ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі итбалықтардың өліміне қатысты тексеруді бастады
Түпқараған ауданына қарасты Форт-Шевченко қалалық жағажайынан, су жағасына шығып қалған 245-ке жуық итбалықтардың өлекселері табылды.
Осыған байланысты ҚР АШМ ОШЖДК Маңғыстау облыстық орман шарушылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің, Түпқараған ауданының ветеринария қызметінің және Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерінен құралған оперативті топ оқиғаның орын алу себебін анықтауда. Теңіз жануарлары өлген жердің суы мен топырағынан сынамалар алынып, арнайы зертханада тексеріп жатыр.
Сонымен қатар, Каспий итбалығының сандық динамикасын зерттеп, оның популяциясына қатер төндіретін факторларды кешенді бағалау үшін «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің және Гидробиология және Экология институтының мамандарымен бірлесіп, Инспекция қызметкерлері Дурнев аралына экспедиция ұйымдастыруда. А.ж.16 сәуірі мен 18 мамыры аралығына жоспарланып отырған бұл экспедицияның нәтижесінде, теңіз жануарлары өлімінің нақты себептері жан-жақты зерттеліп және олардың өлім қаупін төмендету бойынша ұсыныстар мен жобалар әзірленеді.
ҚР АШМ Баспасөз қызметі
Дерек көзі: ҚР АШМ Баспасөз қызметі