Жент пен талқанды дайындаудың сырын білесіз бе?
Алтын бесік ауылдарда түтін түтетін тұрғындар қол қусырмайды. Олар қолда барды ұқсатып, маңдай термен нәпақа табуда. Тары өсіруші Қалима Жұматай қазақтың ұлттық тағамын әзірлеуді оң жолға қойған. Олар бүгінде «Сыр дәмі» деген белгісімен шығарылады. Қазақтың брендіне айналуға лайық жент пен тарыны іздеп келушілердің қатары қалың. Тіл үйіретін жеңсік асты дайындаудың қыр-сырымен Шиелі ауданының тұрғыны бөлісті.
Жазда бұзылмайды, қыста қатпайды
«Еңбек етсең еленерсің, оның жемісіне кенелерсің». Қалима Жұматай өмірлік қағидасынан еш таймайды. Тапқан-таянғаны – тынымсыз төгілген тердің жемісі. Ауылда түтін түтететін нәзік жан бүгінде наубайхананың жұмысын дөңгелетіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде. Оның қолынан шыққан нан мен женттің дәмі тіл үйіреді. Табиғи және сапалы өнімге сұраныс арта түскен. Сүйікті ермегін Қызылорда облысының тұрғыны кәсіпке айналдыруға бекінді. Діттегені орындалды. Ұлттық тағамдарды өндіретін шағын цех ашылды. Бүгінде Қалима Жұматай өз кәсібіне бас-көз болып отыр.
– Шиелі ауданының Ортақшыл ауылы тарысымен көпшілікке белгілі. Тұрғындар жерден ризығын тауып, оның арқасында күнелтуде. Мен де жылда егістікте тер төгемін. Тары өсірудің қыр-сырын меңгеріп, оны кәсіпке айналдыруды шештім, – деп өзінің кәсібі жайлы 54 жастағы Қалима Жұматай сыр шертті.
Қалима апамыз тарының қадір-қасиетін жақсы біледі. Қызылордалық нәзік жан барымызды бағалап, ұлттық тағамдарымызды ұлықтау қажеттігіне сенімді. Оны сөзбен емес, ісімен дәлелдеуде. Еңбекқор тұрғынның қам-қарекеті көпшілікті тәнті етеді. Оған бой түзейтіндер де бар.
– Табиғи өнімнің артықшылығы көпшілікке мәлім. Жент апат ыстықта бұзылмайды, қытымыр қыста қатып қалмайды, – дейді Қызылорда облысының тұрғыны.
Заманауи технологиясыз қиын
Табысты шаруаны өрге домалату үшін Қалима Жұматай қосымша білім алуды ұйғарған. «Адам өмір бойы үйренеді» демекші, кәсіпкерліктің әліппесі арнайы оқыту курсында түртіп алынды. Оның негізінде кәсіпкерлік-жоспар түзілді. Нәзік жанның ойы көпшілікті бей-жай қалдырмады. Байқауда бағын сынаған ауыл тұрғыны 2016 жылы 700 мың теңге көлеміндегі гранттың иегері атанды. Оның арқасында ұлттық тағамдарды өндірістік деңгейде дайындауға жол ашылды. Тарыны түйетін арнайы қондырғы сатып алынды. Оны илейтін автоматтандырылған диірмен де енді арман емес. Ал дайын өнімдер арнайы қораптар мен орамаларда сатылады.
– Бұған дейін қап-қап тарыдан талқан өңдеу үшін аудан орталығына жол салуға мәжбүр едім. Шалғайға ат арылтып, дақылды тасымалдау әлекке салады. Қайтарымсыз гранттың арқасында жұмыстың бір бөлігін автоматтандырдым. Бұған дейін барлығы тек менің қол күшіме ғана тірелетін-ді. Тарыны тартатын электр диірменді және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Енді жентті дайындау үшін өзгелерге алақан жаймаймын. Барлық шаруа ауылдың төңірегінде жүзеге асырылады. Электр қуатының тапшылығы сезілгендіктен, ПРООН арқылы қосымша қуаттылық үшін қаржы алдық, – деп өзінің шаруаны дөңгелетудегі қадамдарын қызылордалық нәзік жан тергіштеді.
Тіл үйіретін «Сыр дәмі»
Дәмі тіл үйіретін жент, сөк, талқан бүгінде жергілікті тұрғындардың дастарханына ерекше сән келтіріп отыр. Жеңсік асқа сұраныс көп. Көпшілік ағзаға зиянды тез дайындалатын тағамнан гөрі денсаулыққа пайдалы, құнарлығы жоғары, дәруменге бай ұлттық өнімдерімізді таңдайды. Бүгінде сауда сөрелерінде «Қазақстанда шығарылған» деген белгімен жент пен тарының бірнеше түрі ұсынылған. Олардың өзіндік түсі мен үлгісі де бар.
Жентті дайындаудың машақаты көп. Көп уақыт пен асқан ептілікті талап етеді. Ұлттық тағам дастарханның сәнін келтіру үшін жұмсалатын қол еңбегі көп. Оның өзі бірнеше кезеңнен тұрады: қайнату, кептіру, қуыру, диірменнен тарту. Қалима апамыз қазан-ошақтың айналасында бір күн бойы тер төгеді. Әуелі тары бұқтырылып пісіріледі. Оны араластырған кезде дәннің қабықтарын алып тастау қажет. Дақылды қайнату да мұқияттылықты талап етеді. Оның уақыты шектен асып кетсе, онда дайын өнімнің дәмді болуы екіталай.
– Қайнаған тарыны кептіріп, қазанда қуырамын. Содан кейін диірменде тартып, тарыдан талқан алынады. Оған сары май қоссаң, дәмі ерекше болады. Женттің түр- түрін дайындаймын. Оған қантпен қатар мейіз, жаңғақ, бал, өрік қосылады. Ұлттық тағамның сапасына және табиғи ерекшелігіне баса назар аударамын. Дайын өнім «Сыр дәмі» белгісімен саудаға шығарылады. Бір қорапта женттің 20-21 данасы болады. Бағасы 400 теңге. Тұтынушылар үшін қолжетімді. Ең бастысы сапалы. Себебі кәдеге жаратылатын тарыға баса назар аударамын, – деп жентті дайындау құпиясымен Ортақшыл ауылының тұрғыны бөлісті.
Танап басындағы тынымсыз еңбек
Еңбекқор Қалима Жұматай жылда 1,5 гектар алқапқа тары егеді. Оны қолмен орсаң, женттің дәмі ерекше болады дейді ауылшаруашылық тауар өндіруші. Сондықтан оның қолынан басты еңбек құралы – орақ түспейді. Алқаптағы жұмыс тек қол күшіне ғана артылады. Оның бейнеті көп. Алқапқа сіңірілген дән жайқалу үшін оны арамшөптерден тазалауды қаперден шығармау қажет. «Тары өсірудің өзіндік қыр-сырлары бар. Оларды елемей, қол сілтесең, өнімнің бір бөлігінен қағыласың», – дейді тары өсіруші.
Бүгінде қызылордалық нәзік жан жентті әзірлеумен қатар наубайхананың жұмысын оң жолға қойған. Ол күніне 80-90 бөлке нан пісіріп, дүкендермен қатар әлеуметтік маңызды нысандарды қамтамасыз етеді.
Бүгінде атақты тары өсіруші Шығанақ Берсиевтің ізбасарлары дақылды егістікке сіңіріп, дәстүрді жалғастыруға бел буғаны қуантады. Оған қызылордалықтармен қатар ақтөбеліктер де ден қойған.
Венера Мұстафина
23.10.2017 ж. мақала