Атыраудағы мал базарында өлген сиырдан сібір жарасы анықталған
Атырау қаласында төрт түлік сататын 5 базар бар. Соның бірінде өлген сиырдан сібір жарасы анықталған. Бұл туралы бүгін әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Базар қызметкері 12 қарашада бір сиырдың өліп жатқанын байқаған. Кейін өлген мүйізді ірі қараның Батыс Қазақстан облысынан әкелінгені белгілі болған.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұркен Баяровтың айтуынша, мал базары жабылған.
«Қазір базар жабылды. Мұндағы малға толықтай вакцинация жасалып, 14 күн бақылауға алынады. Сосын дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Қала карантинге жабылмайды. Басқа жерден мұндай ауру анықталған жоқ», — дейді Нұркен Баяров.
Мал сататын кәсіпкерлер базар 14 күнге жабылатынына алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені, мал сатылмағандықтан, кәсіпкерлер шығынға батуы мүмкін.
«Базардағы малдың бәрі өлген сиырдың қасында тұрды. Шынымен ауру болса, соның қасында тұрған мал да өлмей ме?», — дейді Айдос Сәйфеденов.
Тағы бір кәсіпкер Махамбет Мақатовтың айтуына қарағанда, базарда тұрған малдың қоңын кетірмеу үшін жем-шөп қажет.
«Базарды 2 аптаға жабылса, мұнда тұрған малға жем-шөптің шығынын кім өтейді? Бұл бізге қосымша шығын ғой», — деді Махамбет Мақатов.
Бүгін өлген сиырдан сібір жарасы анықталғаны туралы қорытынды шыққан. Енді мамандар мал иелерін де тексеріп жатыр.
Ал, базар аумағында 56 сиыр, 79 қой, 7 жылқы тұр.
Сондай-ақ, қала аумағында мал сатылатын өзге базарларда да тексеру жүргізу көзделіп отыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері көкжөтелдің 144 жағдайы тіркелгенін жазған болатынбыз.
Дереккөзі: Kazinform