Сүт зауыттарын 100% жүктеу қажет
Бүгінде еліміздегі сүт өңдейтін кәсіпорындар бар-жоғы 60 пайызға ғана жүктелген. Түйіткілдің түйінін тарқату үшін сүт қабылдау бекеттерінің қатарын көбейту қажет. Оның арқасында ақты өңдеуге бет бұрған зауыттар шикізаттың тапшылығынан арылады. Ал жеке қосалқы шаруашылықтар қосымша кіріске кенеледі. Тек әуелі екі тарап арасында байланыс көпірін орнату қажет. Теріскейлік диқандармен тілдескен еліміздің бас аграрийінің пікірі осыған саяды.
Сұранысқа сай өндіріс кеңейеді
Асқар Мәдиев әуелі танап басында тер төгіп, ризығын жерден тапқан. Табыс кілтін меңгерген солтүстікқазақстандық диқан тәуекелге бел буып, кәсіптің құлашын кеңейтуге бекінді. Таңдау мал шаруашылығына түскен. Етті және сүтті өңдеу діттелді. Ол үшін 5 жыл бұрын Германиядан симментал тұқымды 400 бас ірі қара сатып алынған. Бүгінде Қызылжар ауданының тұрғыны шаруасын дөңгелетіп алған. «Петерфельд-агро» серіктестігінің еншісінде 3200 асыл тұқымды ірі қара бар. Оның тең жартысын етті бағыттағы қазақтың ақбас сиырлары құрайды. Бұйырған өнімді өткізу де әуре-сарсаңға салмайды. Серіктестік басшысы ет пен ақты сатуды оң жолға қойған.
– Жылда 200-250 тоннаға жуық ет сауда нарығына жол тартады. Жергілікті шаруа қожалықтары бізден шамамен 500 бас ірі қараны асыл тұқымды малды көбейту үшін сатып алады. Ал сүтке тоқталсақ, біз тәулігіне 9-10 тонна ақ аламыз. Оның көлемін көбейту межеленіп отыр. Себебі сүтті облыс орталығындағы қайта өңдеу кәсіпорындарына бір литрін 110 теңгеден саудалап, 37 теңгеден мемлекеттен демеуқаржы беріледі, – дейді «Петерфельд-Агро» ЖШС директоры Асқар Мәдиев.
Сапалы сүт өнімдеріне сұраныс еселенгенін «Зенченко және К» КС өкілдері де мойындайды. Әзірге серіктестіктегі голштин тұқымды сиырлардан тәулігіне 20 тоннаға дейін ақ алынады. Енді оның көлемін 35 тоннаға жеткізу көзделіп отыр. «Біздің зауытта өндірілген сүт өнімдерінің дені Астанаға жөнелтіледі әрі облысымыздың аумағында саудаланады. Екі аптадан бері көршілес Қорған облысына ақты жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде», – деп өзінің жоспарлары жайлы серіктестіктің басы-қасындағы Геннадий Зенченко сыр шертті.
Судың құны қалтаны қағады
Аяққа тұсау салатын мәселе де жоқ емес. Судың бағасы теріскейлік шаруалардың шымбайына батады. Оның тарифі бірнеше есе қымбаттаған. Өткен жылдың ортасынан бері тіршілік нәрінің бір текше метрі үшін 55 теңгенің орнына 682 теңге төлейді. «Бізде жаңа құрылғы. Таза су қажет. Бірінші кезекте мұндай бағаның негізділігін анықтау қажет. Тариф еуропалық бағалардан да асып түседі», – деп күйінді «Зенченко және К» КС өкілі. Әріптесінің бас нысанасын «Якорь СК» ЖШС директоры Владимир
Очеретенко да растайды. Судың құны оның да қалтасына салмақ салған.
– Мал шаруашылығымен және құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар үшін судың тарифтері 15 есе шарықтады. Оның салдары мәз емес. Себебі өнімнің бағасы да қымбаттады, – дейді ол.
Шаруалар бұған дейін судың құнын арзандатылған тарифке сәйкес өтеген. Бірақ Ұлттық экономика министрлігі оны алып тастап, шаруаларды жеке кәсіпкерлікке теңестірген көрінеді. «Бүгінде Су ресурстары комитеті аталмыш түйіткілді жете бақылауға алды. Екі мәселе бар. Біріншіден, демеуқаржыландырудың бұл бағдарламасын Су ресурстары комитетінің құзырына тапсыру және оны ауылшаруашылық тауар өндірушілердің ережесіне енгізу. Жаңа жылға дейін мәселе шешіледі», – деп түсіндірді ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов.
Сүт қабылдау бекеттері қажет
Теріскейде ата кәсіп қанат жайып, оған ден қойғандардың қатары қалыңдады. Оның бір айғағы – Солтүстік Қазақстанда сүт шаруашылықтарының саны 120-дан асып жығылған. Жылда қайта өңдеуге жол тартатын ақтың көлемі 500 мың тоннаға жуықтайды. Бірақ мұның өзі зауыттардың сұранысын толық өтемейтін сыңайлы. Олардың кейбірі үшін толық қуаттылыққа көшу әлі де арман. Бар гәп шикізаттың тапшылығына тіреледі. Оған жергілікті атқамінерлер бей-жай қарамақ емес.
– «Зенченко және К» КС шикізатты сырттан дорбаламай, өздері толық қамтамасыз етеді. Ал «Сүтөнімі» АҚ, «Маслодел», «Сүт Одағы»ЖШС, «Маслодел» ЖШС қайта өңдеуге қажетті сүтті сатып алады. Олар 70-80 пайызға жүктелген. Бүгінде өңірде 2 зауыт құрғақ сүт шығаруды жолға қоймақ. Қазір ақтың көлемі артылады. Егер жеке аулалардан сүтті жинауға қосымша мүмкіндік берсек, онда бұл халықты ынталандырып, кіріске кенелтетіні хақ, – деп мәселенің бүге-шігесін СҚО тізгінін ұстаған Ерік Сұлтанов жайып салды.
Шикізаттың тапшылығы – еліміздегі сүтті қайта өңдейтін зауыттар үшін әбден жауыр болған мәселе. Кесірінен олар толық қуаттылыққа көше алмай әбігерленеді. Бар гәп қосалқы шаруашылықтар мен зауыттар арасында байланыс көпірін ұйымдастыруға тіреледі. Бірінші тарап қосымша 2 миллион тонна шикізатпен қамтамасыз ете алады. Тек ол үшін сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру қажет. Осылайша кәсіпорындар аққа қарық болса, ауылдағы ағайын қосымша кіріске кенеледі.
– Қазіргі таңда елімізде зауыттардың 40 пайызы толық қуаттылыққа көшкен жоқ. Бір жағынан шикізат болғанымен, бірақ тұралаған зауыттар бар. Оларды түйістіру қажет. Біз шағын сүт қабылдау пункттерін ұйымдастыру, шикізатты суытуға арналған танкерлерді орнату, сүт тасымалдайтын көлікті белгілеу және зауыттармен байланыстыру үшін қарапайым жоспар құрамыз. Осылайша кәсіпорындар 100 пайыз жұмыс жасайды. Ет тасымалдауды да дәл осы іспетті жүйемен ұйымдастыруға мүмкіндік бар, – деп мәселенің мән-жайын Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бағамдады.
Бірақ кей шаруалар министрдің пікірін құптамайды. Олар жеке аулалардан жиналған сүттің сапасы ірі фермалармен салыстырғанда төмен екендігін алға тартады.
Сүт өндірісіне шетелдік инвесторларды тарту мықтап қолға алынды. Кеңсесі Германияда орналасқан халықаралық компания Ақмола облысындағы «Агротрейд» ЖШС жобасына қаржы құюға әзір. Оның арқасында 1200 бас ірі қараға арналған 2 ірі сүт фермасы салынып, қуаттылығы тәулігіне 120 мың тонна өнім шығаратын зауыт бой көтермек.
Венера Мұстафина
10.05.2016 ж. жауап