Ауылшаруашылық техникасын жеңілдетілген лизингпен алу тетігін сақтап қалу қажет
Онсыз техника паркін жаңарту мүмкін емес, – дейді қазақстандық фермерлер. Егер бұл бағдарлама жабылатын болса, өнімділікті арттыру қиындай түседі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Тәуекелі басым егіншілік кәсіптің шығыны да аз емес. Техника, жанар-жағар май, тыңайтқыш, химикаттар алу керек. Бір сөзбен айтқанда, күзде қамба толу үшін қомақты қаржы қажет. Қостанайлық шаруа Андрей Двуреченский оны жақсы түсінеді. Өнімділікті арттыруға ынталы. Бірақ мемлекеттің қолдауынсыз оны іске асыру мүмкін емес, – дейді.
Андрей Двуреченский, «Александров» ЖШС директоры:
– Біз өндіріс тиімділігін көтеру керек дейміз. Тиісті агротехникалық шараларды, тыңайтқыштарды, нөлдік технологияны қолданбай, оны қалай көтересің? Осының бәрін атқару үшін заманауи жаңа бүріккіш техника, дән сепкіш кешендер, комбайн, шалғылар қажет. Ал оларды ұзақ мерзімді несиесіз, жеңілдетілген лизингсіз алу мүмкін емес.
Ресми мәлімет бойынша, елдегі тракторлардың 70%-ті ескі. Ұдайы жөндеуді қажет етеді. Ескі техникада жанармай шығыны да еселенеді. Осының бәрі еңбек өнімділігіне әсер етеді. Сондықтан сарапшылар ауылшараушылық техникасын жаңартуға тездетіп кірісу керек, – дейді.
Жигули Дайрабаев, Қазақстан фермерлер одағының төрағасы:
– Биылғы жылы, кем дегенде, қазір осы жақын арада 100 млрд тенге бөлудің амалын ойлау керек. Өйткені бізде әлеует бар. Мемлекеттің әлеуеті бар. Сондықтан осы үрдіс ұдайы жалғасатын болса, бізде мынау ауылшаруашылық техникаларымен қамтамасыз ету, жаңалау жөнінен біздің Президенттің қойған жоспары орындалады ғой деп ойлаймын.
Осы орайда шаруалар жеңілдетілген лизинг бағдарламасын сақтап қалуды сұрап отыр.