Күзгі орақ науқаны: ахуал қандай? (талдау үшін)

Шілде айында кейбір азықүлік өнімдері бағасы қымбаттағаны байқалған. Оның тең жартысын пияз, картоп, күріш, бірінші сұрыпты ұн тәрізді әлеуметтік маңызы бар 19 тауар құрады. Ұлттық экономика министрі инфляцияның шарықтауына жол бермеу үшін 10 өнімнің құнын қатаң қадағалауға алмақ. Ал еліміздің бас аграрийі бұл бағытта өнім өндірісін ұлғайтуды межелеп отыр.

Иллюстративное фото: из открытых источников
Фото: Интернет беттерінен алынды

Маусымдық кезеңде көкөністің бағасы неліктен қымбаттады? Еліміз қаншалықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамта­масыз етілген? Бұл сауалдарды тергіште­ген атқамінерлердің уәжін бағамдап көре­лік. Бар гәп делдалдардың қитұрқы әре­кеттеріне тіреледі. Делдалдардың өнім бағасына қосатын ақысы тым жоғары көрі­неді. Оған Ұлттық экономика министрлігі шүбә келтірмейді. Сауда және интегра­ция министрлігі мәселенің бірнеше себе­бі барын алға тартып отыр. Дұрыс реттел­меген өндіріс, тиімсіз делдалдардың көпті­гі, сақтау талаптарының сақталмауы, өнім­ді тұтынушыға дейін жеткізудің кепілді жолдарының болмауы – оның бір парасы. Азық-түлік өнімдері бағасының қымбатта­уына жол бермеу мәселесінде Ауыл шару­ашылығы министрлігі өндірістің және егістік алқаптарының көлемін ұлғайтуға жауапты. Ведомствоның тізгінін ұстаған Сапархан Омаровтың пікірі осыған саяды. Оның айтуынша, биыл бағасы қымбат­таған өнімдер өндірісін 2-2,5 есе ұлғайту көзделіп отыр.

– Мәселен, пияздың алқабы 32,8 мың га құрады. Бұл өз кезегінде 2018 жылмен салыстырғанда 4,1 мың га артық. Биылғы күзгі жиын-терім бойынша 900 мың тон­на пияз жинаймыз деп күтілуде. Бұл – ішкі сұранысты өтеуге және экспортқа жеткі­лікті. Сәбіз егілген аумақ өткен жылмен пара-пар және 20,6 мың гектарды құрады. Биыл 567 мың тонна сәбіз жиналады деп жоспарланып отыр. Бұл ішкі сұраныстан шамамен 2 есеге артық, – деп тергіштеді еліміздің бас аграрийі.

Биыл картоп 191,3 мың гектар алқапқа отырғызылған. Оның арқасында 3,7 млн тонна картоп жиналады деп межеленіп отыр. Атқамінерлер бұл да ішкі сұранысты толық өтейтінін алға тартады. Сыр өңірі­нің маржанына айналған күріштің да шығымдылығы көңілге медеу. Алдын-ала болжамға сүйенсек, еліміз биыл 482 мың тонна күрішке қарық болмақ. Оның есе­бінен ішкі нарықтағы қажеттілік қамта­масыз етілмек. Ал құс еті бойынша ахуал кереғар. Ішкі қажеттіліктің тек 50 пайызы ғана отандық құс еті есебінен өтеледі. Өзі­міздікі қат болғандықтан, әлі де импортқа тәуелділік бар.

– Сиыр еті бойынша ішкі сұранысты 97,7 пайызға өтейміз. Сиыр еті және құс еті өндірісі бойынша салалық бағдарламалар қолға алынған. 2021 жылға қарай сиыр еті­нің өндірісін 500 мың тоннаға дейін жет­кізу жоспарланған. Оның арқасында ішкі нарық 100 пайыз отандық сиыр етімен қамтамасыз етіледі. 2021 жылға қарай отандық құс етінің өндірісі 300 мың тон­наға дейін жеткізілуі қажет, – деп түйді министр.

Ауа райына тәуелдіміз

Бүгінде құрал-саймандарын сайлаған диқандар қауымы орақ науқанына білек сыбана кірісті. Еліміздің барлық өңірле­рінде күзгі жиын-терім жұмыстары қызу қарқын алған. Бірі берекелі өнімге қарық болса, бірі табиғаттың тосын мінезінен келген шығынды есептеуге мәжбүр. Қос астықты өлке – Қостанай және Ақмола облыстары құрғақшылыққа тап болған. Шілденің шіліңгір ыстығы егістік алқап­тарына кері әсерін тигізген.

– Қостанай және Ақмола облыстарында ауа райы жағдайы егістіктердің жай-күйі­не теріс әсерін тигізді. Өздеріңізге белгі­лі, республика аумағында қатты ыстық болды. Мысалы, негізгі астық өсіретін өңі­рлердің бірі – Қостанай облысындағы жағ­дай алаңдатарлық. Құрғақшылық сал­дарларын зерделеу мақсатында арнайы жұмыс топтары құрылып, олар облыстың барлық аудандарын зерттеп қарады. Фак­тілер расталды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облысы әкімдігімен бірлесіп ауыл шару­ашылығы тауарын өндірушілерді қол­дау шараларын қабылдайтын болады, – деп мәселенің мән-жайын Ауыл шару­ашылығы министрі Сапархан Омаров бағамдады.

Биыл ауыл шаруашылығы дақыл­дарының егіс алқабы 22,2 миллион га құраған. Оның 15,4 миллион га дәнді дақылдардың еншісінде. Майлы дақыл­дар 2,9 миллион га, жем-азық дақылдары 3,3 миллион га, мақта 131,1 мың га, қант қызылшасы 19,6 мың га, картоп 191,3 мың га, көкөніс-бақша дақылдары 261,1 мың га алқапта жайқалған. Бұл ретте өнімділікті арттыру үшін егістіктерді тыңайту, арам­шөпке қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.

– Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойын­ша биылғы 16 тамыздағы жағдай бойын­ша дәнді дақылдардың 58,3%-ы (8 694,6 мың гектар) жақсы, 33,4%-ы (4 978,7 мың гектар) орташа, қалған 8%-ы (1 191 мың. гектар) қанағаттанарлықсыз жағдай­да. 2018 жылғы осыған ұқсас мерзімде 69%-ы жақсы, 28,6%-ы орташа, 2,1%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда болған, – деп атап өтті министр.

Түркістан облысында дәнді дақылдар­дың барлық алқабына комбайнның тісі тиген. Орта есеппен гектар берекелігі 20 центнерден айналған. Бүгінде 462 мың тонна астық бастырылған.

Экспорттың көлемі қандай?

2019/2020 маркетингтік жылда астық пен ұнның экспорттық әлеуеті шама­мен 7 миллион тоннаны құрамақ. Демеу­лік жасаған құзырлы министрлік биылғы орақ науқанында жиналған сары алтын­ды сыртқы нарыққа шығару жұмыстарын пысықтауға кіріскен. Қазақстандық сары алтын дәстүрлі нарықтарға жол тартады деп күтілуде. Оның ішінде Орта Азия елде­рі, Қытай және ЕО мемлекеттері бар.

– Әдетте, астық тасымалдайтын вагон­дар тапшылығын байқайтынбыз. Биыл басқа мемлекеттік органдармен бірле­сіп, логистика мәселелерін алдын ала шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде­міз. ҚТЖ-мен бірге шұғыл мәселерді шешу жөніндегі Штаб құрылды. Оған барлық мүдделі тараптар қатысады, – деп тоқтал­ды Сапархан Кесікбайұлы.

Сонымен бірге «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 1 миллион тоннаға дейін астық сатып алады деп жоспарланып отыр. Оның бағасына келсек, 3 сыныпты бидай сапасына байланысты тоннасына 62-ден 70 мың теңгеге дейін бағаланбақ.

Дәнді сақтаумен мәселе туындамайды

Оған құзырлы ведомство өкілдері сенім­ді. Еліміз бойынша жалпы астық сақтайтын сыйымдылық көлемі 27 миллион тоннаны құрайды. Оның 12,4 миллион тоннасы астық қабылдау кәсіпорындарына тиесілі болса, ал14,6 миллион тоннасы ауыл шару­ашылығы тауарын өндірушілердің енші­сінде.Қолда бар астық сақтайтын орындар мен сыйымдылықтар дәнді дақылдың бол­жанған көлемін сақтауға жеткілікті,- дей­ді құзырлы министрлік өкілдері. Десек те, олар әкімдіктер элеваторлардың

2019 жылғы астықты қабылдау дайын­дығына тұрақты мониторинг жүргізулері тиіс екендігін алға тартады.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 16.09.2019 ж. №16 (210) жарияланды

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы