Агросақтандыруға биыл 2 млрд теңге қарастырылған
Аграрлық несие корпорациясы өсімдік және мал шаруашылығы саласындағы сақтандыруға өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.

Сақтандыруға өтінімді Kezekte.kz платформасындағы QALQAN онлайн сақтандыру сервисі арқылы беру қажет.
Онлайн сақтандыру жүйесінің жеке кабинетінде фермер сақтандыру нысанасын көрсетуі тиіс. Мұнда «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесінде цифрланған алаңдарды немесе тіркелген жануарларды көрсету, сақтандыру компаниясын айқындау, сақтандыру шартын жасасу, сақтандыру сомасының 20% мөлшерінде сақтандыру сыйақысының бір бөлігін төлеу сияқты міндеттерді атқаруы керек. Ал сақтандыру сыйақысы сомасының қалған 80%-ын сақтандыру сыйақысы түрінде сақтандырушының өтінімі бойынша оператор субсидияны төлейтін болады.
2025-жылғы егін егу және күзгі жиын-терім маусымына топырақтағы ылғалдың тапшылығы мен артық ылғалдан сақтандыру Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстары үшін қолжетімді.
Дәнді дақыл егетіндер үшін құрғақшылықтан сақтандыруға өтінімді биыл 15-сәуірге дейін және майлы дақыл егетіндер үшін 30-сәуірге дейін беру қажет.
Дәнді және майлы дақылдарды жинау кезеңінде артық ылғалдан (жаңбырдан) сақтандыруға өтінім биыл 30-маусымға дейін қабылданады.
Мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын Қазақстанның барлық өңірлерінде жыл бойы сақтандыруға болады.
Агроөнеркәсіп кешініндегі сақтандыруға биыл шамамен 2 млрд теңге қарастырылған.