Мал шаруашылығы нысанаға алынды
Бүгінде минералдық шикізаттың құны сан құбылуы – экономиканың өзге салаларын өркендетуге итермелейді. Өңірлердегі атқамінерлер ата кәсіпті жаңғыртып, мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға дендеп кіріспек. 2014 жылмен салыстырғанда өткен жылы ет өндірісінің құлашы 3,4% кеңейген. Ірі қараны көбейтуге бел буған шаруа қожалықтарының қатары 10 мыңнан асады.
Ресми деректерді тергіштесек, 1990 жылы Қазақстандағы ет өндірісінің көлемі 1560 мың тоннаға жеткен. Бірақ бүгінде бұл көрсеткіш әлі де еңсерілген жоқ. Өткен жылы елімізде 930,3 мың тонна ет өнімдері өндірілсе, оның 16,1 мың тоннасы шекара асқан. Экспортың көшін 7,3 мың тонна көрсеткішпен құс еті бастаған. Ал салқындатылған сиыр етінің 6,5 мың тоннасына өзге мемлекеттер қолқа салған. Енді қазақстандық еттің дәмін татуға қытайлықтар да ниет білдіруде. Оларға отандық өнімнің ветеринарлық қауіпсіздігі дәлелденсе, жылына шамамен 30 мың тонна ет аспан асты еліне жол тартуы кәдік. Тұрақты өткізу нарығы қалыптасса, агроқұрылымдар артылған өнімді саудалауға бас қатырмайды. Мұны өңір тізгінін ұстаған атқамінерлер де мойындайды.
– Облыстың экономикасы әртараптандырылуда. Етті мал шаруашылығы баса көңіл аударуды талап етеді. Атырауға еттің Оралдан немесе басқа өңірлерден әкелінуінде аса түйіткілді мәселе жоқ. Бұл аймақтардың өзара іс-қимылы аясында жүзеге асырылуда. Оларда шикізат қоры, табиғи жағдайлар іспетті объективті себептер мал шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді. Атырау облысында барлық дерлік аудандар ата кәсіпті дамытуға бейім емес. Бірақ «Агробизнес-2020» аясында кәсіпкерлерге мал шаруашылығын дамытуға қолғабыс ету көзделіп отыр. Біздің мақсат – олар үшін жағдай жасау. Мен нақты уақытта белгілі көлемде ет шығарамыз деп айта алмаймын, бірақ бұл бағытта жұмысты жүргіземіз, – деп мәселенің мән-жайын Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тергіштеді.
Оның айтуынша, әр ауданның, елдімекеннің табиғи ерекшеліктеріне байланысты басымдық жасалады. Бірінде ата кәсіпті жаңғырту нысанаға алынса, екіншісінде балық шаруашылығын қамшылауға ден қойылмақ.
Атырау облысындағы ет өңдейтін кешендер үшін шикізаттың тапшылығы қолбайлау болып отыр. Әзірге оның орны өзге өңірлерден дорбаланатын етпен толтырылуда. Бұл түйіткіл шығысқазақстандықтар үшін де таңсық емес. Облысқа еліміздің нарығына ұсынылатын еттің 12 пайызы тиесілі. Десек те оның 39% ғана қайта өңдеу кешендеріне жол тартады. Ет комбинаттары толық қуаттылыққа көшу үшін ірі қараның санын көбейту, заманауи бордақылау алаңдарын салу, түлікті асылдандыру жұмыстары қолға алынған. Сең қозғалып, инвестициялық жобалар да өмірге жолдама алуда. Бұл ретте шығысқазақстандық атқарушы билік қазына қаржысын желге шашпай, үнемдеуге мықтап кіріскен.
– 2015 жылдан бері өңір Даму банкімен байланыс көпірін орнатып, 22 млрд теңгеге келісім жасалды. Алдағы уақытта қосымша 38 млрд теңгеге келісім жасау көзделген. Ал жалпы қаржыландырылатын жобалардың құны 100 млрд теңгеден асып жығылады. Бұл бюджетке лайықты балама. Мен 2014 жылғы даму бюджетімен салыстырған кезде сол кезді молшылық жылы деп атаймын. Онда аздаған негіздемемен кез келген жобаға қаржы бөлінді. Бірақ алтын жаңбырдың кезі өтті. Бүгінде басқаша ойлау қажет», – деп шегеледі ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Биылғы меже – 3 мың ірі қараға арналған бордақылау алаңы және ет өңдеу кешенін Көкпекті ауданында іске қосу. Оның өндірістік қуаттылығы жылына 6 мың тоннаны құрайды деп күтілуде. 2017 жылы Аягөз ауданында жылына 17 мың тонна етті өңдейтін заманауи кластер бой көтермек. Қағаздағы жоспарға сай өңделген өнімнің 80 пайызы сыртқы нарыққа жол тартады. Бүгінде жобаға кіріскен «Евразия Агро Холдинг» ЖШС несие шарты құпталып, қажетті жер учаскесі үлестірілген. Серіктестік 1 мың ірі қара мен 50 мың қойға арналған бордақылау алаңын салуды діттеп отыр. Қағаздағы іс жүзінде өмірге жолдама алса, экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашылады. Себебі 2015 жылы еліміздің 9 облысы аусылдан таза аумақ мәртебесін иеленді. Өзге өңірлердің өтініштерін Халықаралық эпизотикалық бюро әзірге пысықтау үстінде.
Ал аймақтағы сүт өңдейтін кәсіпорындар үшін толық қуаттылыққа көшу сағымға айналған сыңайлы. Әзірге олар шамамен бар-жоғы 35 пайызға жуық жүктелген. Жергілікті атқамінерлер оның түйінін тауарлы сүт фермалар тарқататынына дәмеленіп отыр. Жоспар бойынша өңірде олардың 37-сі құрылады. 2015 жылы 13 тауарлы сүт фермасы іске қосылса, биыл оның 24-і қолданысқа тапсырылмақ. Салаға ашылатын 12 сүт қабылдау пунктері соны серпін береді. Бұл өңдейтін кәсіпорындарды тұрақты түрде ақпен қамтамасыз ететініне сенім бар.
Еліміздің бір тұрғыны жылына 60 келіден астам етті тұтынады. Таразы басында сиыр етінің үлесі басым, жан басына шаққанда 25 келіден келеді. 17,6 келі көрсеткішпен құс еті екінші орынға жайғасқан. Тұтыну бойынша үштікті қой еті түйіндейді (8 келі), ал жылқы етіне 6,2 келі тиесілі.
Венера Мұстафина
10.05.2016 ж. жауап
Также читайте:
Говядина в Казахстане рискует стать деликатесом из-за перекупщиков и отсутствия господдержки
В Казахстане создано более 3 тыс. семейных откормочных площадок