Астық экспорты: шаруалар мол өнімді қайда өткізбек
Сонымен, 2024 жыл қазақстандық шаруалар үшін өнімді кезеңнің бірі болды. Егін жинау науқаны толық бітіп, еліміз 26,5 млн тонна астық бастырғаны белгілі. Шаруалар әр гектардан 16 центнерден егін жинады. Енді еліміз артық өнімнің көп болуына байланысты астық экспорты мәселесін күн тәртібіне шығарды. Қазақстан қай мемлекеттерге, қанша көлемде астық жеткізбек, кәсіпкерлер қандай қиындықтарға тап болуда? Kazinform тілшісі осы тақырыпты талдап көрді.
Еуропа мен Африка нарығына қызығушылық бар
Таяуда Сауда және интеграция министрлігі еліміз 12 млн тонна астық экспорттауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Яғни, Қазақстан өзге елдерге ай сайын 1 млн тонна астық жеткізіп отыруы қажет.
Жоғарыда айтылған 12 млн тоннаның 7,5 млн тоннасы бидайға, 1,4 млн тоннасы арпаға, 300 мың тоннасы жүгеріге тиесілі. Майлы дақылдар бойынша әлеует 1 млн тоннадан асады деп бағаланған.
Сауда министрлігінің жоспарына қарасақ, еліміз Орталық Азия мен Ауғанстанға 4,2 млн тонна бидай жеткізбек. Қытайға жалпы астық экспорты 2023 жылы 1,43 млн тоннаны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,5 есе өскен. Оның ішінде бидайдың үлесі – 538,8 мың тонна. Енді Қытайға экспорт көлемін 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік туып отыр екен. Дегенмен Қытай шекарасындағы кідірістер мен лицензиялау шарттары әлі де қиын болып тұрғанын ведомство өкілдері мойындады.
Қазір жаһандық сұраныстың артуы мен өнімділіктің төмендеуіне байланысты Италия, Латвия, Испания сияқты ЕО елдері маңызды нарық болып отыр. Жалпы, Түркия мен Таяу Шығысқа шамамен 1 млн тонна бидай экспорттау мүмкіндігі бар. Иранға арпа жеткізуді қалпына келтіру үшін сауда және логистика мәселелері шешілуде. Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзия нарықтарында қазақстандық бидай брендін ілгерілету жұмысы басталыпты.
Сондай-ақ Сауда министрлігі Арменияға 600 мың тонна, Италияға 1 млн тонна бидай жөнелту туралы келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеді. Солтүстік Африка елдеріне 200 мың тонна экспорт бойынша келісімдер әзірленуде.
Айтпақшы, Президент тапсырмасы бойынша Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен отандық шаруалардан 150 мың тонна астық сатып алу қарастырылып отыр. Өз кезегінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» өкілдері қазір 20 млн долларға 5 шарт бекітілгенін, сыртқы нарыққа шығу үшін шаруаларға көп көмек көрсетіліп жатқанын алға тартқан. Нақтырақ айтқанда, фермерге тікелей келісімшарт ұсынып, ешбір комиссиясыз, ақысыз түрде нарыққа шығуға көмектесуде. Қосымша 100 мың тоннаға Тәжікстан компаниясымен шарт бекітілген. Енді сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін көлік шығындарын субсидиялаудың қажеттілігі бар.
Ал Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға шамамен 1,5-2 млн тонна астық кететінін нақтылады. Бұған қоса, Батыс Ауғанстан мен Шығыс Иранға 1,5-2 млн тонна астық жөнелтіледі. Дәстүрлі түрде жеткізілетін Орталық Азияға, көршілес елдерге 6-8 млн тонна кетпек. Мәселен, Өзбекстанға 3,5 млн тонна жіберуге келісім жасалған.
– Келер жылдың басында Шыңжаңда (Қытай) кездесу болады. Ол жаққа өзім барамын. Гонконгтың басшысы мен ШҰАӨ (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі – ред.) басшысы болады. Үшеуіміз осы тақырыпты талқылаймыз. Гонконг пен Вьетнамға бидай апаратын жоспарымыз бар, контейнерлер арқылы жеткіземіз, – деп қосқан Үкімет басшысының орынбасары.
Жұманғаринның сөзіне қарағанда, кейінгі 2 айда 2,1 млн тонна астық экспортқа шығарылған. Осындай тенденция жалғаса берсе, болашақта еліміз экспорт көлемін 12 млн тоннаға жеткізе алады.
Жалпы, жыл басынан бері Қазақстан өзге елдерге 6 млн тонна астық экспорттаған. Оның ішінде қарақұмық экспорты 10 есе, жасымық 7 есе, бұршақ 3 есе және жүгері 2,5 есеге артыпты. Жыл соңына дейін Қытайға 250 млн долларға май өнімдерін экспорттау жоспарланыпты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, әлемдік нарықта астыққа сұраныс өте жоғары. Дегенмен басым бөлігі сапалы астықты қалайды. Еуроодақ елдері қызығушылық танытқанымен, әзірге ел экспорты бірнеше мемлекетпен шектеліп отыр. Мұнда жол тосып тұрған проблемалар жоқ емес.
Табыс егін шығынын ақтамай тұр
Енді нақты қандай мәселелер саланың тынысын аштырмай тұрғанына ойысайық. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеевтің сөзінше, биыл көрші елдер де Қазақстан секілді астықты мол жинаған. Ресей биыл 100 млн тоннадан астам астық жинап, сыртқы нарыққа 53 млн тонна бидай экспорттауды жоспарлаған.
– Қытай Қазақстан астығына шектеу қойып отырғаны белгілі, себебі олар бірінші өздерінің өнімін толық игеріп барып, жетпеген кезде импортқа жүгінеді. Елімізден қанша астық алатыны шамамен келесі жылы көктемнің басында белгілі болмақ.
Дегенмен Иран, Ауғанстан, Тәжікстан секілді елдер бидайымызға қызығып отыр. Сонда да Қазақстанда көп астық артылып қалғалы тұр. Мысалы, Қазақстанның ішкі нарығына керек жалпы астықтың мөлшері – 8-9 млн тонна. Биыл 26,5 млн тонна астық бастырдық. Сонда 17-18 млн тонна астық артылады. Міне, «соның бәрін қайда экспорттаймыз?» деген сауалға бас қатырудамыз. Өткізуге болар еді, бірақ теңіз порттары бізден тым алшақ. Егер Үкімет жол шығындарын төлеп беріп отырса, шаруаларға мүмкіндік ашылады. Бірақ шығын өтеле ме, белгісіз. Мәселен, қазір 1 тонна бидайдың құны 100 доллардан аспайды. 1 вагонға әрі кетсе 60 тонна бидай артылады. Яғни, 1 вагон бидайдың құны бар болғаны – 6 000 доллар, – дейді сарапшы.
Есенеевтің айтуынша, бұған қоса сапа мәселесі де тежеу. 3-сортты былай қойғанда, биыл еліміздегі бидайдың басым бөлігі 4 немесе 5-сорт болып шыққан. Дамыған елдер бұл сорттағы өнімді тек мал азығы ретінде пайдаланады. Әрине, Таяу Шығыс елдері аталған сорттағы бидайды ала береді. Дегенмен шаруалар жердің құнарлығын алдын ала бағаламағаны білінген. Оның үстіне биыл жауынның көп болуы кері әсер етіпті.
Кәсіпкерлер қазір қиналып отырғаны рас. Біріншіден, желтоқсан айында несиелерін өтеп үлгеруге тиіс, екіншіден, өнімнің өтуі қиындауда. Тұтынушы жоқ емес, көп, тек олар қазір емес, 2-3 айдан кейін «оянады». Үкімет отандық шаруалардан 1,5 млн тоннаға дейін астық сатып алатынын алға тартқан, дегенмен сала мамандары қосымша жеңілдіктер жасауды сұрап отыр.
– Негізі биылғы жағдай шаруаларға соғылған дабыл іспетті. Кезінде кәсіпкерлер егін егудің табысы көп екенін білді де, бірыңғай осы салаға бет бұрды. Енді құр егінмен шектелмей, қосымша мал шаруашылығын қолға алғаны абзал. Сол кезде үйлесімділік болып, шығынның орнын толтыра алар еді. Одан әрі терең өңдеуді жолға қойса, әйтпесе қазір тек шикізатпен шектеліп отырғанын өздері де біледі. Шынында, дайын өнім ұсына алмады.
Қалай алғанда да, таяуда банкротқа ұшырайтын шаруалар көбейеді. Есептеуіміз бойынша, кәсіпкерлер 1 гектар жерге бидай егіп, өсіріп, жинауға орта есеппен 100 мың теңге шығындалған. Әр гектардан 15-18 центнерден өнім жинағанда 55-60 мың теңге тапқан. Яғни, әр гектар үшін 40-45 мың теңге минусқа кеткен, – дейді Ербол Есенеев.
Сарапшының айтуынша, осы кезеңнен Үкімет те қорытынды шығаратыны анық. Экспорттаудың жаңа жолдарын іздей береді немесе шаруашылық бағытын ретке келтіруге көшуі мүмкін.
Әуелі өзге нарықтармен келісім жасалуы керек
Ал Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленовтің айтуынша, еліміздің 12 млн тонна астық экспорттауы – жоспар күйінде тұрған дүние. Жауапты ведомстволар тарапынан Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға – 2 млн тонна, Таяу Шығыс пен көрші Өзбекстан нарығына да осынша көлемде деген секілді болжамдар құрылған.
– Жоспардың орындалуы үшін әуелі аталған нарықтармен келісімдер жасалуы қажет. Мәселен, өзге нарықтарды көздеп отырғанда онсыз да жиі шектеу енгізетін Қытай бидай алудан бас тартуы мүмкін. Рас, Еуропа немесе Африкаға амалын тауып жеткізуге болады, бірақ барып тұрған астықты қабылдауға келіспесе – мәселе сонда туындайды.
Екіншіден, Үкімет шаруаларға әрі кетсе 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін несиелерін қайтаруды сұрап отыр. Бұндай қыспақта барлық диқандар қамбада жатқан астығын сатуға асығады. Ал бір мезгілде ұсыныс көбейген соң нарықтағы баға төмендейді. Осы сәтті көрші Тәжікстан жақсы пайдаланып үйренген, астығын өткізуге асыққан шаруаны арзан бағаға көндіріп, өнімнің көп бөлігін алып кетеді. Яғни, диқандардың шығыны ақталмауы мүмкін, – деді сарапшы.
Мәуленовтің айтуынша, 12 млн тонна астықты экспорттауға болады, алайда темір жолмен тасымалдау мәселесі бар. Еуропа елдеріне экспорттау үшін астықты алдымен Ресей арқылы өткізуге тура келеді. Көрші ел аумағынан алып өту үшін тарифтер белгіленген. Демек, жеткізудің шығыны аз болмайды. Үкімет экспорттауға арнайы субсидия қарастырғалы жатыр, егер сәтті қолға алынса, шаруаларға үлкен көмек болмақ.
– Нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алынбақ. Дегенмен бірінші рет 150 мың тонна ғана өткізілмек. Менің ойымша, бұл өте аз мөлшер. Ондаған млн тонна астық тұрғанда бұл істің мүлде пайдалы әсері болмайды. Біз шаруалардан кемінде 3 млн тонна астық сатып алу керегін айтып ұсыныс жасадық. Бәлкім, алдағы уақытта іске аса жатар, – деп топшылады Әкпар Мәуленов.
Бір сөзбен айтқанда, астық экспорттауда темір жолдар тынымсыз жұмыс істеп, ақша айналымы тоқтамауға тиіс. Импорттаушы елдер де дайын тұрғаны абзал. 12 млн тонна астық экспорттау тек жоспар күйінде. Әйтсе де тиісті ведомстволар қолдан келгеннің бәрін жасап, орындауға күш салып жатқан тәрізді.