Ауыл шаруасы: бұрын 18 отар қой жаятын жерде бүгін 2-ақ отармен отырмыз
Жетісу облысының шаруалары мал басына шаққандағы жайылымдық жерлер көлемін азайтуды сұрап отыр. Айтуынша, заңның олақтығынан жүздеген шаруа қожалықтары малын бағатын жер таппай отыр. Бұл ретте олар облыс әкімі Бейбіт Исабаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
Көксу ауданы Мұсабек ауылдық округінен келген шаруа Бегали Исадинов аудандағы мал шаруашылығы саласының басты проблемасын атады. Бұл проблеманың басқа өңір шаруалардікінен ерекшелігі жоқ. «Баяғы жартас» – жайылымдар проблемасы. Айтуынша, аудандағы шаруалар малын жаю үшін жер таппай отыр. Ал орман шаруашылығының құзырындағы жерлер мал басына шаққанда барлық малға жетпей қалады, дейді ол.
«Біздің Көксу ауданының 70-80 пайызы құмды-шөлейтті. Құмда шөп жоқ, ауа райы жылдан жылға нашарлап жатыр. Мұнда 200-ден аса шаруа қожалығы бар. Соның жүздейі биыл жайлауға шығуы керек. Жайлау жоқ. Орман шаруашылығы басқармасына барсақ жер жоқ дейді. 1 қойға заң бойынша 7 сотық жер тиісті, бұл көп. Бұл норманы түсіру керек. Мың гектар жерге мың жылқыны айдап барасыз, бірақ үш отар қойды кіргізуге болмайды. Ол жылқыны ол жерден тіпті көрмейсіз», – дейді ол.
Шаруаның сөзінше, орман шаруашылығына тиесілі жерлер заңнамада бір мал басына шаққандағы жер көлемі дұрыс есептелмеген. Сол «олқылықтың» салдарынан көптеген шаруа малына жер таппай отыр дейді ол.
«Кеңес үкіметінде 18 отар боп отырған жерде қазін екі-ақ отар қоймен отыр», – дейді Бегали Исадинов.
Бейбіт Исабаев шаруаға аталған мәселені өңірден шыққан парламент депутаттарына жеткізуді ұсынды.
«Жайылым жөніндегі заң ғой айтып отырғаныңыз. Заңның ішінде ірі қараға, қойға, малға қанша жер нормасы деген бар. Соған өзгеріс енгізу бойынша облыстан сайланған мәжіліс, сенат депутаттары бар, соған хабарласып, хат жазыңыздар. Заңнамалық өзгерістер айтылды-қалды деген болмайды. Көп заңға өзгеріс енгізу керек», – деді ол.