•  

    Рубрика: Агрономия | Бизнес |  Просмотры - 1 449

    Көктемгі егіс науқанына сақадай-саймыз ба? (талдау үшін)

    Өнімділік – тұқымның сапасына тікелей тәуелді. Бірақ қазақстандық ауыл шаруашылық тау­ар өндірушілер қаншалықты оған мүдделі? Ықылас бар, тек бар гәп қаржыға тірелетін көрінеді. Қалтасындағы ақша қат болғандықтан, диқан қолдағы дәнді кәдеге жарататыны мәлім. Мұны қаперге алған құзырлы ведомство өкілдері тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тетігін қолданысқа енгізді.

    Тұқым шаруашылығын демеу

    Өнімділігі төмен жаппай репродукцияның көлемін төмендету сұрыпты жаңартуды талап етеді. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар тым сылбыр болғандықтан, 2017 жылы тұқым шаруашылығын қолдау шаралары қолға алынды. Элиталық және бірегей тұқымды демеуқар­жыландыруды қайта қалпына келтіру – оның бір парасы. Осылайша егістік алқаптарында қолданылатын элиталық тұқымның көлемін 12% жеткізу көзделген. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш бар-жоғы 3 пайыздан ғана асып жығылған.

    Иллюстративное фото

    Иллюстративное фото

    Биыл атқамінерлер шаруаларды жоғары сапалы тұқым­ды кеңінен кәдеге жаратуға ынталандыруды ұйғарған. Көктемде диқандар элиталық және бірінші репродукци­ялы тұқымды тегін алады. Оның бағасының тек бір бөлі­гі ғана төленеді.

    - Шаруалардың жоғары сапалы тұқымды сатып алуға ниеті бар. Бірақ айналымдағы қаржысы қат. Олар қолдағы жалпы репродукцияны сеуіп, оның сапасы мен өнімділік төмендейді. Сондықтан бұл бағытты субсидиялау шеші­мін қабылдадық. Көктем шаруалар элиталық және бірінші репродукциялық тұқымалады. Оның ақысын өтеу 6 айға дейін шегеріледі. Бұл жерде тұқымның құнын облыс әкім­діктері өтейді. Ал күзде диқандар алған тұқым құнының 30 пайызын тұқым шаруашылығын дамыту қорына тапсырады. Бүгінде бұл қор «ҚазАгроКепіл» АҚ негізін­де құрылады деп жоспарланған. Онда жиналған қаржы тұқым шаруашылығына техниканы жаңартуға, сұрыпты жаңартуға жұмсалады. Біздің ойымызша, тұқым шару­ашылығын субсидиялаудың жаңа тетігі – шаруалар үшін тиімді. Оны тауар өндірушілермен жете талқыладық, – деп мәселенің мәнісін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаменті директорының орынбасары Ақпар Мәуленов жете түсіндірді.

    Тұқым бойынша қажеттілік толық қамтамасыз етілген. Көктемгі егіс науқанына оның 2,6 млн тоннасы дайындал­ды.

    Тыңайтуға талпыныс

    Егістік алқаптарында минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейі көңіл көншітпейді. Көрсеткіш төмен: тек қажеттіліктің 14% ғана жетіп отыр. Субсидиялау теті­гі де өткен жылы өзгертілді. Егер бұған дейін шаруалар отандық тыңайтқыш сатып алынса, оның бағасының 50 пайызы, ал шетелдік аттасы үшін 30 пайыз көлемінде суб­сидия қарастырылды. Енді ешбір пайыздық меже қол­данылмайды.

    - Отандық тыңайтқыш бағасының жартысы бойын­ша мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл ретте оның шығарылған жеріне мән берілмейді. Тыңайтқыштарды субсидиялау тетігі өзгерген соң, оны сатып алу көлемі де ұлғайды. Өткен жылы көрсеткіш 368 мың тоннаны құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 41% немесе 107,5 мың тоннаға жоғары. Нәтижесінде топыраққа тыңайтқыш енгі­зу үлесі қажеттіліктің 14% құрады. Бұған дейін бұл көрсет­кіш 10 пайыздан аспайтын, – деп субсидиялаудың тетігіне құзырлы ведомство өкілі кеңінен тоқталды.

    «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында тыңайтқыштар­ды субсидиялау барысы автоматтандырылған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер 1-ші ақпаннан бастап өз өтінімдерін электронды түрде жолдай алады. Оларды қарастыру жұмыстары да жетілдіріліп, қызмет көрсету 5 күннен 3 күнге дейін қысқартылды.

    Биылғы деректерді тергіштесек, шаруа қожалық- тарынан 400 мың тоннадан астам тыңайтқышқа өтінім тапсырылған. Биыл бұл бағытта ел қазынасынан 17 мил­лиард теңге бөлу жоспарланып отыр.

    - Жаңа тетіктерді қолданысқа енгізудің алдында облыстарды аралап, тұрғындардың пікірін білдік. Өзге­рістердің барлығы шаруалармен жан-жақты талқылан­ды. Субсидия бағыттары қысқартылғанымен, ақша көле­мі азайтылмайды. Оны басқа бағыттарға жұмсаймыз. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігі қайтарылып, инвестициялық субсидиялауға өзгеріс енгізілуде. Әрбір бағыт бойынша паспорт болады. Бұрын оның саны 63-ке жетсе, енді 35-ке дейін қысқартылды. Инвестициялық субсидия бірінші кезекті мал шаруашылығына, қайта өңдеуге, тұқым шаруашылығына, техниканы жаңартуға беріледі, – деп атап өтті Ақпар Мәуленов.

    Гектарлық субсидияның тиімсіз екендігі анықталды. Бұл – зерттеу жұмыстарының тоқтамы. Сондықтан қант қызылшасы, күріш және мақта бойынша субсидия әрбір гектарға байланысты есептелмейді, тек қайта өңдеу кәсі­порнына тапсырылған өнімнің тоннасы үшін беріледі.

    Егіс науқанына қамдандық па?

    Алдын ала мәлімет бойынша 2018 жылы еліміздегі егістік алқабының көлемі 21,8 млн га құрайды. Бұл өткен жылдың деңгейіне сәйкес келеді. Дәнді дақылдар 14,7 млн га сіңірілмек. Оның ішінде бидай 11,4 млн гектар­да жайқалады. Өткен жылмен салыстырғанда бидайдың алқабы 544 мың га қысқартылған. Бірақ оның есебінен мал азығы дақылдары көбейтіледі.

    Берекелі өнімге қарық болу үшін дайындық жұмыстарын күшейткен абзал. Шаруалар қажетті құрал-жабдықтар мен техниканы сайлап, танап басындағы қам-қарекетке мықтап кіріспек. Республика бойынша тракторлардың, дәнсепкіштер мен өзге топырақ өңдеу құралдарының дайындығы 90 пайыз шамасында.

    Жалпы жылда көктемгі дала жұмыстары мен орақ науқанына ел қазынасынан қаржы бөлінеді. Биыл бұл бағытта «Қазагро» АҚ-ға 60 млрд теңге бөлінді.

    - Бұл қаржы бюджеттік болғандықтан, тиісті талап қойылады. Біз жалпы 1500 ауылшаруашылық тауар өнді­рушіні және 3 миллион га егістік алқабын қамтуымыз керек. Қаржыландыру 3 бағыт бойынша жүргізіледі: тіке­лей, несие серіктестіктері және екінші деңгейлі банктер арқылы. Қаржыландыру әдетте ақпан айынан бастала­тын-ды. Бұл жолы өткен жылдың желтоқсан айынан өті­німдерді қабылдадық. Ал қаржыландыруға қаңтар айын­да кірістік. Оның жылдық сыйақысы 6%. Біз 10 млрд теңге­ні несие серіктестіктері, 30 млрд теңгені тікелей, 20 млрд банктер арқылы қаржыландыруды жоспарлап отыр­мыз, – деп көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру барысын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқар­ма төрағасы Нармұхан Сарыбаев тергіштеді.

    Өткен жылмен салыстырғанда Аграрлық несие кор­порациясына жүгінушілер арасында майлы және жем-дақылдарын өсірушілердің саны көбейген.

    Көктемгі дала жұмыстарына қажетті техниканы лизин­гке алу бойынша да қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта жыл басынан бері «Аграрлық несие корпорациясына» 700-ден астам өтінім жолданған. Бүгінде оның жартысы бойынша келісім-шарттар жасалды.

    Дизель отынының бағасына не әсер етеді?

    Көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген бағамен 375 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінде оның 120 мың тоннаға жуығы немесе 30 пайызы тиелді. Оның мұнай зауыттарын жеткізу барысы бекітілген кестеге сәйкес келеді. Наурыз айында ауыл шаруашылық тауар өндір­ушілерге бөлінген дизельді отынның бағасы 11 мың тең­геге төмендетіліп, бір тоннасы 156 мың теңгені ұсыныл­ды. Ал нарықтағы орташа баға 167 теңгені құрады. Бірақ сәуірде дизель отынының өзіндік құны елімізде және Ресейде де қымбаттағаны байқалып отыр. Бұл диқандар қауымына бөлінген жеңілдетілген отынның бағасына да әсер етіп отыр.

    - Сәуір айында экономиканың түрлі салаларында дизельді отынды тұтыну көлемі артып, ішкі нарықтағы орташа құны бір тоннасы үшін 179 мың теңгені құрады. Баға шамамен 8 теңгеге жуық қымбаттады. Ал диқан­дар қауымы үшін мұнай зауыттарынан шығатын дизель­ді отынға ұсынылған баға бір тоннасына 161 мың теңге­ні немесе бір литрі үшін шамамен 134 теңгені құрады. Мұнайшылар ауылшаруашылық тауар өндірушілерге дизельді отынның бір тоннасы үшін 12 мың теңге неме­се бір литрі үшін 16 теңге жеңілдік жасады. Бұл баға Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліп, тиісті меморан­дум жасалды, – деп диқандар қауымын жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз ету барысын ҚР Энерге­тика министрлігі Мұнай өнеркәсібін дамыту депар­таментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов жіпке тізді.

    Министрлік өкілдерінің сөзінше, доллар бағамының көтерілуі бензиннен гөрі дизельді отын бағасына әсер етуі ықтимал. «ҚазмұнайГаз Өнімдері» ЖШС бас дирек­торының бірінші орынбасары Төлеміс Шотановтың сөзін­ше, бүгінде Ресейде дизельді отынның бағасы 233 теңгені құраса, көрші Өзбекстанда 208 теңгеге сатылуда. «Бірақ оған қарамастан, біздің ресурс ұстаушылар ауыл шару­ашылық тауар өндірушілер үшін отынды барынша арзан- дату үшін мүмкіндігінше барлығын жасап отыр», – дейді ол.

    Ауыл шаруашылық тауар өндірушілері үшін дизель­ді отынның жеңілдетілген бағасын бекіту бойынша ешбір заңнамалық шара қарастырылмаған. Бұл бағыт­та нарықтағы ойыншыларымен келісім жасалып, ресурс ұстаушылардың өз еркімен белгіленеді.

    Венера Мұстафина

    23.04.2018 ж. мақала

     Опубликовано 07.08.2018

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Добавить комментарий

    Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

    * Скопируйте этот код *

    * Вставьте этот код здесь *

    Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

     
  •   Копирование материалов допускается исключительно с письменного разрешения редакции и при условии ссылки (если это печатные издания), гиперссылки (для интернет-изданий) на agroinfo.kz  
     
    Agronationale Яндекс.Метрика
     
     
      Распространяется на территории Республики Казахстан Размещение рекламы 8 (7142) 39-15-12, 54-39-39  
    ArabicEnglishFrenchGermanItalianKazakhPortugueseRussianSpanishUkrainian