Семейде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бөлімшесі ашылды
Семейде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бөлімшесі ашылды. Енді өңірдегі ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер шаһардан ұзамай-ақ несие алуларына болады.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы ретінде өз жұмысын 2001 жылы бастаған. Содан бері ауылшарушылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында несиелендіру жүйесін сәтті жүзеге асырып келеді.
Жалпы, қазіргі күні ШҚО бойынша 17 несие серіктестігі жұмыс істейді. Оның ішінде Семей қаласына қарасты 5 несие серіктестігі бар: Семей, АбайАгро, Бесқарағай-несие, Родник және Жарма несие.
ШҚО «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы басшысы Кирилл Жүнісов:
— Аграрлық несие корпорациясы несие серіктестіктерімен бірлесе жұмыс істейді. Яғни аграрлық несие корпорациясы несие серіктестіктерін қаржыландырса, несие серіктестіктері өз қатысушыларын қаржыландырады. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысушы жалғыз корпорация екенімізді де айтып кеткен жөн. Осы бағдарлама аясында несие серіктестіктері арқылы шаруа қожалықтарына 18 млн теңгеге дейін шағын несие береміз. Бүгінде облыстағы әр аудан орталығында несие серіктестіктері жұмыс істейді. Шалғай аудандағы шаруа қожалықтарына солар несие береді, — дейді.
Бүгінгі күні несие серіктестіктері ауыл тұрғындарына қаржылай қолдау көрсететін жалғыз қаржылық институт болып отыр. Жыл басынан бері ШҚО бойынша 4 865 млн. теңгеге 350 несие беріліпті.
Корпорация «Агротехника», «Агробизнес», «Агрокоммерция», «Іскер», «Агроэкспорт», «Кең дала» бағдарламалары бойынша және ҚР Ұлттық Қоры арқылы инвестициялық жобаларды қаржыландырады.
Айта кетейік, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Семей қаласы бойынша филиалы басшысы қызметіне Мирас Қалиев тағайындалды.
Дерек көзі: semeyainasy.kz