Астықты терең өңдейтін зауыттар іске қосылады
Қазақстаннан шыққан ауыл шаруашылғы өнімдері ТМД елдері, Таяу Шығыс, Қытай, Үндістан тұрмақ Африка құрлығына, тіпті мұхит асып Америкаға экспортталып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Енді әрі кетсе 10 жылда терең өңделген астық өнімдерін өндіру және жеткізу бойынша жетекші он елдің қатарына енуіміз керек. Мемлекет басшысы осындай стратегиялық міндет қойды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін 2 есе арттыруды тапсырды. Әсіресе астықты терең өңдеуді дамыту қажет. Бұл межеге қалай жетеміз?
Астықты терең өңдейтін зауыттар іске қосылады
Елде жыл сайын 510 мың тоннадан астам астық терең өңделеді. Негізгі міндетті үш кәсіпорын атқарып отыр. Олар былтыр 152 мың тонна крахмал өнімдерін өндірді. Үкімет көрсеткішті еселеуге бейіл. Бұл үшін 2028 жылға қарай 4,8 млн тонна астық өңдейтін 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады. Жалпы құны 2,6 млрд доллар. Жіктер болсам, Қостанай облысында жылына 415 мың тонна бидай өңдейтін зауыт салынады. Түркістан және Жамбыл облыстарында жүгеріні қайта өңдейтін кәсіпорындар бой көтереді. Сондай-ақ Ақмола облысы мен Елордада крахмал, глютен, биоэтанол және аминқышқылдарының өндірісі іске қосылады. Бұл арқылы агроөнеркәсіп кешенін шикізаттық модельден жоғары қосылған құны бар бәсекеге қабілетті өнім өндіруге көшіру жолға қойылмақ.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Аталған зауыттар нарықтан шамамен 2,5 миллион тонна астық алады. Бұл фермерлер үшін үлкен қолдау. Өйткені тұрақты ішкі сұраныс пайда болады. Біз жай ғана астық сатпаймыз, бірақ қосымша құны бар дайын өнімді аламыз. Бұл жұмыс орындары да, экономика үшін де тиімді.
Экспорттық нарық кеңейеді
Ал терең өңделген астық өнімдерін АҚШ, Еуропа елдері, Қытай, Үндістан, ТМД, Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына шығару көзделеді. Бұл жай сөз емес. Мемлекет басшысы өндірісті арттырып қана қоймай, дайын өнімді экспорттауды да міндеттеді. Жоспар бойынша 2036 жылға қарай терең өңделген астық өнімдерін өндіру және жеткізу бойынша алдыңғы он елдің қатарына енеміз. Демек еңбек өнімділігін де арттыру маңызды. Жоғарыда мысал еткен жаңа кәсіпорындарда 3 мыңнан аса жұмыс орнын құру жоспары бар.
Қазір отандық бидайдан глютен мен крахмал шығаратын кәсіпорындардың бірі дайын өнімді АҚШ-қа экспорттап отыр. Әйткенмен, мұнда өнім тасымалдау қиындаған. Себебі кедендік баж салығы өсті. Ауыл шаруашылығы министрлігі өндірушілердің Жапониямен келісімге келгенін хабарлады. Экспорт көлемін жылына 2000 тоннаға жеткізу қажет. Биыл терең өңделген бидайдың алғашқы партиясы Сауд Аравиясына да жеткізілді. Енді Қытай нарығына биоэтанол тасымалдау мінтеді тұр.
Елде диірмендер саны азайып барады
Астықты терең өңдеу бойынша кешенді жоспарды жетілдіру керек. Құзырлы қауымдастық осыны ұсынады. Әзірге отандық бидайдың жартысына жуығы өзге елдерге жөнелтіледі. Ал бұл елдер біздің шикізатты өңдеп, қайта экспорттайды. Сондықтан шикізаттан көрі өндіріс және терең өңдеуге көшу міндет. Бұған елде диірмендердің азайып кетуі де бір мысал.
Қазыбек Әлішев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Небәрі 9 млн тонна ғана өнім шығару мүмкіндігі бар. Қазір 30 пайыздан сәл асатын мүмкіндігінше жұмыс жасап тұр. Бұған басты бір себеп қаржы жетіспеуде. Айналым қаражаты жеткілікті болғанда, олар толық қуатта жұмыс жасауына мүмкіндік болады. Екіншіден, экспортқа шығару елдердің кеңістігін ұлғайту. 18 мемлекетке шығарамыз. Қырғызстан мен Қытай. Қытайға малға беретін ұн қоспасын да шығарып жатыр. Бұл да жаңа өнім болып есептеледі. Осындай өнімдерді ұлғайтсақ, экспорттық әлеуетіміз көбейеді. Ал енді шикізат ретіндегі экспортқа шектеу қоятын болсақ, онда біздің 100 мыңнан астам шаруалардың мүддесіне кері әсер тигіземіз.
Отандық ұнға сұраныс артты
Астық одағының мәліметі бойынша, қыркүйек-желтоқсан аралығында еліміз 754 мың тонна бидай ұнын экспорттады. Бұл алдыңғы маусымнан 2 пайыз көп. Мәселен, Қырғызстанға 2 есе көп ақ өнімді жеткіздік. Бұл шамамен 36 мың тонна. Ал Түрікменстан 3 есе көп, яғни 38 мың тоннадан аса өнім алды. Бір ғана желтоқсан айында ЕАЭО елдерін санамағанда, сыртқы нарыққа 200 мың тоннаға жуық өнім саттық. Импорттаушылардың бәрі қазақстандық ұнды көбірек алуға ниет білдірген. Осылайша, Тәжікстанға 7 жарым мың, Өзбекстанға 36, Түркіменстанға 16, Ауғанстанға 134 мың тонна ұн жібердік. Қытай да отандық ұнымызды тұтынады. Мұнда баяғыша 1,6 мың тоннасын жеткіздік.
Жемдік ұнға сұраныс бар
Жалпы кейінгі жылдары сыртқы нарықтардан жемдік ұнға да сұраныс артты. Өткен жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында 1,19 млн тоннасын экспорттадық. Бұл екі жарым есе көп. Өнімнің 99 пайызы Қытайға кетті. Алайда, өндіріс үшін шикізат тапшы. Жетпегенін Ресейден аламыз.
Еліміз астықты тасымалдау шығынын субсидиялап келеді. Бұл үдеріс биыл да жалғасады. Қыркүйектің біріне дейін барлық экспорттаушы мемлекеттік қолдау шараларының шарапатын көреді. Бізге берген сұхбатында депутаттар ұн өндірушілерге де, астық өндірушілерге де, бірдей жағдай жасалғанын, яғни логистикалық шығындарын субсидиялау, айналым қаражатына қаржы беру сияқты көмек барын жеткізді. Инвестициялық жобаларды субсидиялау да жолға қойылған.













