Алматы маңындағы екі мыңдай есек Қытайға экспортталды ма
Алматы облысында Қытайға тірідей экспорттау мақсатында 1700-ден астам есек асыратайтын қожалық құрылған болатын, деп хабарлайды Kazinform.
Алайда шаруаның айтуынша, оларды сата алмаған.
– Үй жануралары енді фермада жоқ. Өкінішке қарай, біз оларды экспорттай алмадық, сатылмады. Біз оларды тегін бере салдық,– деп жауап берді Кazinform агенттігінің тілшісіне есек өсірумен айналысқан ферма иесі Максим Пожигайлов.
Кәсіпкер коммерциялық құпияны алға тартып, малды кімге бере салғандарын айтпады.
Еске салайық, былтыр әлеуметтік желіде фермадағы есек еті қала мен жақын маңдағы дәмханаларға сатылатыны туралы ақпарат тараған еді.
Кейін шаруашылық қандай мақсатта, қашан ашылғанын анықтау үшін Kazinform тілшісі мегаполис маңында орналасқан фермаға барып қайтты.
Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, шаруа қожалығында алғашқы кезде малға азық болатын дақылдарды өсіру жоспарланған. Бұл мәліметті «КазАгроМакс» қожалығының иесі Максим Пожигайлов та растады.
Оның айтуынша, кәсіпкер 1400 га жерді 2024 жылдың ақпан айында шетелдік инвесторлардың көмегімен сатып алған.
Сондай-ақ ферма иесі шаруа қожалығында аграрлық іспен қатар тұяқты жануарларды бағып, оларды тірідей шетелге экспорттау жоспарланғанын айтты. Жем-шөп егілген егістің есебінен алынбақ болған.
– Егістікпен қатар, Қытайға жануарларды тірідей экспорттау жоспарланды. Себебі, біздің серіктесіміздің Құлжа қаласында фермасы бар. Ол сүт сауумен айналысады. Бұл сүт онкологиялық ауруханаларға жіберіледі. Себебі, есек сүтінде казеин ақуызы көп, ол өкпе мен бауырды емдеуге көмектеседі. Бірақ бұл біздің еліміз үшін жарамайды. Сондықтан тек экспорт жасау жоспарланды, яғни шағын экономикалық орта қалыптастырғымыз келді. Осында дақылдарды егеміз. Оны малға беріп, кейін экспортқа жібереміз, – деген еді Максим Пожигайлов.