Атырау шаруалары Ресейге тапсырыс берген техникасын ала алмай жүр
Орыс үкіметінің наурыз айындағы қаулысына сәйкес, ауыл шаруашылығы құралдарын сыртқа шығаруға тыйым салынған. Салдарынан жұрттың қырауар қаржы төлеген техникасы шекарада қалып қойды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Бұл мәселе еларалық деңгейде шешілетін болғандықтан жергілікті биліктің құзыры жүрмейді. Шаруаның жайы не болмақ?
Атыраулық шаруа Қоныс Ерманов өткен жылдың аяғында Ресейдің Ставрополь өлкесі мен Волгоград облысынан ауыл шаруашылығына қажетті техникаға тапсырыс берген. Бірақ 5 млн теңгенің дүниесі әлі қолына тиген жоқ. Амалы құрыған тауар иелері шекараға сан барғанымен нәтиже шығара алмапты.
Қоныс Ерманов, қожалық жетекшісі:
– Өйткені сынған жағдайда өзіміз жасап, өзімізден тауып, қолдан жонып жасай қоямыз. Ресей жақын. Астрахань, Волгоград облыстары егінші облыстар Атырау облысы сияқты. Барып алып келсек те, өзіміз жасасақ та өзімізге үйлесімді. Өткенде Астраханьға барып келген сапарымызда да осы мәселе көтерілді. Енді олар көмектесеміз деп жатты.
Астрахандықтар көмектеседі. Бірақ олардың да шамасы шектеулі. Ауыл шаруашылығына қажетті тауарларды тасымалдайтын делдал компания Атырауға тыңайтқыштар мен препараттар жеткізіп беруге келіскен. Ал шектеуге іліккен техниканы қайтару қиын сияқты.
Амангелді Саламат, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– «Беларусь» тракторларына керек құрал-жабдықтардың барлығы елімізде сатылады. Осында арнайы дилері бар. Ал Ресейден шығатын техникаға тыйым салынып отыр. Қазір Астрахань облысының Үкіметімен күнделікті байланыс жасап жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Енді қалай РФ тарапынан шектеу алынып тасталады, тауарды жеткізуді көздеп отыр.
Ресей үкіметінің тауарларға салған шектеулері осы жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Сондықтан шаруалар күзгі терімде де техниканың тақсіретін таратмыз ба деп қауіптенеді.