Сүт зауыттарын 100% жүктеу қажет

Бүгінде еліміздегі сүт өңдейтін кәсіпорындар бар-жоғы 60 пайызға ғана жүктелген. Түйіткілдің түйінін тарқату үшін сүт қабылдау бекеттерінің қатарын көбейту қажет. Оның арқасында ақты өңдеуге бет бұрған зауыттар шикізаттың тапшылығынан арылады. Ал жеке қосалқы шаруашылықтар қосымша кіріске кенеледі. Тек әуелі екі тарап арасында байланыс көпірін орнату қажет. Теріскейлік диқандармен тілдескен еліміздің бас агра­рийінің пікірі осыған саяды.

moloko
Иллюстративное фото: из открытых источников

Сұранысқа сай өндіріс кеңейеді

Асқар Мәдиев әуелі танап басында тер төгіп, ризығын жер­ден тапқан. Табыс кілтін мең­герген солтүстікқазақстандық диқан тәуекелге бел буып, кәсіп­тің құлашын кеңейтуге бекін­ді. Таңдау мал шаруашылығына түскен. Етті және сүтті өңдеу діт­телді. Ол үшін 5 жыл бұрын Гер­маниядан симментал тұқымды 400 бас ірі қара сатып алынған. Бүгінде Қызылжар ауданының тұрғыны шаруасын дөңгеле­тіп алған. «Петерфельд-агро» серіктестігінің еншісінде 3200 асыл тұқымды ірі қара бар. Оның тең жартысын етті бағыт­тағы қазақтың ақбас сиырлары құрайды. Бұйырған өнімді өткі­зу де әуре-сарсаңға салмайды. Серіктестік басшысы ет пен ақты сатуды оң жолға қойған.

– Жылда 200-250 тоннаға жуық ет сауда нарығына жол тартады. Жергілікті шаруа қожалықтары бізден шамамен 500 бас ірі қараны асыл тұқымды мал­ды көбейту үшін сатып алады. Ал сүтке тоқталсақ, біз тәулі­гіне 9-10 тонна ақ аламыз. Оның көлемін көбейту межеленіп отыр. Себебі сүтті облыс орталығын­дағы қайта өңдеу кәсіпорын­дарына бір литрін 110 теңгеден саудалап, 37 теңгеден мемлекет­тен демеуқаржы беріледі, – дей­ді «Петерфельд-Агро» ЖШС директоры Асқар Мәдиев.

Сапалы сүт өнімдеріне сұраныс еселенгенін «Зенченко және К» КС өкілдері де мойындайды. Әзірге серіктестіктегі голштин тұқымды сиырлардан тәулігіне 20 тоннаға дейін ақ алынады. Енді оның көлемін 35 тоннаға жеткі­зу көзделіп отыр. «Біздің зауытта өнді­рілген сүт өнімдерінің дені Астанаға жөнелтіле­ді әрі облысымыздың аумағын­да саудаланады. Екі аптадан бері көршілес Қорған облысы­на ақты жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде», – деп өзінің жоспарлары жайлы серік­тестіктің басы-қасындағы Генна­дий Зенченко сыр шертті.

Судың құны қалтаны қағады

Аяққа тұсау салатын мәселе де жоқ емес. Судың бағасы тері­скейлік шаруалардың шымбайы­на батады. Оның тарифі бірнеше есе қымбаттаған. Өткен жылдың ортасынан бері тіршілік нәрінің бір текше метрі үшін 55 теңгенің орнына 682 теңге төлейді. «Бізде жаңа құрылғы. Таза су қажет. Бірінші кезекте мұндай бағаның негізділігін анықтау қажет. Тариф еуропалық бағалардан да асып түседі», – деп күйінді «Зен­ченко және К» КС өкілі. Әріп­тесінің бас нысанасын «Якорь СК» ЖШС директоры Владимир

Очеретенко да растайды. Судың құны оның да қалтасына салмақ салған.

– Мал шаруашылығымен және құс шаруашылығымен айналы­сатын кәсіпорындар үшін судың тарифтері 15 есе шарықтады. Оның салдары мәз емес. Себебі өнімнің бағасы да қымбаттады, – дейді ол.

Шаруалар бұған дейін судың құнын арзандатылған тарифке сәйкес өтеген. Бірақ Ұлттық эко­номика министрлігі оны алып тастап, шаруаларды жеке кәсі­пкерлікке теңестірген көрінеді. «Бүгінде Су ресурстары комитеті аталмыш түйіткілді жете бақыла­уға алды. Екі мәселе бар. Бірінші­ден, демеуқаржыландырудың бұл бағдарламасын Су ресурстары комитетінің құзырына тапсыру және оны ауылшаруашылық тау­ар өндірушілердің ережесіне енгізу. Жаңа жылға дейін мәсе­ле шешіледі», – деп түсіндірді ҚР АШМ Мал шаруашылығы депар­таментінің директоры Еркебұлан Ахметов.

Сүт қабылдау бекеттері қажет

Теріскейде ата кәсіп қанат жайып, оған ден қойғандардың қатары қалыңдады. Оның бір айғағы – Солтүстік Қазақстанда сүт шару­ашылықтарының саны 120-дан асып жығылған. Жыл­да қайта өңдеуге жол тарта­тын ақтың көлемі 500 мың тон­наға жуықтайды. Бірақ мұның өзі зауыттардың сұранысын толық өтемейтін сыңайлы. Олардың кейбірі үшін толық қуаттылыққа көшу әлі де арман. Бар гәп шикі­заттың тапшылығына тіреледі. Оған жергілікті атқамінерлер бей-жай қарамақ емес.

– «Зенченко және К» КС шикі­затты сырттан дорбаламай, өздері толық қамтамасыз етеді. Ал «Сүтөнімі» АҚ, «Маслодел», «Сүт Одағы»ЖШС, «Маслодел» ЖШС қайта өңдеуге қажетті сүтті сатып алады. Олар 70-80 пайызға жүктелген. Бүгінде өңір­де 2 зауыт құрғақ сүт шығаруды жолға қоймақ. Қазір ақтың көле­мі артылады. Егер жеке аулалар­дан сүтті жинауға қосымша мүм­кіндік берсек, онда бұл халықты ынталандырып, кіріске кенелтеті­ні хақ, – деп мәселенің бүге-шіге­сін СҚО тізгінін ұстаған Ерік Сұл­танов жайып салды.

Шикізаттың тапшылығы – еліміздегі сүтті қайта өңдей­тін зауыттар үшін әбден жауыр болған мәселе. Кесірінен олар толық қуаттылыққа көше алмай әбігерленеді. Бар гәп қосалқы шаруашылықтар мен зауыт­тар арасында байланыс көпірін ұйымдастыруға тіреледі. Бірінші тарап қосымша 2 миллион тон­на шикізатпен қамтамасыз ете алады. Тек ол үшін сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру қажет. Осылайша кәсіпорындар аққа қарық болса, ауылдағы ағайын қосымша кіріске кенеледі.

– Қазіргі таңда елімізде зауыт­тардың 40 пайызы толық қуат­тылыққа көшкен жоқ. Бір жағынан шикізат болғанымен, бірақ тұралаған зауыттар бар. Оларды түйістіру қажет. Біз шағын сүт қабылдау пунктте­рін ұйымдастыру, шикізатты суытуға арналған танкерлер­ді орнату, сүт тасымалдайтын көлікті белгілеу және зауыт­тармен байланыстыру үшін қара­пайым жоспар құрамыз. Осылай­ша кәсіпорындар 100 пайыз жұмыс жасайды. Ет тасымалда­уды да дәл осы іспетті жүйемен ұйымдастыруға мүмкіндік бар, – деп мәселенің мән-жайын Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бағамдады.

Бірақ кей шаруалар министр­дің пікірін құптамайды. Олар жеке аулалардан жиналған сүт­тің сапасы ірі фермалармен салыстырғанда төмен екендігін алға тартады.

Сүт өндірісіне шетелдік инвесторларды тарту мықтап қо­лға алынды. Кеңсесі Германияда орналасқан халықаралық компания Ақмола облысындағы «Агротрейд» ЖШС жо­басына қаржы құюға әзір. Оның арқасында 1200 бас ірі қа­раға арналған 2 ірі сүт фермасы салынып, қуаттылығы тәу­лігіне 120 мың тонна өнім шығаратын зауыт бой көтермек.

Венера Мұстафина

10.05.2016 ж. жауап

Также читайте:

Слабые места молочного скота

Разработана схема приобретения молокоприемных и убойных пунктов без первоначального взноса – К. Айтуганов

По какой цене примут молоко, если оформить ФХ? И в какой срок выделят земельный участок на ведение дойного скота?

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы