Ынталандыратын жобалар бар
Биоөндірістің қанат жаюына жол салатын заң қабылданып, органикалық егіншілікті дамытатын алғашқы қадамдар жасалды. Экологиялық таза әрі сапалы өнімдерді өндіруге жергілікті тауар өндірушілер әлеуетті. Оны «Жасыл экономика үшін» коалициясының басы-қасындағы Айгүл Соловьева да мойындайды.
– Айгүл Сағадибекқызы, органикалық егіншілікті құқықтық тұрғыда реттейтін тетіктерді пысықтауға Коалиция өкілдері де белсенді түрде атсалысқаны мәлім. Бүгінде тиісті заң құпталды. Енді қандай межелерді бағындыру көзделген?
– Бүгінде елімізде экологиялық егіншілікке бет бұрған шаруашылықтардың қатары аз емес. Олар үшін «Органикалық өнім өндіру туралы» заң қабылдануы маңызды қадамға айналды. Енді өнімді сертификаттау мәселесі пысықталу үстінде. Құзыретті орган сертификатты жергілікті жерде беру үшін халықаралық қауымдастықтан аккредитация алады. Біздің сертификат барлық әлемнің сенім үдесінен шығуы тиіс. Оны ұсынған кезде өнімді еш қиындықсыз өткізу мүмкіндігін қарастырылғаны жөн.
Ал бұрын тауар өндірушілер шетелден маман шақыртып, оған қомақты қаржысын рәсуа етіп, қалтасына салмақ түсетін-ді. Оның нәтижесі де аса көңіл көншіткен жоқ. Бұл ретте Қазақстанда ашылған ФАО кеңсесі биоөндірісті жоғары деңгейде дамытуға мүмкіндік барына көз жеткізіп отыр.
– «Жасыл» экономика үшін» коалициясы ауылдағы нәзік жандарға кәсіп ашуға қолғабыс етеді. Бұл жоба қаншалықты нәтижелі жүзеге асуда?
«Жасыл экономика үшін» коалициясының қолға алған жобалары аз емес. Біз ауылдық жерлердегі нәзік жандарға ауылшаруашылық кәсіпті ашуға қолғабыс етеміз. Ұсынылған жобалар іріктеліп, үздік идеялардың авторларына шағын гранттар беріледі. Оған ірі кәсіпкерлерді тартып, олар бөлген қаржыны шаруаны дөңгелетуге қолдау ретінде үлестіреміз. Оның көлемі 3000-нан 10000 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Бүгін шағын гранттарды иеленген нәзік жандардың қатары 100-ге жетеді. Олардың арасында биогумусты өндіру үшін құрттарды өсіретін, табиғи тыңайтқыштармен гүлдерді баптайтын ауыл тұрғындары бар. Кейбір нәзік жандар өндірісті оңтайландыратын жаңа технологияларды ендіруді ұсынады. Мәселен, Ақтауда нәзік жан құрттарды өсірумен айналысады. Онда жер құнарлы емес екені белгілі. Сондықтан жоба арқасында берекелі өнімді алуға мүмкіндік бар.
Нәзік жандар арасында жасыл технологияларды меңгеріп, жылыжай салуға ниет білдіргендердің қатары қалың. Олар жаңа кәсіби дағдыларды меңгеріп, білім көкжиектерін кеңейтеді. Неліктен жоба аясында тек әйелдерге қолғабыс етіледі деген сауал жиі қойылады. Себебі барлық жобалардың ағартушылық, дәріптеушілік әсері бар. Идеяға жан-тәнімен кіріскен нәзік жандар оны өзінің елді мекенінде де дәріптейді. Олар өз үйінде шағын кәсіпорын ашып, органикалық өнімді нарыққа ұсына алады.
Егер мұндай нәзік жандар көп болса, онда кооперация жандана түсетіні анық. Кооперация логистикалық тұрғыда өнімді қалаға дейін сауатты түрде жеткізуге, саудалауға, жарнамалауға мүмкіндік береді. Оларды еліміздің басқа азаматшалары көріп, кәсіпкерлікке қызығушылықтары оянады. Себебі бүгінде ауылдарда көптеген отбасылар органикалық технологиялар бойынша жұмыс жасауға көшті.
Сонымен қатар желдің, күннің қуатын пайдалануға бағытталған жобаларды ұсынатын ғылым саласының қызметкерлеріне, жаңашыл жандарға гранттар беріледі.
– Тұшымды жауаптарыңызға рахмет. Бастамаларыңызға сәттілік тілеймін.
Венера Мұстафина
Также читайте:
Принципы органического земледелия, или Как стать органическим фермером?
Органикалық тыңайтқышқа сұраныс еселенді