Ауыл шаруашылығы министрлігі тарифтер мен технологияларды субсидиялау арқылы суды үнемдеу мүмкіндігін арттырмақ
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен бірге Алматы облысының шаруа қожалықтарының өкілдері, аудан әкімдері және отандық суару жүйелерін өндірушілермен кездесті. Ондағы мақсат су үнемдеу технологияларына жаппай көшу және оған қажетті шараларды қабылдау. Бұл туралы «АгроИнфо» АА ҚР АШМ баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Бүгінде Қазақстанда 2,3 млн га суармалы жер бар. Алайда 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,5 млн га нақты суармалы жердің 75% борозда әдісімен, 6% күріш алқаптарын суға бастыру, 21% қазіргі заманғы тамшылатып суару немесе жаңбырлату арқылы суарылады.
Айта кету керек, технология суды үнемдеп қана қоймай, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырады. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан фермерлерге инвестициялық субсидиялау және су беру қызметтерінің құнын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
«Фермерлерді заманауи су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін Су беру қызметтерінің құнын субсидиялау ережесіне өзгерістер енгізілді. Енді субсидиялар мөлшері суару тәсіліне байланысты болады, яғни, су үнемдеу технологияларын қолданбай суару кезінде су беру тәсіліне қарамастан тарифтің 50-75%, ал су үнемдеу технологияларын қолданумен 60-85% субсидияланады. Бірақ 2026 жылға қарай суды үнемдемейтіндер үшін өтемақы тарифке байланысты 30-55% дейін төмендейді», – деді Айдарбек Сапаров.
2020 жылдан бастап су үнемдеу технологиялары енгізілген алаң 91 мың гектарға ұлғайды. Бұған фермердің суару жүйелерін сатып алуға, су алу және беру үшін инфрақұрылым жүргізуге жұмсаған шығындарының 50% өтелуі себеп болды.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаев жылына 150 мың га жерді су үнемдеу технологияларымен қамту жөнінде нақты міндет қойды. Қазіргі уақытта Министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау нормативін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту мәселесін пысықтауда, оның 30% жергілікті бюджеттен субсидияланатын болады.
Сонымен қатар, жабдықтардың құнын арзандату үшін Қазақстанда өндірістер ашу жоспарланып отыр.
Жиында Айдарбек Сапаров көктемгі егіс жұмыстарына дайындықтың маңыздылығын атап өтіп, ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Министрлік шаруаларды 340 мың тонна көлемінде жеңілдікті дизель отынымен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етеді. Көктемгі науқанды қаржыландыруға «Кең-дала» бағдарламасы мен форвардтық сатып алу бағдарламасы ықпал ететін болады. Ағымдағы жылы «Кең-дала» бағдарламасы бойынша 140 млрд теңге қарастырылған, бұл 2 млн га егіс алқабын қаржыландыруды қамтуға мүмкіндік береді. Өтінімдерді қабылдау 19 қаңтардан басталды, алғашқы 15 млрд теңге ҚХА шотынан түсті. Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 40 млрд теңге бөлінді» – деді ауыл шаруашылығы министрі.
Сондай-ақ, ол 2023 жылы несиелерді ұзартуды жүзеге асырған АШТӨ-ге айыппұл санкциялары қолданылмайтынын атап өтті.