Бөдене қазаққа таңсық емес
Кәсіптің бұл түрі арқылы айлығы мен шайлығын айыратындардың қатары қалыңдауда. Шамамен 80 шаруашылық бөдененің еті мен жұмыртқасын өндіруге ден қойған. Талай дертке дауа өнімдерге сұраныс еселенген. Құс өсірушілер оның нәсібі мол екендігін алға тартады.
Жер-жаһанда бөдененің 20 түрі бар. Олардың бірі еті мен жұмыртқасы үшін бағаланады. Екіншілері, тек сәндік мақсатта кәдеге жаратылады. Алғашқы нұсқаның тамырын басқандардың саны басым. Қаржыға қомағай кәсіпті отандастарымыз дөңгелетуге бекінген. Теріскейлік жас та бағын сынауды ұйғарды. Әуелі қағаздағы жобасын «Мемлекеттік грант» байқауына жолдады.
Сыннан сүрінбей, 1,5 млн теңге көлеміндегі жүлдені иеленді.
Қаржыны жобаны іс жүзінде жүзеге асыруға жұмылдырды. Алексей Косарев нарықта 400-ден 900 теңгеге дейін бағаланатын құстың аналығынан гөрі оның жұмыртқасын сатып алудың тиімді екендігін алға тартады.
«Бөденені өсіру кәсібінің артықшылықтары бір төбе.
Біріншіден, жұмсалған шығынның ақталуы көп күттірмейді, тиімділігі де жоғары. Мәселен, құстың 500 басын өсіретін ш аруашылық е кі а й і шінде тартылған қаржының орнын толтырады. Екіншіден, бөденені өсіру технологиясы өте қарапайым. Бір шаруашылықтың тасын өрге домалатуға екі адам да жеткілікті. Үшіншіден, оның балапандары 30-40 күннен кейін жұмыртқалайды. Оның әрқайсысынан бір жылда кемінде 280 жұмыртқа жиналады. Бұл ретте әуелі өткізу нарығының кілтін табу қажет, – дейді Алексей Косарев.
Бұл оның кәсіпкерліктегі алғашқы қадамы. Құсқа арналған торларды өз қолымен жасаған. Ал қажетті азықты дайындау амалын үйрену үшін ғаламтор беттерін парақтаған.
28 жастағы Антоновка ауылының тұрғыны бөдене шаруашылығының артық- шылықтары мен кемшіліктерін зерделеген. Соңғысына қарағанда алғашқысының мысы басым. Енді кәсіптің көзін тапқан солтүстікқазақстандық жас оның аясын кеңейтуді діттеп отыр. Еншісіндегі, құстың санын 1500-ге жеткізу межеленген. Нәтижесінде күніне 1 мыңға жуық жұмыртқа жиналады. Оның бір данасы 6 теңгеге өткізілсе, жас кәсіпкер күніне 6 мың теңгеге жуық кіріске кенеледі. Кәсіпкер шаруаның бүге-шігесін бағамдап, шығындар мен табыстардың есеп-қисабымен қамданған. Ол асығы алшысынан түсетініне үмітті.
Венера Мұстафина