Инвестиция салаға серпін береді
«Атамекен» ҰКП жүргізген зерттеуге сәйкес кәсіпкерлерді қаржы көздерінің таршылығы, айналымға қажетті несиенің қолжетімсіздігі әрі жылдық мөлшерлеменің тым жоғары екендігі әбігерге салады. Бұл қолға алған шаруаны дөңгелетуге қолбайлау. Десек те биылғы жылы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне тартылған инвестиция көлемі еселенген. Солтүстік өңірде бірлескен жобаларды қолға алуға қызығушылық танытқан шетелдіктер артқан.
Ел қамбасына құйылатын сары алтынның үштен бір бөлігі Солтүстік өңірдің еншісіне тиесілі. Астықты өлкеде биылғы орақ науқаны бойынша 5,6 миллион тонна дәнді дақыл жиналған. Гектар берекелігі 17,6 центнерден айналады. Берекелі өнім егіс алқаптарынан жиналды. Теріскейлік нанға өзге мемлекеттер де қолқа салуда. Оған Индонезия қызығушылық танытып отыр. 250 миллионнан астам халқы бар мемлекет алыс-берісті күшейтуге ден қоймақ. Басымдық агроөнеркәсіптік кешенге беріледі. Таңдау теріскейге түскен. Индонезия нанымен танылған Солтүстік Қазақстанның дәнді дақылын тұтынуға дәмелі. Сары алтынды жерге сіңіруге табиғи жағдайлар қолайсыз. Сондықтан күншуақты мемлекет импорттық астыққа иек артқан. Бүгінде Индонезия жылда 5 миллион тоннаға жуық дәнді дақылды сырттан тасымалдайды. Сауда-саттықты «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы және Ляньюньган порты арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр.
– Халық саны бойынша еліміз әлемде 4-ші орында. Бұл бағытта ұнға және одан жасалған өнімдерге қ ажет тілік өте жоғары. Бірақ тропикалық жағдайда дәнді дақылды өсіру екіталай. Біз ауылшаруашылық өнімдерді қайта өңдеу бағытында бірлескен кәсіпорындарды ашуға мүдделіміз. Өзара тиімді қарым-қатынас қалыптастру жолында біржақты саудадан гөрі тауармен алмасқан дұрыс. Бұл логистикаға жұмсалатын шығынды айтарлықтай төмендетеді. , – деп атап өтті ҚР Индонезияның Төтенше және Өкілетті елшісі Фостер Гултом.
Швециялықтар да екі жақты тауар айналымын қамшылауға ниет танытып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында байланыс көпірін нығайту көзделген. Шет мемлекет өзара тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларға жан бітіруге асық.
– Швецияның жаңа Үкіметі тауар айналымы арттырылатын 26 мемлекеттің бірі ретінде Қазақстанды белгіледі. Ауыл шаруашылығы саласында өнімді терең өңдеуде бірлескен жұмысқа басымдық беріп отырмыз. Сондықтан әлеуеті жоғары аграрлық өңірге бет бұрдық. Солтүстік Қазақстан «ақылды» технологияларды және құралдарды пайдаланып, тағам өнеркәсібі, экологиялық таза және пайдалы өнімдерді шығару саласында тиімділікті арттыра алады, – деп атап өтті Швецияның ауыл шаруашылығы министрі Свен-Эрик Букт.
2015 жылы қос мемлекет арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 10,1 млн долларға жеткен. Шведттер көбіне қазақстандық дақылдарды тұтынады. Оның ішінде астықтың және соя бұршағының үлесі басым. Теріскейліктер де шет мемлекетпен алыс-берісті күшейтуге мүдделі. Облыс тізгінін ұстаған Ерік Сұлтановтың сөзіне сүйенсек, аймақ швед тарапы инвестицияны ауылшаруашылық машина құрылысына тартатынына қызығушылық білдіреді. «Біз ауыл шаруашылығы инвестиция тарту мүмкіндігін талқыладық. Біріншіден, Швеция – ауылшаруашылық машина құрылысы саласында көшбасшылардың бірі. Екіншіден, ауыл шаруашылығында, қайта өңдеу саласында швециялық тараптың қатысатынына қызығушылық білдіреміз», – деп мәселенің мәнісін түсіндірді облыс әкімі.
Қаржы құюға ынталы инвесторлардың қарасы қалыңдаған. 2015 жылғы көрсеткіш көңілге медеу. Солтүстік Қазақстанға 154,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өңірлер арасында көшбасшы танылды. Биылғы 8 айдың көрсеткіші 93 миллиард теңгені еңсерген. Оның жартысына жуығы агроөнеркәсіптік кешеннің еншісіне тиесілі. Алғашқы нәтижесі биылғы жылдың соңында сезілмек. Майлы дақылдарды өңдейтін зауыттың алғашқы кезегі желтоқсан айында іске қосылмақ. Жылдық қуаттылығы 300 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Құны 58 миллион долларды құраған жоба қытайлық инвесторлармен бірлесе қолға алынған.
– Солтүстік Қазақстанда ірі агроөнеркәсіптік парктің іргетасын қалауды жоспарлап отырмыз. Онда дәнді және майлы дақылдар, ет қайта өңдеуден өткізіледі. Өнімді Қытайға экспорттаймыз. Оны өткізумен мәселе туындамайды, – дейді «Айцзю» компаниясының президенті Цзя Хэи.
– Зауыттың бірінші кезегін салу жұмыстары қолға алынды. Зауыттың нөлдік циклы бойынша құрылыс тәмамдалды. Бүгінде қажетті құрылғылар жеткізілуде. Тәуелсіздік күніне орай бірінші кезекті іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Солтүстік өңір жылда шамамен 1,5 млн тонна астықты, 150 мың тонна ұнды, 200 мың тоннадан астам майлы дақылдарды шетел асырады. Теріскейліктердің өнімін көбіне Ауғанстан, Иран, Бельгия, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Польша мемлекеттері тұтынады.
Венера Мұстафина
24.10.2016 ж. жауап
Также читайте:
Хочу приобрести трактор и пресс-подборщик в кредит. Могу ли я получить инвестиционные субсидии?
Северный Казахстан: Основная часть инвестиций направлена на приобретение сельхозтехники
Инвестициялық тартымдылықты арттыру қажет