Кәсіпкерлікті бастауға қадам нық па? (талдау үшін)

Бүгінде өз ісін ашуға ниет білдіргендердің қатары қалың. Алтын бесік ауылдардың тұрғындары күнкөріс қамында жеке кәсіптерін дөңгелетуге тырысып бағуда. Бірі қолдағы қаржысын кәдеге жаратса, екіншілері мемлекеттік қолдауға иек артады. Шағын несие беру – өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жолындағы жұмыстардың бір парасы. Бүгінде оған қол жеткізгендер қандай кәсіп ашты, қолға алған істерінің бағыты қандай?

Иллюстративное фото: из открытых источников
Фотосурет ашық дереккөздерден алынды

Қызығушылық жоғары

Нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіп- керлікті дамыту бағдар­ламасы аясында «Бастау Бизнес» бағдарламасы 2017 жылы өмірге жолда­ма алған. 3 жыл ішінде 76 мыңнан астам адам кәсі­пкерліктің негіздеріне үңілді. Оның ішінде 20 298 қазақстандық тұрғын өзде­рінің кәсіпкерлік жоба­ларын қорғап, мемлекет­тік қолдаудың шапаға­тын сезінді. Орта есеп­пен бір жобаның құны 3,3 млн теңгені құрайды. Бағ­дарлама аясында өз ісін бастаған тұрғындарға берілген шағын несиенің жалпы көлемі 35 млрд тең­гені құраған. Ал өз кезе­гінде олардың шығарған өнімдерінің құны 50 млрд теңгеден асып жығылған көрінеді. Есеп-қисабын шығарған «Атамекен» ҰКП 1 теңге көлеміндегі мем­лекеттік қолдауға өсім 1,8 теңгені құрағанын алға тартып отыр.

2017 жылы бағдарла­ма бойынша білім алған­дардың 20% қызмет көр­сету саласын таңдаса, 80 пайызы ауыл шару­ашылығына бет бұрған. Оның ішінде ата кәсіпке ден қойғандардың үлесі басым. Етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығына, Шо- пан ата мен Қамбар ата түлігін көбейтуге қызығу­шылықтың бары байқа­лады. 2018 жылы бағдар­лама қатысушыларының 72 пайызы жеке кәсібін агроөнеркәсіптік кешен­мен сабақтастырған.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018 жыл­дан бері «Еңбек» бағ­дарламасының екінші бағыты саналатын бағ­дарламаның операторы болып табылады. Бұл бағыт бойынша 2019 жылы 75 мың адамды оқыту жоспарланған. Кемінде олардың 20 пайызы кәсібін ашады немесе кеңейтеді деген үміт бар. Бұл бағыт­та 5,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 1,5 млрд тең­ге жастар жылы аясында екі қолға бір күрек таба алмаған және оқымайтын кейінгі толқын өкілдерііне бағытталды. Бүгінде 33 мың адам немесе жоспарланған адам санының 44 пайызы оқытылды, – деп мәселе­нің мән-жайын Ауыл шару­ашылығы министрі Сапар­хан Омаров ортаға салды.

2017 жылы жұмыссыз немесе өзін-өзі қамтыған 15 мың адам оқытылды. Олардың 22 пайызы неме­се 3 314 адам тәуекел­ге бел буып, өз ісін ашты. Жеке кәсіппен айналысуға ұмтылғандардың қатары артып келетіні қуантады. 2018 жылы 28 мыңнан астам адам білім көкжие­гін кеңейткен. Өздерінің кәсіпкерлік жобаларын қорғаған олардың 27 пайызы немесе 7692 адам несиеге және грантқа қол жеткізіп, кәсіпкерлікке қадам басқан. Биылғы 9 ай ішінде 32 923 адам бағдар­лама бойынша білімдерін шыңдады. Оның 9 мыңы өз ісін ашып, оның тасын өрге домалатуға талпынып отыр.

Өнімді өткізу тізбегі нысанаға алынған

Бүгінде «Бастау-Бизнес» бағдарламасы 160 аудан­да жүзеге асырылып отыр. Оған өзін-өзі қамтыған аза­маттар, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар, жұмыссыз әрі оқымайтын жастар да тартылған.

Бір ерекшелігі, биыл бағ­дарламаға өзгерістер енгі­зілген. Оның әдістемесін жетілдіру ұйғарылған. Егер бұған дейін білімін шың­даған қатысушылар кәсі­пкерлік жобаларын сәтті қорғаса, сертификат беріл­ген және қаржы алу мүмкін­дігіне жол ашылған. «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкер- лер палатасының басқар­ма төрағасы Абылай Мыр­захметовтің сөзінше, енді оқу курсынан кейін биз­нес-жоспарда ұсынылған өнімге сұраныс скри­нинг арқылы анықталады. Егер ауыл шаруашылық кәсіп болса, онда бағдар­лама қатысушыларының үлкен тауарлы экономи­каға кіруіне жағдай жасау көзделген. Ет немесе сүт фабрикаларымен коо­перация құру мүмкінді­гі бар. Осылайша «Бастау- Бизнес» қатысушыларын өнімді өткізу тізбегіне тар­ту көзделген. Мәселен, Ақ Жайық өңірінде бағдарла­ма бойынша білім алған 26 батысқазақстандық тұрғын бірігіп, «Кублей» ЖШС ет тапсыруды жолға қойған. Ал 26 адам күш-жігерле­рін сүт өндірісіне жұмыл­дырып, ақты қатты ірім­шік шығаратын компани­яның біріне тапсырады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұстанымға қостанайлықтар да берік. Өңірдің 10 тұрғыны бірі­гіп, жергілікті сүт өндіре­тін компанияларға шикізат жеткізеді.

Қолдаудың шапағаты

Бағдарлама қ атысу­шылары кәсіпкерлік жоба­ларын сәтті қорғаса, олар шағын несиеге үміттене алады. Ауылдық жерлерде несиенің орташа сомасы 4 миллион теңгеге жуықта­са, қалада 11 миллион тең­геге жеткен. Биыл шағын несиелендіруді кеңейту мақсатында Ұлттық қор­дан қосымша 20 млрд тең­ге үлестіріліп, оның жалпы көлемі 83 млрд теңге­ні құрады. Оның 60 млрд теңгесі ауылдық жерлерге бағытталса, қалғаны қалаға бұйырады. Оның арқасын­да 19 мың азамат шағын несиеге қол жеткізеді деп күтілуде. Бүгінде 9 мыңнан астам адам шағын несие­ні рәсімдеп, жеке кәсібін кеңейтті немесе өз ісін ашты.

Ауылдарда несиенің 80 пайызы мал шару­ашылығына, 9,6% қызмет көрсету саласына, 6% көлік, 2,7% өсімдік шару­ашылығына рәсімделеді. Ал қала тұрғындарының таңдауы өзгерек: 30% жуығы сауда, 15,3% өнер­кәсіп, 12,4% құрылыс, 8,5% ауыл шаруашылығы сала­ларында өз ісін дөңгеле­туге ниет білдіріп, мемле­кеттік қолдауға ие болған. Шағын несие алушылар­дың 74 пайызын өзін-ө­зі қамтыған жандар, 22% жұмыссыз азаматтар құ- райды. Аз қамтылған отбасылардың үлесі 1,5%, мүмкіндігі шектеулі жан­дардың қатары 2,5% тең. Шағын несие алғандардың 90% ауылдық жерлерде түтін түтетеді. Бір қызығы, өз ісін ашуға ниет білдір­гендер арасында ерлер­дің үлесі басым. Шағын несие рәсімдегендердің 70 пайызға жуығы ер азамат­тар болып табылады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мини­стрі Біржан Нұрымбетов­тің айтуынша, бағдарла­ма аясында өткен жылдан бері мемлекеттік грант­тар беріледі. Олар қай­тарымсыз. Биыл мемле­кеттік қолдаудың бұл түрін 38 мың адам иеленеді деп күтілуде. Оның бір бөлі­гі 100 АЕК, екіншілері 200 АЕК көлемінде мемлекет­тік гранттың шапағатын сезінбек. Ресми деректер­ді тергіштесек, әзірге 7 мыңнан астам адам оған ие болған. Гранттардың 33 пайызы мал және құсты сатып алуға қолданылған.

Енді «Бастау-Бизнес» жобасына қатысушылар­дың санын ұлғайтып, өз ісін ашқандар немесе кеңейт­кендер санын 20-дан 30%- ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Өткізу нарықтары кеңеймек

Тынымсыз еңбекті қажет ететін мал шаруашылығы­на жас бет бұрғандардың қатары қалың. Төрт түлікті бағудан жастар да ат тонын ала қашпайды. 2018 жыл­дың екінші жартысынан етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қар- қын алған. Оның аясын­да шағын және орта шару­ашылықтар нысанаға алын­ды. Мәселен, биылғы 8 ай ішінде «Сыбаға» бойынша 730 шаруашылық 71,5 мың ірі қараны, 282 қожалқы 156 мыңнан астам ұсақ малды сатып алуға қар­жыландырылған.

– Сүтті мал шару­ашылығын дамыту бағдар­ламасы аясында 25 сүт-та­уарлы ферма қолданысқа берілді. Олардың жалпы қуаттылығы 6 мың бас ірі қараны құрайды. Бірақ бұл – жеткіліксіз. Министрлік алдында олардың санын ұлғайту міндеті тұр. Бүгін­де қуаттылығы 1180 бас малға жететін 1 өнеркә­сіптік және 6 отбасылық сү т-тауарлы фермасы ашылды. Биылғы 8 ай ішінде ұйымдастырылған шаруашылықтар 1,1 млн тоннадан астам сүт өндір­ді, – деп ата кәсіптің бүгін­гі тынысына ҚР Ауыл шару­ашылығы бірінші вице-ми­нистрі Айдарбек Сапаров кеңінен тоқталды.

Өнімді өткізу нарық-тарының қолжетімдігін қамтамасыз ету және экс­портты дамыту жолдары да қаперге мықтап алынған. Атқамінерлердің сөзіне сүйенсек, аспан асты еліне қазақстандық өнімнің 17 тобын жеткізуге жол ашық. Оның ішінде балық өнім­дері, мұздатылған қой еті, бал, сұйық май, ұн және т.б. бар. Сонымен бірге жақын­да сүт өнімдерін, теріні және зығырды экспорттау бойынша хаттамаға қол қойылған. Айдарбек Сапа­ровтың сөзіне сүйенсек, қыркүйек айының соңында құрама жемді және шошқа етін Қытай нарығына тасы­малдауға рұқсат беретін хаттама мақұлданады деп күтілуде.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 30.09.2019 ж. №17 (211) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы