8 701 394-21-28

agro_info@bk.ru

Қазақстандық ұшақтар Африкаға жол тартпақ

DSC_0074 - копияТМД кеңістігінде баламасы жоқ ұшақтар Алматыда жа­салады. Зауыт жеке тапсырыстар бойынша ауылшаруа- шылық әуе техникасын құрастырады. Сыннан сүрінбей өт­кен «Арай-Агро» ұшақтары бүгінде егістік алқаптарында самғауда.

«Қазақстанда жасалған» бел­гісі бар тауарлардың қатары қалыңдап келеді. Ауылшаруа- шылық ұшақтың құрылысы да енді еліміз үшін таңсық емес. Олар өткен жылдан бері Алма­тыда шығарылады. Бүгінде отандық «Арай Агроның» 7-уі әуеде самғап жүр. Қазақстан­дық ұшақтың біреуін мәске­улік «Крафтрэй» компани­ясы еншілесе, өзгесі жергілік­ті шаруалардың алқаптарында қалықтауда. Сұраныс еселей түскен. Қазақстандық техни­каны Ресей және Африка сатып алуға дәмелі.

– Әуедегі өңдеу жердегімен салыстырғанда он есе арза­нырақ түседі. Ал өнімділік 25 пайызға артпақ. АН2 қараған­да «Арай-Агроның» жұмысы 5 есе нәтижелі, жер үсті техни­каға қарағанда 10 есе арзан. Шығындалатын жанар-жағар­май көлемі өте аз. Ұшақтан ештеңені қолды ете алмайсың. Компьютер орнатылғандықтан, оңды-солды қимылдау екі­талай. Сондықтан ұшақтың құны 2 жыл ішінде ақталады. Ал он жыл ішінде қожайынына 1 миллион 200 мың теңгеге жуық қаржыны үнемдейді, – деп зауыт жұмысының ерекшеліктерін «Авиа Мастер Эйркрафт» ЖШС директоры Дәурен Уәлиев жіпке тізді.

«АвиаМастер Эйркрафт» зауыты канадалық сызба-нұсқаларға құда түскен. Шетелдіктердің нұсқасын отандық мамандар жетілдірді. Ұшақтың қызмет сапасын жақсартуға бағытталған 37 ұсыныс канадалық «ZENAIR LTD» компаниясына жолданған. Олардың барлығына оң бата берілді. Енді зауыт қызметкерлері ұшақтың құрылымына бірқатар өзгерістер енгізді. Әуелі оның ұшу-техникалық сипаттамалары жақсартылды. Оған сәйкес «Арай-Агроның» қанаты 60 сантиметрге ұлғайды. Ұшу жыл-дамдығы күшейтіліп, мамандар отандық ұшақтың қауіпсіздігін жақсарту жолында да тер төкті.

– Канадалықтардың өздері «Арай-Агро» іспетті ұшақтарды құрастырмайды. Бүгінде біз олардан тек металды, қозғалтқышты сатып аламыз. Ал ұшақтың қалған бөлшектері елімізде жасалады. Біздің есептеулерімізге сәйкес қазақстандық үлестің көлемі 78 пайызды құрайды, – дейді ол.

Бөлшектері алыстан дорбаланбай, өзімізде жиналатын отандық ұшақтың құны 200 мың долларға бағаланған. Ауыл шаруашылығымен қатар өзге мақсаттарда да кәдеге жаратуға жол ашық. Жүк тасымалдайды, мемлекеттік шекараны әуеден күзетуге болады.

– Жеңіл моторлы ұшақтың қызмет аясы кең. Бірінші кезекте ауылшаруашылық мақсатта қолданудың нәтижелігі ұзақ күттірмейді. Дақылды химиялық тұрғыда қорғауға септеседі. Елімізде өсімдікке 340 қауіп-қатер төнеді. Олардың арасында зиянкестер, арамшөптер, түрлі аурулар бар. Ауылшаруашылық әуе паркінің 90 пайызға жоғы құрдымға кеткен. Бұрын кеңестік кезеңде бір мың АН2 ұшақтары қолданылған. Ал қазір олардың бар-жоғы 100 данасы қалды. Қолдағы ұшақтардың да пайдалану мерзімі аяқталады.
Сондықтан агроөнеркәсіптік кешенде кәдеге жаратылатын әуе техникасын дамытуға бар күш-жігерімізді бағыттадық, – дейді зауыт директоры.
Оның сөзіне сүйенсек, «Арай Агро» үшін арнайы ұшу-қонуды талғамайды, оған арнайы алаң¬дар талап етілмейді. 4 адамға шақталған жеңіл моторлы әуе техникасының ұшу қашықтығы 1200 шақырымға жететін көрінеді. Оған АИ-95 маркалы жанар-жағармай құйылады.

Венера Мұстафина

 

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каких специалистов не хватает на вашем сельхозпредприятии?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы