Атырау облысында аграрлық сала алға баса ма
Атырау облысында басты басымдық мұнай-газ өнеркәсібіне бағытталдықтан ауыл шаруашылығы саласы кенжелеп қалған. Енді оны өркендетудің қандай жолы бар?

5 жобаға салынатын инвестиция — 27,5 млрд теңге
Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметке қарағанда, бұл салада 2 349 шаруашылық құрылымы тіркелген. Оның ішінде 2 323 шаруа қожалығы, 17 ЖШС, 9 ауыл шаруашылығы кооперативі бар.
Саладағы басымдық негізінен мал шаруашылығына беріліп отыр. Қазір шаруашылық құрылымдарында 225 369 мүйізді ірі қара, 442 338 қой, 109 228 ешкі, 143 505 жылқы, 41 739 түйе бар.
Ал көкөніс және бақша дақылдарын өсірумен айналысатын шаруашылықтар көп емес. Дән егіп, маңдай терімен тапқан табысымен несібесін молайтуға бет бұрған 350 шаруа қожалығы егіншілікті кәсіп еткен.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азат Қапановтың дерегіне сүйенсек, былтыр 10 мың 825 гектар алқапқа егін егу жоспарланған.
Алайда көктемгі тасқынның салдарынан егін алқабының 5 мың 564,3 гектары су астында қалған. Соның салдарынан егістік көлемі 5 мың 260,7 гектарға қысқарған.
— Былтыр табиғи сипаттағы төтенше жағдайға қарамастан егіншілер тәуекелге бел буды. Сөйтіп егіс алқабынан 600,1 гектардан картоп, 1 542,1 гектардан көкөніс, 937,3 гектардан бақша өнімі мен 2 181,2 гектардан мал азығы алынды. Тұрақтандыру қорына 5 мың 690 тонна өнім жиналды, — дейді Азат Қапанов.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтың мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы саласында 5 инвестициялық жоба іске асырылғалы отыр.
Бұл жобалардың құны — 27,5 млрд теңге. Оның ішінде 5 мың тонна құс етін өндіру фабрикасы, 21 мың 500 тонна көкөніс сақтайтын қос қойма, 5,6 гектар аумақты құрайтын жылыжай кешені мен жем дайындайтын зауыт бар.
— Биыл егістік алқабының көлемін 20 пайызға ұлғайту, суды үнемдеуге көмектесетін технологияларды көбірек пайдалану жоспарланып отыр. Алға қойған мақсатымыздың бірі — ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту. Атырау қаласында жылына 500 дана жаңбырлатқыш құрылғы шығаратын зауытты іске қосу жоспарланды. Ауыл тұрғындарының табысын арттырып, әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына 1 миллиард теңге қарастырылып отыр. Жоспарға сәйкес 61 ауылдық округте 12 кооператив пен 148 несие алушыны қамтылады. Жаңадан 161 жұмыс орны ашылады, — дейді Марат Мурзиев.
Әкім орынбасарының мәліметіне сүйенсек, 9 мың 600 гектар аумаққа егін егу жоспарланған. Оның ішінде 640 гектарға картоп, 3 мың 70 гектарда көкөніс, 1 415 гектар алқапқа бақша өнімдері егіледі.
Сондай-ақ 4 мың 530 гектарға мал азықтық дақылдары өсіріледі. Осы кезге дейін егістік алқабының 96 пайызы жыртылған. Ал 200 гектары көктемгі егін науқанына дейін дайын болмақ.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өткен жылы 3 ет өңдеу кәсіпорнында 836,6 тонна ет өндірілген. Ал 2 сүт фермасында 2909,5 тонна сүт өңделген.
Ауылдағы сүт өңдеу цехы
Мұнайлы өңірде мал шаруашылығы кең өріс алған ауданның бірі — Қызылқоға. Мұнда 556 шаруа қожалығы, 6 өндірістік кооператив пен 5 ЖШС тіркелген. Бірақ төрт түліктің өнімін өңдейтін цех жоқ еді.
Өткен жылы Қызылқоға ауданында алғаш рет сүт өнімдерін өңдейтін цех жұмыс істей бастады. Жаңа нысанды «Құрман» шаруа қожалығының жетекшісі Құрманбек Жаңабаев ашқан.
— Жаңа цехта тәулігіне 80 исырдан сауылған 1 тонна сүт өңделеді. Сиыр сүтінен пастерленген сүт, қаймақ пен айран, ірімшік секілді өнімдер шығарылады. Жобаның жалпы құны — 256 млн теңге. Құрылғылар Ресейден сатып алынды. Сүт өңдеу цехының ерекшелігі шығарылатын өнімдерге ешқандай қоспа қосылмайды. Сүт өнімдері — 100 пайыз табиғи өнімдер. Ал бағасы аудан тұрғындарына қымбат болмайды. Қазір ауылдың 10 тұрғынын жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді Құрманбек Жаңабаев.
Дегенмен, жергілікті тұрғындарға жаңа цехтың технологиясын тез меңгеру оңай емес. Сол себептен, олардың жұмыс істеу біліктілігін арттыру үшін Алматыдан арнайы маман шақырылған.
Ал шаруа қожалығында 609 мүйізді ірі қара, 253 жылқы, 137 түйе бар. Асыл тұқымды
154 сиыр сатып алынған. Оның ішінде 75 симментал, 38 ангус, 41 ақбас сиыры бар.
Қант зауытына қызылша табыла ма?
Атырау облысындағы қат тауардың бірі — қант. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, қанттың 90 пайызы өзге елдерден тасымалданады. Енді бұл мәселе шешімін таба ма?
Осы мәселені оң шешу үшін өңірде қант зауытын салу мәселесі қозғалып отыр. Бұл жобаны «Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС қолға алмақ. Компания басшысы Лина Тайкеннің дерегінше, зауыттың қуаты — жылына 144 мың тонна қант шығару.
Оның айтуынша, жобаның құны — 58 млрд теңге. Жер бөлу, құрылысын бастау мәселесі шешімін тапса, жаңа зауытта 200 жұмыс орны ашылады.
Алайда жылына 144 мың тонна қант шығару үшін шамамен 900 мың тонна қант қызылшасы немесе қант құрағы қажет. Ал Атырау облысында қант қызылшасын өсіруге маманданған шаруа қожалығы жоқ.
Дегенмен, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2022-2023 жылдары Махамбет ауданындағы «Дастан» шаруа қожалығында қант қызылшасы тәжірибе ретінде өсірілген. Оны өсіруге су үнемдеу технологиясын қолданылған.
— Қант қызылшасы тәжірибе ретінде өсірілді. Оның 1 гектардан 80-100 тонна өнім алынды. Қанттылығы 22-23% деңгейінде болған. Бұл тәжірибе өңірдің климаттық және жердің құнарлығы аталған дақылды өсіруге қолайлы екенін дәлелдейді. Ал қант қызылшасын өсіру бойынша әзірге жоспар жоқ. Бірақ өткен жылдардың тәжрибесіне сүйеніп, қант қызылшасын өсіруге болады, – деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
«Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ерманов қант қызылшасы өсірілгенін жоққа шығармады. Бірақ оны ешкім қажет етпеген.
— Шаруашылығымызда 6 гектарға қант қызылшасын егіп жүрміз. Бұл — кәдімгі күнделікті тағам ретінде қолданылатын қызылша. Бір жылда бұл қызылшадан шамамен 60 тонна өнім аламыз. Оны тұтынушыға ұсынамыз. Сатуға жарамайтынын малға береміз. Ал қант қызылшасын өсіруге ауыл шаруашылығы басқармасының жетекші маманының ұсынысы себеп болған еді. «Өсіріп көріңіз, шыға ма екен, көрейік» дегесін тәуекелге бел байладым. Иә, өнім шықты, алайда кейін оны ешкім қажет етпеді. Малға беріп көріп едік, кәдімгі қызылша секілді жемеді. Енді не істейміз? Амалсыздан жыра қазып, сақтауға мәжбүр болдық, — дейді Қоныс Ерманов.
Ол енді қант қызылшасын өсіруге ынталы емес. Басты себеп — бұрынғы шығыны ақталмаған.
Жалақысы төмен салада мамандар тапшы
Тек Атырау облысында ғана емес, еліміздегі табысы аз саланың қатарында ауыл шаруашылығы да бар. Осы саладағы басшылар маман тапшылығы барын жасырмайды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Жасұлан Сұлтанғалиевтің дерегіне қарағанда, мал өнімін өңдейтін 6 кәсіпорынға 30-ға жуық маман қажет.
— Ауыл шаруашылығы да өзге салалардан қалыс қалмай, дамуы керек. Ал оны өркендету алдымен зоотехник, агроном, технолог, ветеринар секілді білікті маманға байланысты болады. Сол себептен, ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс орындарын дамыту үшін жас мамандарды жұмыс жасауға шақырамыз. Жас мамандарға үй сатып алуға, бір реттік көмек түрінде қаржы беріледі, – дейді Жасұлан Сұлтанғалиев.
Махамбет ауданындағы «Первомайск» ЖШС тауарлы сүт фермасы бұрын сиыр сүтінен 12 түрлі өнім шығарған. Қазір өнім көлемі азайып, сүт пен қаймақ шығарумен шектеледі.
Шаруашылық жетекшісі Гүлсім Қалесованың айтуынша, бұған технологтың жоқтығы себеп болған.
— Бізде малдың саулығын тексеретін ветеринар, сүт зауытынан шығарылатын түрлі өнімнің сапасын қадағалайтын технолог жетіспейді. Шаруашылыққа агроном да қажет. Колледж, университет секілді оқу орындарын бітірген мамандар 5-6 айдан көп жұмыс істемейді. Себеп — жалақысы аз. Оқу орнын бітіріп келген маманға 200 мың теңге жалақы береміз. Ал олар бұл қаржыға риза болмайды, — дейді Гүлсім Қалесова.
Оның айтуына қарағанда, қазір шаруашылықтағы 9 маманының жасы 60-тан асқан. Қазір 2 мал дәрігері, 2 технологтың штаты бос тұр.
— Жас мамандарды шаруашылықта тұрақты жұмыс істегенін қалаймыз. Алайда жас маманның дені жалақының аздығын сылтау етіп, ауылда тұрақтағысы келмейді. Бұдан 6 жыл бұрын жұмысқа орналасқан ветеринарға шаруашылық есебінен баспана алды. Оның коммуналдық шығынын шаруашылық төлеп отыр, – дейді Гүлсім Қалесова.
Дерек көзі: Kazinform