Демеуқаржыландыру тетіктері талқыға салынды
Құзырлы ведомство өкілдері мен тауар өндірушілер «Атамекен» ұлттык кәсіпкерлер палатасында бас қосты. Келелі жиынға демеуқаржыландырудың тетіктері арқау болды. Отандық шаруалар өздерін мазалайтын түйткілдерді жайып салды. Олардың кейбірі жұмсалған қаржының бір бөлігі инвестициялық субсидия түрінде мемлекеттен өтелмейтініне қауіптенеді.
Алаңдауға негіз де жоқ емес. Өтінімдері өткен жылы құпталған шаруалар жер сипап қалуы кәдік.
«Инвестициялық демеуқаржы іспетті қаржылық тетікті бағамдадық. Бүгінде әкімдіктер бөлінген қаражатты ескермей, өтінімдерді қабылдайды. Егер 2016 жылдың қорытындысына зер салсақ, бүгінде 83 миллиард теңгеге жуық көлемде міндеттеме қабылданған. Бірақ қазына қаржысы бұл қажеттіліктің тек 30 пайызын, яғни 25 миллиард теңгені өтеуге жеткілікті. Сондықтан әкімдіктер 25 миллиард теңгенің өтінімдері бойынша төлем жасаған. Енді 58 миллиард теңге қалып отыр. Оны біз төлеуіміз тиіс. Өткен жылы қаралған өтінімдерге басымдық беріп, оған тағы 25 миллиард теңгені бағыттасақ, 2016 жылғы міндеттемелер бойынша 33 миллиард теңге көлемінде қарыз қалады. Биылғы өтінімдерді де қаперден шығармау қажет», – деп мәселенің мән-жайын Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева тергіштеді.
Қымбат жобалар бойынша демеуқаржы бір реттік сомамен төленеді. Сондықтан инвестициялық субсидияның игілігін көбіне ірі агроқұрылымдар сезініп, өзгелері қағылады. Енді оны кезеңдерге бөлетін төлем жүйесі ендірілмек. Мәселен, қолдау көлемі 500 миллион теңгеден асса, оны жылдарға бөліп төлеу ұсынылып отыр. Оның арқасында ұсақ және орта ауылшаруашылық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдаудың бұл түрі бұйырады.
Инвестициялық демеуқаржыландыруға теріскейліктер де иек артуда. Қолдаудың игілігін Уәлиханов ауданындағы 25 тауар өндіруші сезінуге ұйғарылған. Техниканы және құрал-жабдықтарды сатып алған шаруалар жұмсалған шығынның 20-дан 80 пайызға дейінгі көлемі өтелетініне үмітті.
– Бүгінде біздің филиал 18 жобаны сүйемелдейді. Олардың 7-уі бойынша жалпы 55,8 миллион теңгеге демеуқаржыландыру өтінімдері құпталды. Қалған 11 жоба бойынша осы айда отырыс өтеді. Ал 7-уіне байланысты құжаттар жиналуда, – деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Батырхан Ахметов.
Венера Мұстафина
20.02.2017 ж. мақала