Ақтөбе облысында бақша өнімдерін өсіруді кәсіп еткендер көбейген
Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы шаруалар жергілікті тұрғындарды көкөніс пен бау-бақша өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Соңғы жылдары өңірде бақша өнімдерін кәсіп еткендер көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нәтижесінде сырттан келетін азық-түліктің үлесі азайды. Маусымдық егіс алқаптарымен қатар ауданда 4 жылыжай жұмыс істеп тұр. Бұл жыл бойы сауда сөрелерін балғын өнімдерге толтыруға жағдай жасайды. Қобда ауданы тұрғындары үшін таңсық кәсіпті игеріп, қаһарлы қыста құлпынай өсіріп отырғандардың бірі – Азамат Сәрсен. Бос жатқан ауласын табыс көзіне айналдыру үшін 500 шаршы метрлік жылыжай салған. Жылына бірнеше рет өнім алады. Әсіресе қыс мезгілінде сұраныс жоғары. Санаулы аптадан соң гүлдейтін жемісті аудан орталығымен қатар Ақтөбеге де жөнелту жолдарын қарастырып жүр.
Азамат Сәрсен, кәсіпкер:
– Әкеміздің өзінің бастамасымен жасалған проект. Әкеміз агроном болып жұмыс істеген бірталай жыл. Әлі сол салада жүр. Болашақта енді тек клубникаға ғана қарап қоймай, басқа да көкөністер, қиярың бар, Сұранысқа ие жеміс-жидектерді егетін ойымыз бар.
Ауданда мың жарымнан астам кәсіпкерлік нысан бар. Дені мал шаруашылығы саласында. Бірақ биыл 32 шаруа қожалығы бау-бақша мен көкөніс егуді де қолға алыпты. Өсім өткен жылмен салыстырғанда 105 процентті құрап отыр. Нәтижесінде халықты жергілікті өніммен қамту көрсеткіші 90 процентке жуықтаған.
Күнзия Төлешова, Қобда аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:
– Биылғы жылы енді өнім жақсы алынды деуге болады. Сәуір айынан бастап ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілді тұрақты түрде. Апта сайын. Нарықтағы бағадан 10-20 пайызға төмен болды.
Бұл орайда кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламаларды айта өткен жөн. Мәселен биыл Қобда ауданы тұрғындары «Бастау Бизнес» жобасы аясында 60 грантқа қол жеткізген. Нәтижесінде сапалы көкөніс пен жеміс-жидектен бөлек наубайхана мен шағын макарон цехі, ет дүкені сияқты сұранысқа ие нысандар жұмысын бастаған.
Любовь Валюжанич, Қобда ауылы тұрғыны:
– Мұндай дүкендердің ашылғаны бізге өте тиімді. Себебі бұрын шаруалар мал етін кемінде жіліктеп қана сататын. Сондықтан 2-3 келісін таңдап алу үшін Ақтөбеге баруға тура келеді. Енді қалаға шапқыламайтын болдық.
Азық-түлік қауіпсіздігін және халықты әлеуметтік тауармен қамтамасыз ету мақсатында ауданда тұрақтандыру қоры да жасақталған. Биыл шаруалар 325 тонна картоп, 12 тонна сәбіз бен үш жарым тонна қырыққабат жинаса, бұл өнімнің бір бөлігі қамбада сақталады.