Атырау облысындағы құрғақшылық өзендердің тартылуына әкеліп соқты
Атырау облысын жайлаған екі жылғы құрғақшылық өзендердің тартылуына әкеліп соқты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Салдарынан Индер, Махамбет, Жылыой және Мақат аудандарының шаруалары қажетті азық қорын жасақтай алмай қалды.
Трансшекаралық саналатын Жайық өзенін айтпағанның өзінде бастауын Орал таулары мен Ақтөбеден алатын Ойыл, Жем өзендеріндегі су көлемі күткен межеден екі есе кем болды. Тек Қызылқоға ауданына қарасты «Тайсойған» атты шұрайлы алқап облысты қиындықтан құтқарып отыр.
Қарабау ауылындағы мына шағын шаруашылықта 100-ден астам ірі қара мен 150-дей жылқы және 1300-дей ұсақ мал бар. Серіктестік Қызылқоға ауданына қарайды. Бұл жерде төрт түлікті көбейтуге болады. Тек шабындық пен жайылым тапшы. Себебі, негізгі тірлігі Ойыл өзеніне тәуелді шаруалар малға азық таба қиналады.
Нартай Амандықұлы, шаруа:
– Биыл үш трактормен 2000-дай рулон дайындадық. Оның жартысын қыстаққа түсірдік, өзіміздің малға. Жартысын көрші ауылдарға жері жоқ болғасын бердік. Бұрынғы жылдары 5-6 мың рулон шығаратын едік. Қазір жер мәселесі қиын болып тұр. Ауа райына, қар жаумауына байланысты қуаңшылық болып тұр, су келмейді.
Биыл Қызылқоға ауданы бойынша 9 мың тоннадан астам мал азығы дайындалған. Оның сыртында былтырдан қалған 30 мың тонна шөп қоры тағы бар. Құрғақшылыққа байланысты жергілікті биліктің ұйғарымымен аудан 13 мың гектар шабындығын Жылыой, Индер аудандарынмен бөлісті. Облыстағы жағдайдың күрделі екенін ескерген Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындалған мал азығының басым бөлігіне субсидия төлеуді қолға алды.
Әділет Шаймардан, Қызылқоға аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
– АШМ қаулысы бойынша мал азығын дайындауға кеткен шығын субсидияланды. Оған 60 шаруа қожалығы қатысты. Оларға мал басына сәйкес субсидия төленді. Ойыл өзенінің тасымауына байланысты соңғы 2 жылда үлкен күрделі мәселеге айналып отыр. Онымен облыс көлемінде арнайы мекемелер ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі көрші Ақтөбе облысымен республикалық деңгейде шешілуі керек.
Мұнайлы өңірді құрғақшылық жайлағалы үшінші жылға аяқ басты. Биыл да Қызылқоға ауданынан басқа өңірде қар түспеген. Облысқа қарасты 7 ауданның ішінде тек Құрманғазы ауданы ғана өзіне керекті мал азығын жинап алды. Қалғандары тек мемлекеттің көмегіне иек сүйеуге мәжбүр. Енді Жайық өзенін жайлаған Индер, Махамбет, Исатай аудандарының шаруалары еларалық келісімнен үлкен үміт күтеді.