоқ. Осы мәселелерді жолға қою мақсатында біз биыл «Балық мектебін» аштық. Бүгінге дейін 30 бала оқыттық, соның 10-ы шаруашылықтарын ашуға дайындалып жатыр. Балықты қалай тамақтандыру керек, қандай материалдар қажет, бәрін көрсетеміз. Балықты аурулардан сақтауға бағытталған вакцинацияның жасалу жолын да үйретеміз. Сөйтіп жастар бізден тәжірибе жинақтап, өз шаруашылықтарын аша алады немесе бізге жұмысқа тұра алады. Қазір Қазақ ұлттық университеті базасында ғылыми-өндірістік орталық ашуға келістік. Құралдар алуға инвестиция қарастырылуда. Онда қандай да бір жаңалық табылса, іс-жүзінде жасап көруге мүмкіндік болады. Тек ҚазҰУ емес, екі қаладағы аграрлық ЖОО-лар, Оралдағы Жәңгірхан атындағы университеттің студенттерін де бізге практикаға тарту керек. Ғылыми институттар қаншама зерттеу жүргізсе де, ол өндіріске енгізілмесе, пайда болмайды. Балық өсіру жаппай қолға алынғанда балықтар ұшырауы мүмкін аурулар да, емдеу жолдары да терең зерттелуі тиіс. Ғылыми орталықтар қауіпсіздік шаралары үшін де аса қажет.
– Өткен жолы балық шаруашылығының перспективалары туралы Үкімет басшысының қатысуымен Шардарада өткен жиында сіз де болдыңыз. Қазақстандағы су ресурстарының қуаты жылына 600 мың тонна балық өсіруге жететіні туралы айтылды. Бұл межеге жету үшін қандай жүмыстар жолға қойылуы керек деп ойлайсыз?
– Иә, біздегі суларда балық өсіріп, көбейтуге мүмкіндік көп. Бірақ сол 600 мың тонна межеге жеткеннен кейін, оны экспорттау мәселесін көбірек ойлануымыз қажет. Ауланған балық пен өсірілген балықтың категориялары бөлек. Ресей, Қытай секілді мемлекеттерге өнім жөнелту жөнінде келісімге келсек, олардың қоятын талаптарын зерттеу керек болады. Өзен-көлден ауланған балық экологиялық таза болғандықтан көп ойланбай ала салады. Ал өсірілген балыққа талап жоғары. Одан кейін жоғарыда айтқанымыздай, маман мәселесі жолға қойылуы тиіс. Сол Шардарада өткен жиынның бір пайдасы – жергілікті әкімдіктер шын мәнінде бұл саланы әр өңірде де дамытуға болатынына көздерін жеткізіп қайтты. Қазір Алматы облысындағы әкімдік өкілдері түрлі бастамалар көтеріп, ұсыныстар айтуда. Бұл, алға жылжуға бірден бір себеп болады деп ойлаймын.
Дереккөзі: ҚазАқпарат