ОҚО-да бағбан бір түптен 80 келі банан алмақ

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының бағбандары тропикалық жемістер өсіруді мықтап қолға алды. Бұған дейін лимон өсіріп, көпшілікті таңғалдырған оңтүстікқазақстандықтар енді банан өсіріп, пайдаға батуды көздеп отыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

 «Сарыағаш жер сыйы» деп аталатын тұқымбақтың аумағы 96,5 гектар алып жатыр. Мұнда жылына бір миллионға жуық көшет сатылады. Тұқымбақтың иесі Танабай Шынтасов тек қана көшет сатуды ғана емес, түрлі жемістерді өсіруді де қолға алған. Бүгінде тұқымбақтағы жылыжайда киви, лимон, банан секілді тропикалық жемістер бар. Шынтасов мырза осыдан төрт жыл бұрын Алматыдағы орман бағынан кивидің бірнеше көшетін әкеліп отырғызыпты. Алғашында тек тәжірибе ретінде қызық көрген бағбан оны жылыжайға отырғызған. Қазіргі таңда кивидің жерсіну процесі жүріп жатыр. Банан да дәл солай.

banany

Тұқымбақтың жас агрономы Асылхан Мырзақұловтың айтуынша, мұнда алғаш рет банан көшеті шетелден алты жыл бұрын әкелінген. Бұл жемістің қыр-сырын оқып үйренген мамандар оны жылыжай ішіндегі жерге қазып еккен. Себебі банан ағашы өте биік. Банан көшеті уақыт өте алғашқы өнімін бере бастапты. Тек дәмі кәдімгі нарықтағы бананнан өзгешелеу. Өйткені әлі жерсінбеген. Қазіргі таңда мамандар тропикалық ағаш Оңтүстік Қазақстан облысының климатына бейімделу үстінде дейді. Алдағы екі-үш жылда толықтай өнім аламыз деп отыр.

«Негізі бананның бір түбінен 80 келіге дейін өнім алуға болады. Біздің алғашқы өніміміз 12 келіге жетті. Қазіргі таңда егілген көшетті өзіміздің климатқа жерсіндіру мақсатында санын көбейтіп жатырмыз. Қарапайым мысал, шетелден асыл тұқымды малдарды алып келгенде алдымен климатқа үйретіп алып, кейін көбейтеді ғой. Банан да сол секілді», – деді тұқымбақ агрономы Асылхан Мырзақұлов.

Тағы айта кетерлігі, банан ағашы 7-8 метр биіктікке дейін өседі. Сондықтан да мамандар қазіргі көшеттерді үнемі қысқартып отырады. Оның себебі де жоқ емес. Тұқымбақтағы жылыжай банан өсіруге лайықталмаған. Алдағы уақытта көшет санын көбейткен соң шаруа қожалығы биік жылыжай тұрғызып, тұрақты өнім алуды жоспарлап отыр екен.

«Дәл қазір жылыжайда 70-80 түп банан ағашы бар. Ол көбейген соң барып, арнайы жылыжай салмақпыз. Ал әзірге өсіп тұрған көшетке жылыжай салу жағы бізге тиімсіздеу», – деген агроном бұл жоспар жүзеге асқан соң 7-8 айда толықтай өнім алуға болатынын айтты.

Ерекше айта кетерлігі, банан біздің өңірде тек жылыжайда ғана жерсіне алады екен.

Жансая Тәуекелқызы

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы