Аграрлық саясат жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті
Ү. ж. 17 тамызында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Аграрлық саясат жөніндегі кеңестің екінші отырысы болып өтті.
Кеңес отырысында сүт мал шаруашылығын дамыту жолдары қарастырылды. Салалық қауымдастықтардың және бизнес өкілдерінің қатысуымен сүт өндіруді мемлекеттік қолдау және асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері көтерілді.
Атап айтқанда, субсидиялардың тиімділігін арттыру үшін сүт өндіруге берілетін субсидия алушыларға қойылатын ережелерді қатаңдату ұсынылды. Үшінші деңгей бойынша сүт өндіруге бағытталған субсидияларды қайта қарастыруға қатысты нақты ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ, асыл тұқымды мал өсіруді және селекциялық және асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарының құнын арзандатуға бағытталған субсидияларды сол қалпында қалдыру ұсынылды. Отырыс барысында селекциялық және асыл тұқымды мал өсіру мәселелерін күшейту қажеттілігі айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, Министрліктің жанынан АӨК мемлекеттік қолдауды жаңғырту бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Осы топтың ұсыныстары апта сайын Аграрлық саясат жөніндегі кеңестің отырысында қарастырылады.
Кеңес Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды жаңғыртуға қатысатын консультациялық органдардың бірі болып қалыптаспақ. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ ауыл халқының жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға ықпал ететін бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен құруға жәрдемдесетін Кеңес болып табылады.